Жеңімпаздарды таңдау жүріп жатыр

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша былтырдан бастап «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынғаны баршаға аян. Бұл жобада топты жарып шыққан 102 жеңімпазды мемлекет басшысы арнайы шақырып, олардың елеулі еңбектеріне сәттілік пен табыс тілеген болатын. Қазіргі таңда дарынды, талантты, іскер жандарды жастарға үлгі ету арқылы, олардың патриоттық сезімін нығайту мақсатында қолға алынған бұл сайыстың екінші айналымы басталғаны белгілі. Оған екі мыңнан астам кандидат тіркелген. Солардың ішінен екінші кезеңге 200 адам іріктеліп алынған. Енді осылардың ішінен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарын анықтау көпшіліктің онлайн дауыс беруімен жүргізіледі.
Бұл туралы журналистерге еліміздің Ақпарат жəне коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова мен «Қазконтент» АҚ-ның төрағасы Думан Қожахметов қатысқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық конкурсына арналған баспасөз конференциясында мәлім етілді.
Өз кезегінде жеңімпаздарды анықтау үшін дауыс беру ағымдағы жылдың 2-15 қарашасы аралығында жүретінін айта кетейік.
Республикалық конкурсқа қатысып жатқан кандидаттарға онлайн дауыс беру 100esim.el.kz сайтында жүзеге асырылады. Дауыс беру үшін сіз аталған сайтқа тіркелуіңіз қажет. Дауыс беруші «қоғам», «ғылым», «медицина», «бизнес», «спорт», «мәдениет» атты әрбір категория бойынша үш дауыстан бере алады.

«Уақыт».