МЕГАПОЛИСТЕ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

Еліміздің барлық өңірлерінде «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіліп келеді.
Республикамызда 2008 жылдан бері жаңа оқу жылы қарсаңында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл шараның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасынан шыққан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өскелең ұрпақтың мектепке баруын қамтамасыз ету. Сол арқылы олардың ешқандай жағдайға алаңдамай білім алуын жолға қою болып табылады.

Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы қайырымдылық акциясын өткізді. Қаладағы «Оқушылар сарайында» өткізілген шараға мәслихат депутаттары қолдау танытты.
Өз кезегінде халық қалаулыларының демеушілігімен 60 өренге оқу құралдары салынған сөмке таратылды. Одан бөлек оның әрбіріне мектеп формасын алу үшін 25 мың теңгенің сертификатын табыстады. Мұндай, қолдауды салтанатты түрде табыс еткен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов оқушылардың алдағы өміріне сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол:
– Білім – үлкен күш. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген. Тек сапалы біліммен қаруланған жастар ғана еліміздің тірегі бола алады. Келешек жастардың қолында. Ал Сіздердің сол келешекті кемел етуде білімді болғандарыңыз аса маңызды. Мына тұрған жастардың арасында болашақ алтын қандауырлы дәрігер, білікті заңгер, күміс көмей әнші, түрлі саланың машықты мамандары шығады. «Болар баланың белін буу», олардың сапалы білім алуына жағдай жасау бүгінгі қоғамның басты мақсаты. Бүгінгі жасалып жатқан тарту-таралғының барлығы Сіздердің білімді ұрпақ болып өсулеріңіз үшін қолға алынған. Сол үмітті ақтап, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен қарсы алып, табысты аяқтаңыздар, — деді.
Мәслихат депутаттары да жас ұрпақтарға ізгі лебіздерін арнап, әрдайым ақжолтай болып жүрулеріне тілектестігін білдірді.

С. НҰРАЙ.