ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ҚОҚЫС ТАСТАМАУДАН БАСТАЛАДЫ

Қоршаған ортаны қорғау мен таза ұстау – әр азаматтың желкесіне жүктелетін жауапкершілік. Ал бастамаға мұрындық болу мен ұйымдастыруды жергілікті әкімдіктер атқарады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта өңірлердің тазалығын насихаттап, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен шаралар жиі өткізіліп келе жатыр. Азаматтардың экологиялық сауатын арттыратын осындай игі бастаманың бірі Келес өңірінде өтті.

Нақтырағы, өткен аптада Келес ауданында «Қоршаған ортаның тазалығы – денсаулық кепілі» атты сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбілік жұмыстары «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының мұрындық болуымен өтті. Тазалық шарасына Келес ауданының ауыл, ауылдық округтерінің қызметкерлері де қолғабыс болып, белсенді атсалысты. Санитарлық тазалық жұмыстарының басым бөлігі республикалық маңызы бар А-15 «Жиззах-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібекжолы» автомобиль жолының Келес ауданы аумағындағы бөлігінде өтті. Тазалық шарасына 6 техника жұмылдырылды.
Жалпы Келес өңірінде мұндай игілігі мол бастамалар ұдайы ұйымдастырылып келе жатыр. Әуелгіде шараға қолдау көрсетушілер саны аз болса, уақыт өте келе қатары қалыңдаған. Қала берді тұрғындардың да экологиялық сауаты артып, қоршаған ортаны ластамау мен қорғауға айрықша үлес қосып келе жатыр. Оның ішінде жастардың белсенділігі айрықша екенін баса айта кеткен дұрыс. Сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. Жергілікті әкімдік мұндай шараларға тұрғындардың жиі қатысуы керегін айтады. Сонымен қатар қоршаған ортаны ластамаудың өзі – табиғатты қорғаудың ең алғашқы қадамы дейді ұйымдастырушылар.