Арыстағы құрылыс мәселесі «Nur Otan» қадағалауында болады
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы жауапты азаматтармен мәжіліс өткізді.
Мәжіліске Арыс қалалық мәслихатының хатшысы, мәслихат депутаттары, құрылысқа жауапты мекеме басшылары, партия белсенділері қатысты.
Жиынды ашқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарының барысы облыс әкімі мен «Nur Otan» партиясының үнемі назарында екенін атап өтті.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облысы филиалы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың оң шешілуіне ықпал ететін болады. Бүгінде облыстық филиалға қала тұрғындарынан 175 шағым түсіп, оның 126-ы оң шешімін тапты. Қазіргі таңда 49 мәселе қаралуда. Арыс қаласында құрылысы толық біткен баспаналар 90,7 пайызға жетті. Жарылыстан зардап шеккен шаһарды қалпына келтіру кесте бойынша жүргізілуде. Бірақ бүгінгі таңда үй иелерінің келісім бермеуіне байланысты 53 баспанада құрылыс басталмаған. Ендігі кезекте біз тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, өтініштеріне құлақ асатын боламыз», деді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев.
Айта кетейік, өткен айда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыс қаласына арнайы келіп, қаладағы қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан еді. Сондай-ақ тұрғындармен кездесіп, арыстықтарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өткен болатын. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары
Б. Тәжібаев мәжілістен соң бірден қаладағы 9, 12 сектор жұмысын бақылап, тұрғын үйлерді аралады.
Жалпы, Арыс қаласында тұрғын үй саны – 8634. Төтенше жағдайдан кейін жөндеу жұмыстарын қажет ететіні 7197 құрайды. Ал 433 баспана толық қалпына келтірілмек. Соның ішінде жаңадан 420 жеке тұрғын үй мен 3 көпқабатты үйді қайта соғу жұмыстары жүргізілуде. Әрбір сектордағы жұмыстарды жүргізу үшін облыс, қалалардан 7579, аудандардан 315 жұмысшы тартылған.
«Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.