Маңызды

Түркістанды түлетудегі әрбір тірлік ел жадында мәңгі сақталады

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жуырда жарияланған мақаласы «Мен қазақпын!» деген әрбір Алаш ұрпағының бойына қуат, көңіліне шабыт шапағын шашты. Мақалада өркениеттің бастауы алғаш рет Ұлы дала жерінде қолға алынғаны тарихи деректермен, дәйекті дәлелдермен сары майдан қыл суырғандай етіп көрсетілген.

Мазмұны мен мәні, міндеті мен мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деуге әбден лайық бұл мақалада айтылған ойлар мен тұжырымдар рухани жаңғыруға бет бұрған қазақ елінің тарихи санасының жаңғыруына да серпіліс береді. Ұлт көшбасшысы аталған мақала арқылы қаншама мың ғасыр бұрын құт дарыған қазақ жерінде Қамбар ата төлінің ең бірінші болып қолға үйретілгені, қолөнердің ең қиын әрі күрделі түрі саналатын темір балқыту, одан бұйым жасаудың қыр-сыры жолға қойылғаны, түркі әлемінің бесігі саналғаны, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғаған алтын көпірдің орналасқан мекені болғаны, нақ осы ұлан ғайыр жеріміз алма мен қызғалдақтың отаны саналатыны бір ізге түсіріліп баяндалған. Қарап отырсаңыз мұндай мүмкіндіктердің Ұлы дала жерінде жолға қойылғаны ата-бабамыздың табиғат берген ерекше ырыздықты өзінің дарындылығымен, мол зердесімен даму үдерістеріне ұтымды ендіре алғанына анық көз жеткізесіз. Терең түсіне білсеңіз жазиралы Ұлы дала жерінде осындай игіліктердің бастау алуы адам бойынан табандылық пен талмай, тынбай ізденуді талап етері сөзсіз ғой. Мысалы, Елбасы өз мақаласында Ұлы даланың жетінші қыры ретінде оның алма мен қызғалдақтың отаны болғанын алға тартады. Ал алма ағашы өз балаңдай күтіп баптасаң ғана мәуелі жеміс беретіні бесенеден белгілі емес пе? Бұл біздің бабаларымыздың бел бүгіп, еңбек етуден шаршамайтынының, әрдайым қызған еңбектің бел ортасында жүрген бейнетқор болғанының жарқын мысалы. Ал әлемде ең нәзік гүл болып саналатын, кез келген жерге тамыр тартпайтын қызғалдақтың дәл осы Ұлы дала жерінде жайқалып өсуі сол заманғы түбіміздің жан дүниесінің ізгілікке құмар, сұлулыққа ынтық, талғампаз болғанынан хабар беретіндей.
«Жақсының хаты өлмейтіні» сынды жылдар жылнамасына жазылған, тарих қойнауына кеткен игі істің барлығы ертелі кеш дәл осылай ұрпақ жадында жаңғыратыны, сөйтіп, олардың болашаққа бағдар алуына сеп болатынына бүгінгідей көз жеткізуіміз Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан алған әсеріміз дәлел болса керек. Ұлтты ұлы істерге бастауға ұмсындырған сол бағдарымыз бойынша баянды бастамаларды лайықты түрде қолға алуда бізге артылған жауапкершілік ұшан-теңіз.
Азаттықтың ақ таңы атқаннан бастап Қазақстан тарихында түйіп, түйіп айтар игі жаңалықтар мен айтулы оқиғалар легі көп болды. Бұл тұрғыда ой өрбітсек сөзіміз тым ұзарып кетеді. Сондықтан да, алысқа бармай-ақ, осы жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, оның орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілгені, ал Шымқала республикалық деңгейдегі қалалар санатына қосылғанын айтудың өзі жеткілікті. Бұл небір зұлматты жылдарды, қиналысты кезеңдерді, тағдыр теперіштерін көріп, «тар жол тайғақ кешуден» өтіп, миллиондаған жұртын, мыңғырған малын жоғалтқан, еңсені тас бастырғандай етіп пәсейткен осындай жағдайлардан кейін де, аз қалдық демей бойын жинап алға қарай ұмтылған қазақ елі қабырғасының қалыңдай түскенінің көзайым нәтижесі екені белгілі. Президентіміздің сол бір тарихи шешіміне орай Түркістан деген тұғырлы атты иемденген облыс өзінің әкімшілік-іскерлік орталығы болып бекіген Түркістанға көшті. Облыс әкімі бастап келген сол көшті киелі кенттің күллі жұрты ыстық ықыласпен, зор құрметпен қарсы алып, алдағы еңбектерімізге рәттілік тілегені көңіл тақтамызда өшпестей болып жазылды. Сол кезде аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы еліміздің рухани астанасы болып саналатын Түркістанның жаңа дәуірі басталатынын баса айтқан болатын. Осы тұста сөзіміздің әлқиссасын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан бастап, одан кейін облыс орталығы болған Түркістан қаласына ойысып кетуінің мәнісін түсіндіре кетсем. Мемлекет басшысы аталған мақалада Қазақстанның түгел түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы болғанын, ал Түркістан қаласы сол түркі жұрты үшін киелі орын болғандықтан оны облыс орталығы ретінде дамыту, беделін бәсі биік халықаралық дәрежеге жеткізуді тапсырғаны белгілі.
