ҰЛТТЫҚ БАНК БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІ 14,5 ПАЙЫЗҒА КӨТЕРДІ
аталған әдіспен инфляцияны ауыздықтай аламыз ба?
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 14 пайыздан 14,5 пайызға дейін көтерді. Бұған дейін сәуір айының соңында базалық пайыздық мөлшерлеме 0,5 пайыздық тармаққа жоғарылап, 14 пайызды құраған еді. Орын алып жатқан қадамдар ақша-несие саясатының қатаңдап жатқанын көрсетеді. Әлемдегі инфляциялық қысымның күшеюі, импорттық тауарлар құнының өсуі мұндай қадамға баруға себеп отырғаны да жасырын емес. Қалың оқырманның жадында болса, ағымдағы жылдың наурызында жылдық инфляция 12 пайызға жетіп, рекорд жаңартқан еді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса ма? Негізгі себептері қандай? Экономикаға қалай әсер етеді? Саралап көрейік…
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 13,5% болады» делінген Ұлттық банктың хабарламасында. Яғни бұл қадам инфляцияны ауыздықтау үшін қолға алынып отыр. Инфляция дегеннің өзі – тауар бағасының өсуі салдарынан ақшаның құнсыздануы. Оған азық-түліктің тапшылығы, бағаның өсуі сынды бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Ал қазіргі уақытта әлемде инфляцияның өсуі жеделдеген. Оған азық-түлік бағасының өсуімен қатар, энергия ресурстары бағасының қымбаттауы мен сұраныс-ұсыныс теңсіздігі әсер етіп отыр. Нәтижесінде дамыған елдерде инфляция деңгейі 6,6 пайызды құраса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш 9,5 пайызға жетіп жығылады. Елімізге келсек, маусымда жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жеделдеді. Баға өсіп келеді. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары 19,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 13,2 пайызға, ақылы қызметтер 9,2 пайызға өскен. Мұның негізгі себебі – импортқа тәуелді тауарлардың бағасының өсуі, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, теңгенің әлсіреуі. Өз кезегінде, мұның барлығына Ресей мен Украина арасындағы даудан басталған саяси оқиғалар себеп болып отыр. Ұлттық банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Күтпеген оқиғалар орын алмаса, инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан кейін баяулайды.
Базалық мөлшерлеме дегеніміз – Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге кредит берерде немесе олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданатын пайыздық мөлшерлемесі. Яғни екінші деңгейлі банктер дәл осындай пайызбен Ұлттық банктен кредит алады. Сәйкесінше, олар халыққа дәл осы пайыздық мөлшерлемеден жоғары етіп несие береді. Демек Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі неғұрлым жоғары болған сайын, халыққа беретін екінші деңгейлі банк несиелерінің пайызы соғұрлым жоғары болады деген сөз. Мұның инфляцияға не қатысы бар дейтін сауалдың туындайтыны тағы белгілі. Тарқатар болсақ, тікелей әсер етеді. Банк беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі өскен сайын, халықтың кредитке жүгінуі азаяды. Сәйкесінше, нарықтағы ақша айналымы да қысқарады. Халық ақшаны оңды-солды шашуды доғарады. Міне, осы уақытта нарықта ұсыныс көбейеді. Яғни, сатылатын тауар көп, ал сатып алатын азаматтар аз. Тығырықтан шығу үшін өндірушілер бағаны төмендетуге тура келеді. Осы арқылы тауарлар бағасы бүгінгідей шарықтаудың орнына түсе бастайды. Яғни, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені көтерудегі негізгі мақсаттарының бірі де – осы.
