Бахыт АСАНОВ, Мақтаарал ауданының әкімі: «Халқы еңбекқор Мақтааралдың ертеңі еңселі боларына сенімім мол»
– Бахыт Нәсірханұлы, жері жазиралы Мырзашөл өңірі биыл Мақтарал, Жетісай деп екіге бөлінгені белгілі. 21 жыл бойы бір терінің пұшпағын илеп келген аудандардың өз алдына бөлек ту тігуі қалай өрбіді?
– Ағымдағы жылдың 6-маусымында Елбасының «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер туралы» Жарлығы негізінде іріленген Мақтаарал ауданының орнына Мақтаарал мен Жетісай аудандары құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы осылайша ауданның тарихи құрылымын қалпына келтіріп, мақталы өлкенің болашағын айқындап берді. Соның арқасында 21 жыл бойы назардан тыс қалып, көптеген бағыттары тұралап қалған Мырзакент, Атакент кенттері мен ауданға қарасты 11 ауылдық округтің дамудың оң өзгерістеріне бет бұруына негіз қаланды. Жұрт сарыла күткен Елбасының бұл шешімінің арқасында аудандағы білім, мәдениет салаларына мән кіріп, бизнестің адымы ашылып, өнеркәсіп өрісінің кеңеюіне қол жеткізетін боламыз. Халқы еңбекқорлығымен ерекшеленетін ауданымыз туралы бір кездері мемлекет басшысы «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі» деп баға берген болатын. Өз кезегінде ел президентінің бұл сөзінен осы жерде мекен ететін қалың қазақ қауымы шабыт алады.
– «Ауылы аралас, қойы қоралас» болған аудан екігі бөлінгеннен кейін, Сіздердің бөлек аудан ретінде өз жұмыстарыңызды жолға қоюларыңыз оңай-оспақ жұмыс болмағаны белгілі…
– Бюджетімізді нақтылау кезінде біраз қарбалас орын алды. Құрылып жатқан нысан біздің аумаққа тиесілі болса, оның тіркелген жері Жетісайда болды. Қаржыны игеру кезінде де түсінбеушіліктер кездесті. «Ақылдасып пішілген тонның келте болмайтыны» сынды, кеңесіп жұмыс жүргізудің нәтижесінде ол мәселелердің оябы табылды. Кадр төңірегінде де біраз толқулар орын алды. «Іс тетігі кадрда». Онсыз жұмыс алға баспайды. Ал сәулетші, құрылысшы сынды машықты мамандардың көпшілігі Жетісайда қалды. Дегенмен де оны желеу етіп, жұмысты тоқтатып қоюға құқымыз жоқ. Сондықтан іріктеу, іздеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті кадрлардың барлығын тауып, тағайындадық. Соның негізінде бұрынғы Мақтаарал ауданы әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінде басшы орынбасарлары болған мамандар, жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігінде бөлім басшылары болып бекітілді. Жалпы ауданның қайта құрылуы біраз маманның бағын ашты. Өзіміздің әкімдік ғимаратымыз жоқ. Жуық арада өз ғимаратымызға көшетін боламыз. Бұл қиындықтардың барлығы өткеннің еншісінде қалып, оған салауат айтатын күн боларына сенімім мол.
– Қазір ауданның сипаты қандай?
– Жер көлемі 80 970 гектарды құрайтын жаңа ауданда 131 мыңнан астам тұрғын бар. Аудандағы 69 елді мекен 2 кент, 9 ауылдық округке біріктірілді. Көпұлтты саналатын ауданның 75,9 %-ын қазақтар, 10,4 %-ын тәжіктер, 7,9 %-ын өзбектер, 2,1 %-ын орыстар, қалған 3,8 %-ын басқа ұлт өкілдері құрайды. Осы ретте көпұлтты болудың артықшылықтары туралы айтып өткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, біз тәжік ағайындардан еңбекқорлықты, өзбек ағайындардан диқаншылықты үлгі етеміз. Бұл тұрғыда олардан үйренеріміз көп. Мысалы, олар бір гектар мақта алқабынан 30-35 центнерге дейін өнім алады. Тиісінше олар да біз арқылы қонақжайлылық, кеңпейілділік сынды қасиеттерді бойына сіңдіруде. Қоян-қолтық қарым-қатынастың арқасында жоғалтқанымыз табылып, барымыз базарлы бола түсетініне сенім мол. Бұл тұрғыда аудандағы славян, тәжік, өзбек, кәріс, әзірбайжан этномәдени орталықтарына артылған жауапкершілік жүгі зор.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қалай қорытындыланып жатыр?
