Маңызды

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН ТАНЫСУДЫ БАСТАДЫ

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысу үшін Достық және А.Қалыбеков ауылдық округтерінде болды. Ең алдымен өңір басшысы Достық ауылдық округіне қарасты 6 елді мекенді және ондағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарды аралап көріп, тұрғындар тарапынан айтылған өзекті мәселелерді тыңдады.

Достық – Мақтаарал ауданындағы халқы ең көп және ең көп ұлтты ауылдық округ саналады. 11283 гектар жерде 16 мыңнан аса тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде. Негізінен егіншілікпен айналысатын өңірде 9665 гектар суармалы егістік жер бар. Сондай-ақ, мұнда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 5236 ірі қара, 12834 уақ мал, 394 жылқы, 4900 құс тіркеуде тұр. 4 шаруа жанұялық сүт фермасымен және 10 шаруа мал бордақылаумен айналысады.

Округте барлығы 5 мектеп, 8 балабақша, 5 денсаулық сақтау мекемесі, 3 почта қызметі, 1 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 11 сауда нүктелері халыққа қызмет көрсетуде.

Достық тұрғындары тарапынан негізінен елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан К-19 каналының басына су сорғыш орнатып беруді еңбекші диқандар өтінді.

Мұнан соң аудан басшысы 7 елді мекені бар А.Қалыбеков ауылдық округіне барды. Округтің жалпы көлемі 4564 гектар жерінде 8631 адам тұрады. Мұндағы тұрғындар да негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Барлығы 535 шаруа қожалық округтің экономикасын көтеріп отыр. Округте ішкі жолдардың жағдайы жақсы, басым бөлігі асфальт төселген. Сондай-ақ, мұнда облыстық трасса жаңадан салынуда.

А.Қалыбеков округінде барлығы 4 мектеп, 6 балабақша, 11 сауда нүктелері, 2 мақта түту цехы, 1 СВА, 4 ФАП, 1 клуб, 1 кітапхана, 1 почта бөлімшесі тұрғындарға қызмет етуде.

Округке газ жолдары тартылып келгенімен тұрғындар көгілдір отынның рахатын көре алмай отыр. Бұл мәселемен жақсы таныс екенін және оны шешу үшін мәселемен тұрақты айналысып келе жатқанын айтқан аудан әкімі Б.Асанов алдағы қараша айына дейін газдың берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, кейбір елді мекендердегі электр бағаналарын, трансформаторларды жаңарту мәселесін де ауыл тұрғындары көтерді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір жоқ

Пікір қалдыру