ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Қала аумағында салынған нысандардың арқасында түрлі республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігі пайда болды. Мәселен, жуырда облыс орталығындағы «Olympic center» спорт кешенінде волейболдан жоғарғы лигадағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының ХХХІІ чемпионаты өтті.
Республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 5 команда қатысып, бақтарын сынады. Чемпионаттың жеңімпазы атануды мақсат еткен командалар арасындағы ойындар аса тартысты өтті. Жүлделі орыннан көріну үшін бар өнерлерін ортаға салды. Бір аптаға созылған бәсі биік бәсекеде Түркістан облысының «Тұран» командасы өз мықтылықтарын тағы да дәлелдеп, қатарынан 2-ші рет чемпион атанды. Ал Қызылорданың «Қайсар» волейболшылары күміс жүлдеге қол жеткізсе, мағыстаулықтар қола медальді қанағат етті. Ойын соңында чемпионаттың үздік ойыншылары да марапаттан тыс қалмады. Бұл номинация бойынша «Тұран» командасының талантты ойыншысы Олег Верегин үздік атанды.
Айта кетейік, Сабыржан Бульдуруков жетекшілік ететін Түркістан облысының «Тұран» спорт ойын түрлері клубы биылғы маусымда ғаламат нәтижеге қол жеткізді. Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында тұрандық арулар чемпион атанса, жоғарғы лига ерлер командалары арасында да жеңістің шыңын бағындырды. Одан бөлек, волейболдан 21 жасқа дейінгі қыздары жүлделі орыннан көрініп, өңір мерейін асқақтатты. Қоса кетейік, баскетбол, гандбол чемпионаттарында да тұрандық спортшылар үздіктер қатарында тұр.