КИЕЛІ КЕНТТЕГІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарындағы құрылыс нысандары биыл толық аяқталады деп күтілуде.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Әкімшілік-іскерлік орталықта басқармалар үйі, Конгресс холл, цифрлық кеңсе, аттракциондар саябағы, жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, оқушылар сарайы, департаменттер сынды 8 нысан бой көтереді.
Ал рухани-мәдени орталықта Ясауи мұражайының «Ұлы дала» орталығы, қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, ғылыми-әмбебап кітапхана, драма театр, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат яғни, 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұдан өзге, «Керуен-сарайдың» құрылысы қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағындағы абаттандыру жұмыстары да биыл аяқталады.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс алаңына айналған сол аумақтарды аралады. Облыс әкімі бастаған жұмысшы топ Ұлы Жібек жолы Ұлттық қолөнершілер орталығы мен келу орталығы ғимараттарының қайта жөнделу барысын тексерді. Бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын және жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер орталығының құрылысы аяқталып, жаңа кешенге шеберлер жайғасуда. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһарда ашылатын орталықта мамандар ұлттық нақыштағы дүниелерді көпшілік назарына ұсынатын болады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Түркістан қаласына кіреберісте салынып жатқан әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылысымен де танысты. Сәулеті ерекше бұл нысан шығыстық нақышта безендіріледі. Өз кезегінде мешіт 5 мың жамағатқа лайықталған. Жаңа ғибадат орнының жалпы аумағы 20 000 шаршы метрді алып жатыр. Мешітте мұсылмандық жөн-жоралғыларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады.