«ШЫМКЕНТ ҚҰС» ЖЫЛЫНА 115 МЛН. ДАНА ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРЕДІ
Апта ішінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М. Исахов пен қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Қаныбеков «Шымкент құс» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өнімдерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпорын жалпы аумағы 57,7 га құрайтын аумақта орын тепкен. Қазіргі таңда фабрика 320 адамды жұмыспен қамтып отыр.Серіктестіктің негізгі бағыты – тауық жұмыртқасын және бройлер етін өндіру болып табылады.
Кәсіпорында 602,7 мың бас құс өсірілуде. Оның ішінде 395,3 мыңы жұмыртқалағыш мекиен тауық болса, 92,2 мыңы жас балапан. Ал бройлер саны 115,2 мыңға жетеді.
Фабрикада жұмыртқа өнімін жинау және сорттау процесстері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Сонымен бірге мекеме зоотехникалық және ветеринарлық зертханалармен қамтылған.
Тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс фермасының қуаттылығы жылына 115 млн. дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс еті етін өндіруге бағытталған.