Әйтсе де кей сарапшылар мұның жемісті нәтиже бермейтінін алға тартады. Мәселен, тәуелсіз қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев өз ойын былай тарқатады «Бірақ, өкінішке қарай, бұл бізде жұмыс істемейді, өйткені инфляция халықтың жоғары сұранысы мен шығындарынан емес, сыртқы себептерден, бүкіл әлемде баға өсті. Біз инфляцияны басқа елдерден алып жүрміз және базалық мөлшерлеме оған ешқандай әсер етпейді, өйткені біз қарулы қақтығыстар немесе жаңа жеткізу тізбегі сияқты факторларға әсер ете алмаймыз. Базалық мөлшерлемені көтерудің негізгі кемшілігі – қымбат несиелер. Оның үстіне, тұтынушылар қазір тарифке басқаша қарайды, олар үшін оның 0,5 пайызға артық бола ма, ол маңызды емес. Бұл жоғары мөлшерлемемен несие алуға дайын емес бизнеске әлдеқайда күшті әсер етеді. Қазірдің өзінде кәсіпкерлерге 20 пайыздық мөлшерлемемен несие беріліп жатыр. Оны төлеу үшін бизнес өте жоғары маржаға ие болуы керек. Қарқынның өсуі экономиканың баяулауына әкеледі. Біз қазір экономикада несиелік серпіннің толық жоқ екенін көріп отырмыз, өйткені бизнес тек несие арқылы ғана дами алады. Сондықтан қазір көпшілік дабыл қағып жатыр». Сарапшының пікірінше, елімізде несие мөлшерлемесі аса жоғары. Тіпті, Ресейден екі есеге жоғары деуге болады. Бұл – жағымды жайт емес. Сонымен қатар қазіргі уақытта несие алудың да қажеті жоқ. Өйткені өте тиімсіз. Келесі жылы ахуал тұрақтанса, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі төмендеп, несие беру шарттары жеңілдейді.
Ал экономист Магбат Спановтың пікірінше, бастама халықтың әлеуметтік ахуалына тікелей әсер етеді. «Әрине, бұл өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл Президент жариялаған халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі мақсаттарға сәйкес келмейді… Жағдай күрделі, өйткені Ұлттық банкте инфляцияны төмендету құралдары аз. Тағы бір жолы — экономикадағы ақша көлемінің өсуін тоқтататын жоғары табысты бағалы қағаздарды шығару. Алайда қордаланған мәселелерге байланысты қазір инвестиция онша белсенді емес» дейді ол. Сарапшының пікірінше, Үкімет енді жұмысқа мықтап кірісуі керек. Ертерек өнім шығаруға әрекет етуі тиіс. Сонымен қатар инфляцияның артуы жалақының өсуіне де кедергі болмақ. Себебі энергия бағасымен қатар, жұмыс берушілердің шығыны да өскен. Бізде онсыз да теріс төлем балансы бар. Бұл – елдің өз қаржысына өмір сүрмейтінін білдіреді. Яғни кірістен шығын көп.
Осы тұста Ұлттық банктің бұл қадамын қолдаушылардың барын да айта кету керек. Бірқатар сарапшылар дәл қазіргі уақытта базалық мөлшерлемені төмендетуге әсте болмайтынын алға тартады. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеміз деген бастаманың соңы тұтынушылық несиелердің күрт көбеюіне әкелуі мүмкін. Сәйкесінше, тұрғындардың несиеге жиі жүгінуі онсыз да өсіп жатқан инфляцияға қатты әсер етпек. Қала берді, тұтынушылық несиенің арзандауы импорттық тауарларға деген сұранысты да арттырып жібереді. Оған жауап ретінде отандық өнімдер мен қызметтердің де бағасы аспандай түспек. Яғни дәл қазіргі уақытта базалық мөлшерлемені төмендету – ақылға қонымсыз әрекет.
Қорыта келгенде, қазіргі жағдай аса күрделі. Ішкі нарықты отандық өніммен қамти алмауымыздың салдарынан шетке тәуелді болып отырмыз. Сәйкесінше, халықаралық деңгейде орын алып жатқан оқиғалардың салдарынан, бұзылған логистикалық тізбектің кесірінен, базардағы баға күрт аспандап, тауар тапшылығы айқын сезіле бастаған сыңайлы. Мұндайда инфляцияның күшейетіні белгілі. Ал Ұлттық банк қолда бар мүмкіндіктердің көмегімен оны ауыздықтауға барын салуда. Биылдыққа үшінші рет базалық мөлшерлемені көбейтіп отыр. Десе де мұның өзі соңғысы дегенді аңғартпайды. Ал әлеуметтің әлеуетіне инфляцияның ауыр соққы болып тиіп жатқаны тағы белгілі. Сарапшылардың пікірі де қақ бөлінеді. Бірі халықтың несиеге жүгінуі азаймайды десе, енді бірі оңды-солды ақша шашуды дәл осы жолмен тежеуге болатынын алға тартады. Бірі кәсіпкерлік сала тығырыққа тіреледі десе, енді бірі бағаны тұрақтандыруға сеп боламыз дейді. Қош делік, пікір көп, болжам да түрліше. Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтің әлеуетін көтеру бастамаларына иек артудан басқа шара жоқ секілді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.