ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА БАҒАСЫ 1 ЖЫЛДА 18 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН

Азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанын жазып жүрміз. Кейбір тауар түрлерінің бағасы бірден 80 пайызға өскенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Қоғамның екі бүйірінен қысып бара жатқан қымбатшылық азық-түлік тауарларымен шектелмейді. Тұрмыстық техниканың бағасында да өсім байқалады. Қымбатшылық әсіресе Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында айқын білініп отыр.

Energyprom.kz порталының мәліметіне сүйенсек, тоңазытқыш пен мұздатқыш 15,8 пайызға, асүй плиталары 17,2 пайызға, кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналар 22 пайызға, шаңсорғыш 25,1 пайызға қымбаттаған. Тұрмыстық техника бағасының шарықтауын белгілі экономист Мақсат Халық әлемдегі инфляция мен геосаяси жағдайлармен байланыстырады. «Импорттық инфляция дейді.Сырттағы тауарлардың қымбаттауы.Яғни ол елге келген кезде одан әрі қымбаттауы. Мысалға биыл доллардың өзі құнсызданды. Ол жақта өйткені Америкада инфляция 8,5 процентті құрады. Ол нені көрсетеді, демек Европада да, Америкада да тауарлар бағасы өсіп жатыр» дейді ол.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бағаның бұлайша құбылуы әрі қарай да жалғаса береді. Әлемдік саясаттағы оқиғалардың өзі жақын арада аяқталмайтынын аңғартқандай. Сәйкесінше, азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық техника бағасы да жуық арада тұрақталмайды.