Ұлт Көшбасшысы тек осы мақаласында ғана емес, бұған дейін де талай орталарда киелі қала Түркістанды жан жақты дамыту туралы ұлы мақсатын іске асыру бағытында облысымызда тың жобалар жасалып, серпіністі тірліктер қолға алынуда. Күнгейдің Түркістан облысы болып құрылып, әкімшілік-іскерлік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленгеніне жарты жылға жуық уақыттың жүзі таяды. Міне осы уақыт шеңберінде түбі бір түркі әлемінің орталығы Түркістанды түлетуде қолға алынуы тиіс ілкімді істердің жоспары жүйеленді. Бұл ретте Елбасының облыс орталығына ағымдағы жылдың қыркүйек айында жасаған сапарының мән-мазмұны зор болды. Осы сапар кезінде мемлекет басшысы үш бағытта дамудың даңғыл жолына түсетін Түркістанның бас жоспарын бекітті. Сондай-ақ, кәсіптің қазанында қайнап, құлашын кеңге жайған бизнес өкілдерін өз қаражаты есебінен Түркістанда бой көтеретін бірқатар нысандарды салуды жүктеген болатын. Кәсіпкерлердің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол бір ұсынысын екі сөзге келмей қабыл алып, ізгі тілекпен, шын көңілмен ортақ келісім болған сол жылы жүздесудің ауыз толтырып айтар алғашқы игі нышандарының бірі кешегі аптада қолға алына бастады. Ол облыс орталығы ретінде Түркістан облысының орталығында әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылыс жұмыстарының бастау алғаны болды. Барлығы 50 мың шаршы метрге салынатын әкімшілік-іскерлік орталық нысанының капсуласын салған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев келешектегі келбетінің заман талаптарына сай келетін «ақылды ғимарат» қағидасымен жобаланған бұл нысанның алғашқы іргетасы келер жылдың қаңтар айында қаланатыны, аяқталу кезеңі 2020 жылдың наурыз айына дөп түсетінін бөле-жара айтып өтті.
Қызған жұмыс жетегінде жүрген Сіз бен біздің бұл күннің куәсі болатын уақыттың келіп қалғанын байқамай да қалатынымыз анық. Бұдан бөлек облыс орталығы ретінде Түркістанда түбі бір туыс елдердің рухани кемеленденуіне серпіліс беретін түркі халықтарының мұражайының іргесі қаланатынын, өнерді өрге сүйреп, көрермендерді адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейтін театр ғимаратының бой көтеретінін, халық денсаулығы индикаторы бойынша зор маңызға ие халықаралық талаптарға сай болатын стадион салынатынын, өскелең ұрпақтың рухын көтеріп, тарихтағы текті ұлдарының асыл қасиетін үлгі етуге жетелейтін «Қазақ хандары, билері мен батырларының орталығы» іске қосылатынын, қоныстой деген шуақты күндердің тууын жақындататын тұрғын үй кешендері тұрғызылатынын біле жүрейік. Түркістанды түлетуде оның сәулетін ашып, ажарын арттыра түсетін нысандар осымен түгесіліп қалмайтыны анық. Одан өзге талай тарих толқынын бастан өткерген бұл қалада Жастар сарайы, Қожа Ахмет Ясауидің шағын мұражайы, су спорты кешені, автосалон, заманауи пошта бөлімі пайдалануға берілмек. Жаңадан Теміржол вокзалы, әуежай іске қосылмақ. «Turkistan» экономикалық аймағы құрылмақ. Өз кезегінде бұл аймақ облыс орталығындағы өндірістің өркен жаюына зор ықпалын тигізетінін болжау қиын емес.
Елбасының Түркістан қаласын түлету бастамасы тұрғысындағы тастүйін тапсырмаларының дені ірі бизнесмендер басшылық ететін компаниялардың есебінен іске асатынын тағы бір қайыра айта өткен артық болмас. Бүгінде осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Енді осы ауқымды жұмыстардың аясында Түркістан қызған құрылыс алаңына айналып, айналасы бірер жылдың ішінде келбеті келіскен, көркі көз тартар мекенге айналады. Ұлы дала жеріндегі қасиетті қаланы көркейту күллі түркі елдерінің ортақ қуанышы.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының хатшысы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру