«КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ» САЯХАТШЫЛАР ТАБАН ТІРЕЙТІН ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАНҒА АЙНАЛАДЫ
Елімізде туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Оның ішінде Түркістан қаласын туристер жиі келетін орындардың қатарына қосу үшін бірталай тындырымды тірлік атқарылды. Нәтижесінде қалаға келетін қонақ саны айтарлықтай артқан. Бүгінде облыс орталығы тарихи шаһар ретінде танымал бола түсуде. Сәйкесінше, көненің көзіне айналған нысандарды жаңғырту, археологиялық қазба жұмыстарын күшейту бағытында да жоспарлар түзіліп, сәтті жүзеге асып келеді.
Соның бір жарқын мысалы ретінде Түркістандағы «Күлтөбе қалашығын» айтуға болады. Бүгінде ашық аспан астындағы археологиялық мұражай-паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталуға жақындап қалды. Дегенмен қазіргідей сандық технология қоғам өміріне дендеп енген уақытта туристерді таңдандыру да қиын. Сондықтан жоғарыда аталған жобаның жалғасы ретінде келушілерге цифрлық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. Тарихы ғасырларға созылатын қалашық Яссы қаласының бір бөлігі саналады. Сондықтан мұндағы жұмыстар ЮНЕСКО-ның тікелей қадағалауымен жүзеге асып жатыр. Қала берді, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тарихшылардың пікірі де ескерілуде. Теңдесі жоқ жобаның туристерді өзіне тартары белгілі. Қазіргі уақытта мұнда күмбездің темір конструкциялары мен күмбез жабындары орнатылып болды. Алдағы уақытта нысан айналасына жол салу жұмыстары жүргізіледі.
Ресми ақпараттарға сенсек, алдағы уақытта құрылыс аяқталса, нысан айналасы жасыл желекке айналады. Тарихи нысандағы құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 30 гектарға жуық жерде жүргізілген. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шартырлы күмбез орнатылды. 27 тірек, кәріз сорғы станциясы мен дренажды жүйе салынды. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми тұрғыда тереңдете зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалыспақ. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері, атап айтқанда, қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырларға тиесілі бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Мұның баршасы болашақта «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшылар назарына ұсынылмақ.