– 2018 жылдың 9 айында Мақтаарал ауданындағы ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 11 113 млн. теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 6955,7 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы 4099,5 млн. теңге, ауыл шаруашылық қызметтерінің өнімі 57,8 млн. теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 5527,1 млн. теңге болса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4481,3 млн. теңгеге жетті. Қазіргі таңда ауданда 15 ірі өнеркәсіп орны жұмыс істеуде. Олар «Мырзакент мақта зауыты», «Оңтүстік Жарық Транзит (Мырзакент)», «ЕЛСУ», «COTTON МАҚТА», «Прогресс-2009», «Береке ММА», «Soldatos», «Оңтүстік Жарық Транзит (Атакент)», «Мегагорстрой» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері, «Мақта келісім-шарт корпорациясы» АҚ, «КазТрансГаз аймақ» АҚ, «Бахтияров» ЖК, «Мақтаарал» ӨККШ, «Мақтаарал и К» ӘКК, «Кудияров и К» ӨК-тері. Бұл кәсіпорындардың барлығы да ауданымыздың бюджетіне салық түсіріп, өңірді дамытуға үлкен серпін береді.
– Бірер жыл бұрын облыстың барлық аудан қалаларында индустриалды аймақтар құрылған. Сол кезде бұл бастама Мақтарал ауданыныңда да іске асқан. Іріленген Мақтарал ауданында құрылған сол индустриалды аймақ Сіздерге мұра болып қалды. Енді онда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары қалай жүруде?
– Биыл Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында 1 жоба іске асып, «Soldatos» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты салынды. Оның құрылысына 300 миллион теңге жұмсалды. Зауыт сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіріге қауқарлы. Жоба арқасында 50 адам жұмыспен қамтылды. Келесі жылы 2 жобаны қолға алу жоспарлануда. Біріншісі, «Раджапов» жеке кәсіпкерлігінің «Полиэтилен өнімдерінің өндірісі». Жобаның жалпы құны 200 миллион теңге. Ол өз жұмысын бастаса, жаңадан 36 жұмыс орны ашылады. Екіншісі, «Айбек» шаруа қожалығының медициналық мақта өнімдерінің өндірісі. Ол үшін индустриалды аймақтан жер бөлінген. Жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Егер шаруа қожалығы істің көзін таба алатындығын дәлелдесе, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады.
Арғы жылы тағы 1 жоба атап айтқанда, «Asi Metall Grup LTD» ЖШС-нің темір өндіру цехына 400 миллион теңге инвестиция құйылуда. Аталған цех іске қосылса, 60 адам дәл осы жерден отбасылық ырыздығын табады. Осы төрт жобаның негізінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, нәпақа таппақ.
– Ауданның басшысы ретінде Сізге артылған ұшан-теңіз жауапкершілікті ақтау мақсатында қандай жоспар-жобаларыңыз бар? Жалпы ауданның экономикалық даму мүмкіндігі туралы не айтасыз?
– Біз шаруалар жұмысының жандануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кіре берісіндегі Азаттық ауылынан заманауи үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9 гектар жер телімін резервке алдық. Келешекте сол орталықта тиісті талаптарға сай жеміс-жидек сақтау, уақытша сұрыптау қоймаларын, мұздатқыш камераларын, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуды көздеп отырмыз. Бұл ауқымды жобаға қажетті қаржыны шоттың тасына салып есептеп те қойдық. Бас-аяғы 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция қажет. Соған сәйкес оған инвесторларды тауып үлгердік. Соның негізінде жалпы құны 750 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаға 5 гектар жер беріліп отыр. Ол жобалардың жобалау-сметалық құжаттары рәсімделді. Соның негізінде «Бахтияров» жеке кәсіпкерлігі аталмыш орталықтан автопаркинг, электронды таразы, жүк сақтау қоймалары, тұрақжай, құжаттандыру орталығы, қонақ үй, асхана, сауда үйі, авто жуу нысандарын салады. Құрылыс жұмыстары басталды. Екінші жоба бойынша «МегаГорСтрой» ЖШС автотұрақжай құрылысының бірінші кезеңін аяқтады. Алдағы уақытта бұл компания көкөніс қоймасын, қорапша шығаратын цех, қонақүй нысандарының құрылысын жүргізбекші.
Мақтаарал ауданында Ұлы Жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы
магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуда мүмкіндігіміз мол. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен, қазіргі таңда жай халық арасында «бетонка» деп аталып кеткен жол бойында «Сапар» базарын қайтадан дамытсақ – ауданда он мыңға жуық адамды жұмыспен қамти аламыз. Осының бәрін ескерсек, жаңа Мақтааралдың экномикалық даму мүмкіндігі өте жоғары деп айтуға болады.
