ЖАҢА ЖОБА ЭЛЕКТР ҚУАТЫНА ДЕГЕН ТӘУЕЛДІЛІКТІ ЖОЯДЫ

Түркістан облысы электр қуатының негізгі бөлігін сыртқы көздерден алады. Сондықтан аталған мәселе күні бүгінге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Өңірде баламалы энергияға көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. Жуық арада облыстағы энергия тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмек. Толығырақ тоқталайық…

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен кездескен болатын. Жүздеген адам жиналған жиында өңір басшысы алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстар жайына тоқталып өтті. Айрықша айта кетерлігі, өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жоба іске асырылуда.
Соның бірі – «Өгем өзенінде су электр станциялары каскады». Бұл жоба бойынша облысқа 293,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылады. Жобаның болжамды құны 722,8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі «Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындарды түбегейлі ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Өздеріңізге белгілі жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады (қажеттілік 320 МВт). Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, 1000 МВт Газ станциясын (ПГУ) салуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылдың 15 шілдесінде аукцион өткізіліп, жеңімпазы болып «ПГУ Түркістан» ЖШС-гі анықталды. Құрылыс кезінде 2000-2500, пайдалану кезінде 200-250 тұрақты жұмыс орны ашылады» деді.
Бастама жүзеге асса, облыстағы энергия тапшылығы мәселесі толық шешіледі. Дегенмен мұның өзі жарық пен қуатты ретсіз пайдалануға болатынын аңғартпайды. Талғамы биік оқырман қауым мұны айқын біледі деген сенімдеміз.