ҚАЛА ӘКІМІ ЕРБОЛ САДЫРҒА ЗОР СЕНІМ АРТЫП ОТЫР

Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Садыр Ербол Әбілхайырұлы қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Есімі күнгей жұртына жақсы таныс ол бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жоғары білімді.
Экономист мамандығын меңгерген. Қырықтың бел ортасына келген Ербол Садыр ең алғаш еңбек жолын Созақ ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің экономика жөніндегі орынбасары болып бастаған. 1995-2013 жылдар аралығында Созақ ауданы әкімшілігі экономика бөлімінің бас маманы, меңгерушісі, экономика, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі бөлімдерінің меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2013 жылдың мамыр айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылған кезде де ол облыс әкімінің орынбасары қызметін жалғастырған.
Ол Шымкенттің кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, табиғатты қорғау, туризм және цифрландыру салаларына жетекшілік етеді. Осыдан-ақ, қала әкімі Ерлан Айтахановтың оған зор сенім артып отырғаны анық байқалып тұр.
Ал Ербол Садырдың бұл сенімді қалай ақтайтыны алдағы күннің еншісінде.