– Мақтааралда коммуналдық мәселелердің жай-күйі қалай? Ауыз су азабын тартып отырған халықтың мұңын, көгілдір отынға қол жеткізе алмай, жарыққа жарымай жатқандардың мәселесін шешу қалай реттелуде?
– Қазіргі Мақтаарал ауданы 21 жыл бойы бір шетте қалып қойып, дамуы жағынан сәл кенжелеп қалғанын жоғарыда атап өттік. Сондықтан да ауданда ойдым жолдан әуре сарсаңға түскен, газға қол жеткізе алмай көңілдері жаз болмай жүрген тұрғындар жетерлік. Одан өзге оларды әбден ескірген әлеуметтік нысандардың қазіргі ахуалы мазалайтыны рас. Осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізу үшін біз тиісті мекемелерге ұсыныстар дайындаудамыз.
Бізде 69 елді мекен бар болса, соның 27-не газ тартылған. Жалпы бюджеттік инвестициялар арқылы іске асырылатын жобалар аясында аудан аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету желілерінің құрылысына 2018 жылы 9 нысанға 782,7 млн. теңге, 2019 жылы 10 нысанға 1435 млн.теңге, 2020 жылы 24 нысанға 2246,6 млн. теңге қаралып отыр. Сол сияқты ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысына 2018 жылы 2 нысанға 40,0 млн. теңге, 2019 жылы 8 нысанға 523,8 млн. теңге, 2020 жылы 4 нысанға 468,7 млн. теңге бөлінген. Ал, электр мәселесі бізде толықтай шешілген.
Биыл Мақтааралда құрылысы жүрген 4 мектеп ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, жалпы құны 60 млн теңгені құрайтын 2 ауылдық округтің әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталды.
Республикалық бюджет есебінен 1 140 676,0 мың теңгеге Иіржар ауылдық округі, Дихан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы 600 оқушыға арналған 1 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Облыстық бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Мырзакент пен Атакент кенттерінде жаңадан 2 емхана бой көтеруде.
Осы жылы мектепке баратын жалпы ұзындығы 3,15 шақырымды құрайтын 4 көше мен аудандық маңызы бар 5 көше жөнделуде.
– Өткен жылдың басында Мақтаарал ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар ауылдарды қызыл су басқан. Бұл жағдайға су тораптарының дұрыс жұмыс істемеуі кері әсерін тигізген болатын. Соған сәйкес ауданда дренаждар мен коллекторлық жүйелердің жұмыс істеуін жолға қою жағын қолға алу мәселесі назарға алынған еді…
– Негізгі күн көрісі ауылшаруашылық өнімін өңдеу болып табылатын ауданда 40 мың гектар жердің құнарлығын арттыру үшін ПУИД-2, ПУИД-3 жобалары арқылы тік дренаждарды ұңғымалардың құрылысы мен коллекторларды тазалау жұмыстары қарқын алған. Мұның өзі біршама тұрғындарымыздың талап-тілегін қанағаттандырады.
– Мақтааралдың ауыл шаруашылық саласын бір тұжырымдап кетсеңіз? Неге қол жеткіздіңіздер? Жете алмай қалған тұстарыңыз не болды?
– Биыл ауданда 70 мың гектарға жетеқабыл жерге егістік егілсе, соның 38 593,2 гектарына мақта дақылы себілген. Айта кету керек, ақ алтын шаруашылығы – мақтааралдықтардың ата кәсібі. Сондықтан, бұл кәсіпті дамытуға біз жіті мән береміз. Өздеріңізге белгілі, былтыр мақташылар мақта зиянкестерінен жапа шекті. Алайда, биыл ерте дабыл қағылып, еңбекқор шаруаларымыз тиімді әрекет жасағандықтан, зиянкестермен күрес сәтті жүріп, өнім алу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама тәуір болды. Бұл бағытта зиянкестермен күресу бойынша шаруаларға арналған семинарлар мен өзара тәжірибе алмасу жұмыстарының қолға алынуы, яғни, алдын ала жүргізілген түсіндіру шаралары сүбелі пайдасын тигізді.
