ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУҚЫМДЫ МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ

Кітап – рухани қазына, асыл байлықтың өлшемі. Бүгінде өркениет сынды өрісі кең жолға түскен елдердің тұрғындары кітапты ғұмырына серік етіп, күнделікті өмірінде жиі пайдаланады. Кітапқұмарлар түрлі мәдени шаралардың ұйытқысы болып, тың бастамаларды ұйымдастырып жатады. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында да жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жуырда дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап шоу-2024» мәдени іс-шарасы өтті.

Кешті Түркістан облысының құрметті азаматтары ашып беріп, кітаптың адам баласына пайдасы турасында тарқата баяндады. Кітап мерекесіне Түркістан мен Кентау қалалық кітапханасы, Түркітілдес халықтар кітапханасы мен Сауран аудандық орталық кітапханалары да қатысып, келушілерге 9 сала бойынша арнайы жасақталған көрме-инсталляцияларын ұсынды. Сонымен қатар мәдени шараның «Әдеби шаңырақ» айдарында ақын, дәстүрлі әнші, ХҚТУ-дың оқытушысы Жанғали Мұсаев пен ақын, ұстаз Әсел Бимырзаевамен сырлы сұқбат өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары негізінде «Балалық шаққа саяхат» еңбегі бойынша Түркістан қаласы «АКА», «Арманда, кемелден, асқақта» шығармашылық орталығының өнерлі балалары көрініс көрсетті.
Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, қатысқан кітапхана басшыларына ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанованың алғыс хатын табыстады. Кітап күніне белсенді қатысқан өнерпаз балалар да кітапхана директорының алғыс хатымен марапатталды.