КЕСЕНЕЛЕР МАҢЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

Түркістан облысындағы киелі жерлердің бірі — Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана көптеген туристердің қызығушылығын тудырады. Оған ол жерге келуші азаматтардың көптігі дәлел болады. Қазіргі таңда Үкаша ата құдығының айналасы мен кесенесінің маңы абаттандырылуда.

 

Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Абаттаныру жұмысы аясында кесене мен құдық маңына орындықтар орнатылды. Аптап ыстық пен жауынды кезде адамдарға ыңғайлы болу үшін ыңғайлы орындықтар (беседка) жасалды. Сонымен қатар автотұраққа электр шамдары орнатылды. Кесенеден бір шақырым қашықта орналасқан құдыққа барар жолдағы электр бағандары жаңартылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі әкімшілігі алдағы уақытта Үкаша ата құдығының айналасы темір шарбақпен қоршалып, жол бойына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәу жасайтын зиярат орны екені белгілі. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрынғы уақыттағы жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы «Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 метір белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», — деп жазады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейіне қарасты тағы бір сәулеттік ескерткіш – Жүсіп ата кесенесіне де абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Музей әкімшілігі және жергілікті кәсіпкерлердің бірлесуімен қолға алынған игілікті бастама аясында кесене айналасына 700 дана раушан гүлі, 100 түп тұт және 40 дана боз арша ағаштарын егу жұмыстары жүруде.

Сондай-ақ, келушілер үшін жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 10 дана орындықтар мен 22 жарықшам орнатылады.

Айта кетсек, өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және жергілікті демеушілердің бірлесуімен кесенеге кіретін аумаққа темір қақпа орнатылып, асфальт жол салынған. Сондай-ақ, кесене айналасындағы жалғыз аяқ жолдар бетондалып, дәретхана жөндеуден өткен. Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрет алу бөлмесіне ыстық және суық су жүргізілген.

Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта Ескі Иқан ауылында орналасқан Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар сәулеттік ескерткіш болып табылады. Кесене орын тепкен жалпы жер көлемі — 1,5 га құрайды.

Кәрі тарихта Жүсіп атаның Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені екені жазылған. Ол XII ғасырдағы діни тұлғалардың бірі саналады.

Жүсіп ата кесенесінің іргесіне 2005 жылы зерттеулер жүргізілген. Кесене екі бөлмеден тұрады. Жалпы ұзындығы 22-23 метр, ені 12,87 метр. Зияратхана бөлмесінің ішкі өлшемдері 9,24 м х9,21 метрді құрайды. 2008 жылы Жүсіп ата кесенесіне толық реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз атаға тиесілі. Кесене ішінде жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы тиіс» деген тұжырым бар.