Бүгінгі таңда ауданда мақта теру маусымы бітуге шақ қалды. Шаруалар гектарынан орташа есеппен 25 центнерден өнім алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 96 511 тонна ақ ұлпа келіп түскен. Жиын-терім науқанына барлығы 347 терімшілер бригадасы мен 113 комбайн қатысты. Ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет қызмет көрсетуде. Зауыттардың ішінде ТМД-да теңдесі жоқ саналатын «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты 120 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Бұдан бөлек биыл мақтааралдық диқандар 316 мың тоннадан астам бақша дақылын, 9 мың тоннаға жуық күріш, 298 тонна маш, 19 471 тонна дәндік жүгері, 10 724 тонна сүрлемдік жүгері, 2 тонна сарымсақ, 250 тонна пияз, 3 730 тонна қызанақ, 4 165 тонна қияр, 129,5 тонна сәбіз, 1 244 тонна баклажан, 760 тонна болгар бұрышын өндірді.
– Жуырда облыс шаруалары жылды қорытындылады. Соның негізінде «Агрофест – 2018» шарасы өтті. Онда еңбегімен көптен озған аудандар мен шаруалардың есімдері айрықша аталып өтті. Жалпы осы жылда ауданда ауыл шаруашылығы бойынша Мақтааралдың мерейін үстем еткен көрсеткіш бар ма?
– Биыл балдай тәттілігімен көптеген елдерді мойындатқан Мақтаралдың «Мырзашөл» атты қауыны Ресей мен Беларуссияға жеткізіліп, одан әрі қарай ресейлік кәсіпкерлер тарапынан Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалданады. Сондай-ақ, мақтааралдық диқандар өндіретін басқа да дақылдар экспортқа шығарылды. Жергілікті диқандар үшін де, ортада жүрген алып сатарлар үшін де бақша өнімдерін экспортқа шығару ауданымызда тиімді бизнес ретінде өріс алды. Осы еңбегіміздің арқасында Мақтаарал ауданы жыл қорытындысы бойынша облысымызда «Үздік ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттаушы аудан» номинациясымен марапатталды.
– Биыл Жетісай мен Мақтарал ауданы бірігіп «Қауынфест» шарасын өткіздіңіздер? Жалпы бұл шара шаруалардың жұмысын жандандырып, диқандардың дәрежесін бір көтеріп тастауға негіз қалағаны рас. Бұдан өзге тағы қандай нәтиже береді деп ойлайсыз?
– Аграрлы аудан болғандықтан, Мақтааралда шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады. Ал, сол мақтадан 800 түрлі атап айтқанда, тоқыма кластері бар, медициналық заттар, мақта майы т.б. сынды дайын
өнімдер шығаруға мүмкіндігіміз бар. «Қауынфест» шаруаларға осы бағытта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыты ретінде дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытуға, соны қолға алуға шабыт сыйлады.
Мақтаарал – қауынның да отаны. Бір кездері бүкіл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына «Ақ алтын өндіру заводы» деген атпен танылған Мақтарал ауданының шаруалары соңғы жылдары бақша дақылдарын өсіруге жаппай бет бұруының арқасында, ауданды мақтаның ғана емес, қауынның да отаны етуге қол жеткізді. Бұл жалпыға белгілі жағдай болғанмен, кең көлемде дәріптеліп, мойындалмады. «Қауынфесттің» арқасында мақтаралдық диқандардың қауын өсіруді шебер меңгергені облыс тұрмақ, тұтас елге үлгі ретінде таралды.
Бұл шарада қауыннан жасалатын тағамдардың, өнімдердің түрлері көрсетілді. Жергілікті кәсіпкерлерге ұсыныстар жасалды. Енді сол арқылы өңірге инвестиция тарту көзделуде. Ол үшін Алматы технологиялық университетінен, Ташкент қаласынан қауын-қарбыздан дайын өнім жасайтын мамандарды, кәсіпкерлерді шақырдық.
– «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша ауданда түсіндіру жұмыстары қолға алынды ма? Жалпы Сіз осы мақаладан не түйдіңіз?
– Бұл мақала Алаш көсемдерінің «Оян қазақ!» деген ұранының жалғасы деп түсіндім. Біз осыдан бірер жыл бұрын «Қазақ хандығының 550» жылдығын кең көлемде атап өттік. Сол кезде «қазақтың тарихы бар болғаны бес жарым ғасырды құрайды екен» деген кертертпа пікірлер кесе көлденең тартылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы солай деп жаңсақ пікір танытқандарға қарата айтылған дәлелді жауап болды. Мақалада қаншама ғасырлар бұрын өркениеттің өзегі болған дәстүрлердің Ұлы дала жерінде қолға алынғаны айтылады. Бұл біздің ата-бабамыздың мықтылығын, парасаттылығын, зерделі болғанын аңғартады. Ол жерде көрсетілген жеті қырдың барлығы тарих толқынында әбден дәлелденіп, зерттелгені анық. Бұл біздің тектілердің ұрпағы екенімізді терең сездіруге, ендігі кезекте соған лайық еңбек етіп, тірлік тындыруымызға үндейді. Бұл мақала арқылы Елбасымыз өткен тарихымызға терең үңіліп, ата-бабаларымыздың дәстүрін дәріптеуді алға тартады. Өркениеттің ордасы болған Ұлы далада ұлы іс тындыруға шақырады. Бұл тұста өскелең ұрпақтың тарихымызды терең тануының маңызы зор. «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген. Елбасының бұл мақаласы жастарымыздың тарихымызды терең тануына зор серпін беретіні сөзсіз.
