«Ұлы даланың жеті қыры» ұстаздарға да ой салды

Осыдан бір жарым жыл бұрын жарыққа шыққан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы расы керек, ұлт руханиятына мемлекеттік деңгейде бетбұрыс жасап берген-ді. Ал күні кеше жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Нұрсұлтан Назарбаев сол «Рухани жаңғырудың» жалғасы ретінде қарастырып, енді көшпелі өркениетіміздің ежелгі тарихын философиялық тұрғыдан жаңадан зерделеуге шақырып отыр. Мақсат-мұратын Елбасы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп түсіндірді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Ұлы дала өркениетінің жеті бірегей тарихи жетістігін түгелдеп берді. Олар адамзаттың дамуына әсер еткен көшпелі өмір мен ұрыс жүргізу тәсілінен бастап гүл және алма өсіруге дейінгі аспектілерді қамтиды. Алғашқысы – адамның жылқы үйретіп, оған мінуі. Екіншісі – Ұлы даланың ежелгі металлургиясы, яғни жоғары технологиялық білімді қолдануы. Үшіншісі – аң стилі. Табиғат пен қоршаған ортаның даналық үйлесімдігінің философиясы тасқа қашалған ежелгі петроглифтерде көрініс табады. Төртіншісі – Алтын адамның мүсіні, ол сақ мәдениетінің бай мұрасын, дала тұрғындарының дүниетанымын бейнелейді. Бесіншісі – қазақ топырағы түркі әлемінің бесігі екендігі ғылыми дәлелденгені туралы. Алтыншысы – Еуразия халқының өмір сүруі мен дамуына орасан зор әлеуметтік-мәдени әсерін тигізген Ұлы Жібек жолы. Жетіншісі – Қазақстанның алма мен қызғалдақтың отаны екенінің ғылыми негізделуі. Және осы жеті қырымызды танытудың алты жолын белгіліп, қандай ірі жобалар арқылы жүзеге асыруға болатынын түйіп-түйіп көрсетті.
Екі бөлімнен тұратын мақала өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастырыла, ойластырыла жазылған. Мәселен, өзім химия және биология пәнінің мұғалімі болғандықтан, ә дегеннен-ақ Ұлы даланың жеті қыры – «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» екені назарымды аудартты. «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады» дейді Н.Назарбаев. Менің ойымша, алдағы уақытта жоғары және орта арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жалпы орта білім беретін мектептердің өзінде ұстаздар мен оқушылардың қатысумен дәл осы тақырыпты зерттеу нысанына айналдырып, түрлі ғылыми ізденістер жасауға болады. Сондай-ақ, әр мектепте Қазақстанның қай бөлігінде қандай алма мен қызғалдақ өсетіні туралы оқушыларға мол мағлұмат беретін бұрыш ұйымдастырылса да артықтық етпес еді. Еліміздің барлық өңірі өздеріне тиесілі аумақта өсетін алма мен қызғалдақтың түрлерін зерттеп, қорғауға алудан да ұтарымыз көп. Ақыры аталмыш өсімдіктердің тарихи отаны екенбіз, неліктен алма мен қызғалдақ өсіруді қарқынды дамыту арқылы экономиканың табыс көзіне айналдырмасқа?!
Сонымен қатар, Елбасы бұл мақаласында ұстаздарға тағы бір міндет жүктеп отыр. «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды», — деді ол.
Тағы бір ескерер жәйт Ұлы дала дүниеге әкелген Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырына қатысты. Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне мектептерден «Ұлы даланың ұлы есімдері» мен «Ұлы дала тұлғалары» атты оқу-ағарту бұрышын ашуымыз керек.
Әрине, осындай құнды дүниелерді жүзеге асыру бірінші кезекте қаржыны талап етеді. Сондықтан мектептер арқылы ұлттық сананы жаңғыртып, тарихымызды түгелдегіміз келсе, мемлекет тарапынан біраз қолдау керек-ақ.
Жалпы, мемлекет басшысы қазақ тарихына деген жаңаша, жалпыадамзаттық, жаһандық көзқарасты қалыптастыруды 1997 жылы “Тарих толқынында” атты кітабында бастап берген болатын. Ал араға 20 жыл салып бұл реттегі нақты қадамдар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы жасала бастағаны қуантады.

Дина ҚАМЫСБАЕВА,
№125 жалпы орта мектебінің мұғалімі.
Шымкент қаласы.