«ҚАЗІРГІ МЫҚТЫ БИЗНЕСМЕНДЕР БАЯҒЫДА ЖЕРДІ САТҚАН ӘКІМДЕР»

Ал оларға нақты шаралар қолдануға Ерлан Айтаханов құлық танытады ма?

Жуырда Сенат депутаттары
Нұрлан Бекназаров пен Айгүл
Қапбарова Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен болатын. Сол кезде аталған кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінде қызмет ететін Нұрлан
Құдиярұлына төмендегідей ұсынысты көлденең тартады.

– Шымкентті бұған дейін басқарған біраз әкімдер келешекте жол түсетін жерлерді сатып жіберген. Соларың қазір ең мықты бизнесмендер. Әкімдік Арғынбеков көшесін салу кезінде заңсыз шешіммен азаматтардың меншігіне өтіп кеткен учаскелерді 100 миллион теңгеге сатып алды. Қазіргі таңда «Цитадель» аумағына заңсыз жолмен жайғасқан жерлерді мемлекет меншігіне алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қызыл сызыққа түскен ол жерлерді иелері легализация кезінде заңдастырып алған. Оған да қыруар қаржы кетеді. Балалар теміржолының екі жақ қапталындағы кең дала тұрғын үй алабына айналғаны белгілі. Олар былай тұрсын, «Шымкент зообағы» КҚК-ның территориясындағы 8 жер теліміне мемлекеттік акті берілген. Бүгінде Ж. Адырбеков көшесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес жолдың ортасына орын тепкен КРОК сауда үйін сатып алу үшін иесі ағыл-тегіл ақша талап етуде. Осындай олқылықтарға жол бергендердің біреуі де жауапкершілікке тартылмаған. Ендеше, сондай салғырттыққа жол бергендерге шара көрілетін жүйе енгізейікші.
Сонымен қатар ол, Шымкенттің келбетін құртқан ол әкімдердің мұндай әрекеттерін қылмыстық іске теңейтінін де жасырмады. Бірақ депутат осындай қателіктерге жол берген атқамінерлердің аттарын дөп басып айтпады.
Дей тұрғанмен сенатор Нұрлан Бекназаров мәселе алдағы уақытта назарға алынатынын мәлімдеді.
Ал елең еткізерлік бұл мәселені қаланың жаңа әкімі Ерлан Айтаханов алдағы уақытта қаперіне алады ма? Ол «екі жеп биге шыққандардың» мұндай ылдым-жылдым әрекеттерінің қоғам алдында әшкереленіп, оларға нақты шаралардың көрілуіне өз ықпалын тигізуге құлық танытады ма?
Бұл сауалдардың қанша уақыт бойы басы ашық күйінде қалатынын тақсыр уақыттың төрелегіне қалдырайық.
А. САТЫБАЛДЫ.