«БЕКШИН ОТСТАВКАҒА КЕТСІН»

Мұрат ӘБЕНОВ,
Қоғам қайраткері:

Жуырда жыл бойы сарыла күткен демалысын Алакөлде алаңсыз өткізіп жатқан бір қауым ел ондағы жағалауға дейін жүргізілген құбырдан қатты екпінмен кір судың төгіліп жатқанының куәсі болды. Видеоға түсірілген бұл келеңсіз көрініс әлеуметтік желіге тез тарады. Жұрт жағасын ұстады. Алғашында мұны адамдар кәріз суы деп түйген. Кейіннен құбырдан аққан кір су жағалауға жақын маңда орын тепкен «Көктем гранд» қонақ үйінің бассейндерінен ағылғаны анықталған.

Жуырда жыл бойы сарыла күткен демалысын Алакөлде алаңсыз өткізіп жатқан бір қауым ел ондағы жағалауға дейін жүргізілген құбырдан қатты екпінмен кір судың төгіліп жатқанының куәсі болды. Видеоға түсірілген бұл келеңсіз көрініс әлеуметтік желіге тез тарады. Жұрт жағасын ұстады. Алғашында мұны адамдар кәріз суы деп түйген. Кейіннен құбырдан аққан кір су жағалауға жақын маңда орын тепкен «Көктем гранд» қонақ үйінің бассейндерінен ағылғаны анықталған.

Қоғамның ашуын тудырған бұл мәселе бойынша еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Ол елордадағы Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге осы жағдай бойынша берген ресми мәлімдемесінде «Бұл кәріздің қалдығы емес. Көл маңында орналасқан сауықтыру орнында 2 бассейн бар. Бассейндерді Алакөлдің шипалы суымен толтырады. Сәйкесінше, суды жаңартып отырады. Маған арнайы видео келіп түсті. Онда 2 бассейннің 2 құбыры анық көрсетілген. Яғни, терең су сорғылары көлдің суын алады және ескірген суды қайтадан көлге құяды» дей келе, «Бассейндегі ауқымды су көлемін кәріз жүйесіне ағызар болса, су тасып-төгілер еді. Бассейн суын тереңге жібергендіктен, тұнба көтеріліп, лай пайда болған. Аумақтық табиғатты қорғау департаменттері демалыс орындарына суды қайтадан көлге төгуге, жаңартуға рұқсат берген. Одан еш қауіп жоқ» деп, тіпті демалыс орнының бұл әрекетін қолдағандай пікір танытады.
Алайда, осы жағдайға байланысты ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл мәселені Бекшин сынды қалыпты жағдай деп қабылдамайды. Керісінше демалыс орнының мұндай әрекетін орынсыз деп танып, кінәлілердің жазаланатынын өзінің твиттердегі парақшасында жазады.
Болған жәйтке байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Алматы облысы бойынша филиалының мамандары Алакөлдің бес нүктесінен су сынамасын алып, жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Алынған нәтиже бойынша су сынамасында хлорид бойынша концентрацияның 3,8, магнийдің 3,3, минерализацияның 3,2 және фторидтің 3,6 есеге артқаны байқалған.
Таяуда Алакөлге арнайы тартылған құбыр арқылы бассейндегі лас суларды жіберген демалыс орнына 75 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Алайда Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі болса айыппұл салу басты мақсат емес екенін, негізгі міндет демалыс орнының жұмыс істеуіне тыйым салу екенін жасырмай айтуда. Өз кезегінде олар арнайы құрылған комиссия демалыс кешені жағаға жететін құбырлар арқылы лас суды көлге қарай айдауды жаз маусымы басталғаннан бастап іске асырып келе жатқанын анықтағанын да атап өтті. Осыған орай қоршаған ортаға келген залал шығыны есептелінуде екен. Болған жәйтке орай мамандар ондағы судың құрамын зерттеп, алынған сынамаларда адам ағзасына қауіп келтіретін бактериялардың жоқ екенін жариялады.
Адам денсаулығына қауіп төндірмегенмен, мұндай жағдай қоршаған ортаға зиянын тигізбесе пайда бермейтінін эколог мамандар ашық айтып, дабыл қаққан. Соған орай демалыс орнының жұмысын тоқтату туралы құжаттарды жиып теріп, сотқа өткізген. Мұны барлық қазақстандық қолдап, қуаттап жатыр. Олардың арасында бас санитар Жандарбек Бекшиннің бұл жәйттен ешқандай сөкеттік таппағанына таңданысын танытқандары да бар.
Мәселен, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов өзінің фейсбуктегі парақшасында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің осындай дабылынан соң Бекшин отставкаға кетуі керектігін былай деп ашық айтты.
«Бекшин отставкаға кетсін. Алакөлге ағылған кір су заңға қайшы әрекет екені дәлелденді. Ал заңды бұзғандарды қорғаған бас санитар Бекшин не деді? Ол видеодағы бұл көрініске қарап құбырдан аққан судан қоршаған орта ластанып жатпағанын, керісінше су өзін өзі тазартқан деп тұжырым айтты. Ал шындығына келгенде заңды белден басу жоқ емес, көп екені мәлім болды. Ластанудың жоғары деңгейі рұқсат етілген нормадан 4 есе асатыны белгілі болды
Егер шенеунік азаматтарға жалған ақпарат берсе, адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деректер бойынша жаңылысса оны қатаң жазалау қажет. Демек ол, өз лауазымына сәйкес келмейді. Басқа амал жоқ. Дұрысы әлігі қонақ үй иесіне қызмет етуге барсын» деген.
Сонымен қатар ол өз жазбасының соңына Экология министрінің бұл істі тексеруде табандылық танытқанына алғысын білдіре кеткен.

Қ. ҚАЛИЕВ.