Маңызды

ҚАЙТА ЕСЕПТЕУДЕН 2,8 МЛРД.ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕЛГЕН

Шымкентте ағымдағы жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша тіркеуде тұрған мүгедектердің саны 36,2 мың адамды құрап отыр. Оның 30,2 мыңы ересектер болса, қалған 5,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері мүгедектер саны 500-ден астам адамға артқан.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нұрсейітов қалалық әкімдіктің ақпараттық- коммуникациялық орталғында өткен баспасөз брифингінде осылай деді.
Бюджет қаражаты есебінен берілетін зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау туралы шешім қабылдау, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу сынды міндеттерді орындайтын департаменттің басшысы Аманжол Нұрсейітов миллионнан аса тұрғыны бар Шымкентте 267 мыңнан астам адам республикалық бюджет есебінен зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алатынын алға тартты. Және бұл мақсатта қазынадан ай сайын 9,5 млрд. теңге қаржы қаралатынын мәлімдеді.
Олардың ішінде жасына байланысты зейнетақы алушылардың саны 80 мыңға жуық болса, базалық зейнетақы алушылардың саны 79,9 мың, басқа да төлемдер алушылардың саны 107,5 мың адамды құрайды.
– Департаментпен 2019 жылдың 9 айында 109 тексеру тағайындалды. Оның ішінде жоспардан тыс тексеру — 84, профилактикалық тексеру түрі — 19. Тексерудің қорытындылары бойынша 83 мекемеге нұсқама беріліп, 72 мекемеге айыппұл салынды. Салынған айыппұл соммасы 10 млн. 895 мың теңге. Бүгінде оның 8 млн. 65 мын теңгесі төленді. Бұл жалпы салнған барлық айыппұлдың 74,1%-ын құрайды, — деді департамент басшысы Аманжол Нұрсейітов.
Осы және өзге де жұмыстарын саралаған департамент басшысы журналистерге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бойынша да мағлұмат берді. Өз сөзінде ол:
– Осы жылдың 1-сәуірінен бастап АӘК тағайындау тетіктері мен жаңа форматтағы тағайындау өлшемдерінің жетілдірілуіне байланысты бүгінге дейін 69 мың отбасынан (336,2 мың адам) өтініш қабылданды. Оның ішінде 47 мыңға жуық отбасыға АӘК тағайындалды (232,5 мың адам), бұл Қазақстан Республикасы бойынша 13% құрайды. Мониторинг жүргізу барысында табыстарын жасырған АӘК алушылар саны 8222 отбасыны құраған. Оның ішінде 3030 отбасына АӘК төлемі тоқтатылса, 4521 отбасына қайта есептеу жүргізілген. Нәтижесінде 2,8 млрд. теңге қаржы үнемделген, — деді.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру