ЕЛІМІЗДЕ ОҚУ ЖЫЛЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРУЫ МҮМКІН

Әлеуметтік желіде біраздан бері оқу жылын ұзарту мәселесі кеңінен талқыланып келе жатыр. Бірі қолдады, енді бірі дұрыс емесін жазып жатыр. Дегенмен жуырда ақпараттың анық-қанығы белгілі болды. Нақтырағы, аталған мәселе күн тәртібінде тұр. «Ашық НҚА» порталында Оқу-ағарту министрлігі бұйрығының жобасы жарияланды.

Құжатқа сенсек, 1-сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 (12) сыныптарда 36 оқу аптасы болады. Алдағы оқу жылында барлық сыныптарға мынадай каникул кезеңін белгілеу ұсынылады. Күзгі каникул 2022 жылдың 31 қазанынан 6 қарашасына дейін, яғни 7 күнге созылады. Қысқы каникул 31 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында болады. Көктемгі каникул 18-26 наурыз аралығын қамтиды. Бірінші сынып оқушылары үшін де қосымша жеті күндік каникул енгізіледі — 2023 жылдың 6 ақпаны мен 12 ақпанын қоса алғанда.
«Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын арттыру күніне сабақтар санын азайтуға, күрделі тақырыптарды оқу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамытатын оқыту қағидаттарында ұйымдастыруға мүмкіндік береді» делінген хабарламада. Айта кету керек, бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2 тамызға дейін жалғасады.