ТЕРІСКЕЙДЕ ТҮЙЕ САНЫ 11 МЫҢНАН АСТЫ

Өткен ғасырдың 20 жылдарында жүргізілген мал санағы бойынша еліміздің әр өңіріндегі өсірілген түйенің басы 1 миллион 200 мыңнан асып жығылған. Бірақ сол уақыттан кейінгі қазақ даласын бір емес екі рет шайып өткен нәубет аштық Ойсылқара тұқымының санын ойсыратып жіберді. Сөйтіп өткен ғасырдың 50 жылдарында яғни, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түйенің саны 200 мыңға әзер толды. Бірақ 1965 жылы Ойсылқара тұқымы тек төрт облыста ғана атап айтқанда, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Түркістан аймақтарында сақталып, мал басы 67 мыңды құраған.

Ал тәуелсіздігімізді алғанда оның саны 60 мыңға да жетпеді. Егемендік алғаннан кейін, етек- жеңімізді жинап, еңсемізді тіктеген соң түйе шаруашылығына ден қойылды. Сөйтіп, 1997 жылы жүргізілген санақ бойынша еліміздегі түйе шаруашылықтарында 110 мыңдай түйе болды. 2002 жылы бұл көрсеткіш 113 мың басқа жетті. 2010 жылы түйе саны 158,6 мыңды көрсетті. 2017 жылдың басындағы есеп бойынша түйе саны 197,5 мың басқа көбейген. Бұл 2016 жылғы есепке қарағанда 14,2 мың басқа артық.

Елімізде түйе шаруашылығын өрістетуде Маңғыстау облысы алдыңғы шепте. Мұнайлы аймақта 60 мыңнан аса түйе бар. Екінші орында Қызылорда облысы. Сыр өңірінде 46 мың бас Ойсылқара тұқымы бар болса, Атырау облысында 34 мыңнан аса түйе өсірілуде.

Түркістан облысында түйе шаруашылығын жандандыру басты бағыттардың бірі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту қолға алынған. Қазіргі таңда теріскейде түйе сүтін көптеп өндіріп, оны тиімді бағада саудалау үшін түйешілермен арнайы семинарлар өткізілуде. Бұл ретте осы жылдың өзінде өңірдегі сүтті бағыттағы түйе санын 1600 басқа арттыру көзделуде.

Аудан әкімі Салыхан Полатовтың бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты қарастырылған.

Қазіргі таңда аудандағы төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеттері орналастырылған. Соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығының қорасында тұр. Аталған қожалықтың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені бұл қожалықта бүгінде 505 бас түйе бағылуда. Оның 276-сы аналық бас саналады. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндіруді жоспарлап отыр.

Аталған қожалықтың жетекшісі Патима Нышанбаева «Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін «Colden Camеl» зауытынан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып алатынын жеткізді. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізетін боламыз»,-деді.

Ал Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Утанғазиев аумақта түйе саны 11 мыңнан асқанын, биыл олардың санын 1600-ге ұлғайтып, сүт көлемін 4 мың тоннаға дейін жеткізу межесі тұрғанын айта келе, «Оны орындау үшін өңірде арнайы бағдарлама түзіліп, Түркістан қаласындағы «Colden Camal» зауытымен бірлесіп жұмыс істеу ісі жандануда. Осының негізінде ауданда 4 қожалықтың қорасына 1 тонналық сүт қабылдау бекеттері орналастырылды»,-деп атап өтті.