– Ауданның Ноу-хауы яғни, негізгі ерекшелігі не?
– «Ақ мақтаны алтын қолдар өсіреді» демекші, біздің басты байлығымыз – ақ алтын мен қолы берекелі еңбекқор халқы дер едім.
– Сөз соңында ауданды дамыту бағытында өзіңіздің көңіліңіздің өрінен шыққан тың ойларыңызды тілге тиек ете кетсеңіз?
– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таптаурын болған тірліктердің сүрлеуімен жүре бермей, жаңа өзгеріске, дамуға бастайтын бастамаларға бет бұруды меңзегені белгілі. Біздің аудан аграрлы, соның ішінде мақта өсіру бойынша облыс бойынша алға шыққан аумақ ретінде белгілі. Диқандардың басым көпшілігі ақ алтын өсірумен айналысады. Бірақ қазір технология дамыған. Кезінде адам қолымен бірнеше күн қатарынан атқарылған жұмыстар, дәл қазіргі таңда техниканың арқасында қас қағым сәтте тындырылып жатыр. Қолы берекелі көптеген диқандар сол мүмкіндікті пайдаланғанмен, өз уақытын дұрыс қолдана алмай жүр. Барлығы емес әрине, көпшілігі. Неге тек мақта егіп қана қоймай, өзге де істерге мойын бұрмасқа? Мәселен, мал бордақылау алаңдарын салуға олардың қарымы да қабілеті де жетеді. Жылыжайды да жайқалтып жіберетін шамалары бар. Осы бағытта қазіргі таңда ауданда түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Өзім ауданның барлығын аралап, мал бордақылаумен айналысып жүрген отбасыны, балабақша салып жатқан адамды, жылыжаймен шұғылданып жүрген шаруаны кезіктірдім. Қуандым. Әкімдік тарапынан олардың бұл бизнесінің адымын ашуға жәрдем берсек, ұтарымыз көп. Осыдан біршама уақыт бұрын бізге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев іс сапармен келді. Сол кезде ол мақтаның бір гектарынан 2-2,5 мың доллар табыс түсетінін, ал жеміс жидектен 30-40 мың долларға дейін пайда табуға болатынын баса айтқан-тын. Осы мақсатта тиісті жұмыстарды жүргізбекшіміз.
Сонымен қатар, ауданның орталығы Мырзакентті абаттандыру ісіне екпін беріп, оның келешектегі эскизін жасадық. Соған орай оның жолдарын заман талаптарына сай ету, қазіргі паркті қайта қалпына келтіріп, айналасына веложол, серуен жол салмақшымыз. Көгалдандыру бағытында да қарқынды жұмыстарды қолға алуды көздеудеміз. Жергілікті халықтың көпшілігі жаз маусымында шомылу үшін Шардараға барады. Неге ауданның өзінің жағажайы болмасқа? Эскизде осы мәселеге мән берілген. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың талабын қанағаттандыру үшін, және туу көрсеткішінің жоғарылығын ескере келе 120 гектар жерге көпқабатты үйлер түсіруді жоспарға енгіздік.
«Қиялымыз көкте, өзіміз жердеміз». Дегенмен де бюджеттен қаржы бөлінсе алға қойған бұл тілектердің орындалатынына сенімім мол.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ауданды көркейтуге өз қолы өз аузына жеткен кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр ма?
– Елге белгілі «Қазақмыс» компаниясының басшысы Ким Володия осы Мырзакенттің тумасы. Жуық арада мен сол азаматпен жолығып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алға тартып, өзіне тиесілі компаниясының бірді-екілі фирмасын ауданға тіркеуге көндірмекшімін. Мақсат аудандағы салық түсімінің көлемін ұлғайту. Кез келген адамның туған жерге деген көзқарасы ерек қой. Егер ұсынысымды екі сөзге келмей қабыл алып жатса қанекей.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқандар:
Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ,
С. ЖҮНІСБЕКОВ.