ЕСІРТКІМЕН КҮРЕСТІҢ ЕСКІ ӘДІСІ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың мәселесі – жалпы елдің, қоғамның түйткілді түйіні. Жастар арасында мәселе де жоқ емес. Мәселен, соңғы уақытта есірткіге әуес жастардың қатары қалыңдап бара жатыр. Мұны ресми статистика дәлелдеп отыр.

Есірткімен күрес қаншалықты қарқынды жүргенімен, жастарды ғасыр індетінің құрығынан толық құтқару мүмкін болмай тұр. Күн сайын есірткі саудасымен айналысатын сайттар ашылып, саны көбеюде. Арнайы лабораториялар да көптеп анықталып жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайып келеді. Десе де арқаны кеңге салып, бұны оң өзгеріс деп санауға болмайды. Өйткені олардың саны шын мәнінде өсіп жатыр дейді мамандар.
«Олар көбінесе біздің орталықтарға келмеуге тырысады. Өзіңіз білесіз біздің орталықта есепте тұрса, жұмысқа тұруы қиын. Қиын болғанда ешкім алмайды да оны. Сондықтан жекеменшік клиникаларға барып емделгенді дұрыс санайды» дейді психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев. «Тездік», «экстази», «метамфетамин», «тұз» — мұның бәрі жастар арасында кеңінен танылған психотроптық заттардың түрлері. Бұрын ол елімізге заңсыз жолмен Қытай немесе Ресейден кіргізілетін. Соңғы жылдары елімізде де әзірлене бастаған. Айта кету керек, Қазақстан бойынша 18 мың есірткіге тәуелді азамат есепте тұр. Оның 2500-і әйел болса, 94-і – жасөспірім. Тіркеудегілердің басым бөлігі – 14 пен 25 жас аралығындағылар. Қазіргі күрес әдісі өз нәтижесін жоғары деңгейде беріп отырған жоқ. Сондықтан тың, жаңа күрес әдісі қажет секілді. Себебі сайттар бұғатталғанымен, орнына сайт ашып, сауданы жүргізе беру оп-оңай. Осыны ескерсек екен…