Маңызды

СОТТЫҢ ҮЗДІК МАМАНЫ

Әділдік, турашылдық — қай қоғамда да адам баласына берілген ерекше ғажайып қасиет. Осындай жолда жүрген, яғни заңгер мамандығын жан-жүрегімен қалаған Ерік Асылбекұлы «Еңбексіз зейнет жоқ» дегендей бұл мамандықты терең оқымай, маңдай терлетпей — игерем деу – ойсыздық» дейді. Сол себепті де «әділдік бар жерде — заңсыздық байқап жүретін, әділетсіздік бар жерде — заңсыздық шайқап жүретін» заманда «қара қылды қақ жарған» әділ де турашыл заңгер болу оның асқақ арманы болған.

«Бала кезімде ата-анамнан, ағайын-туыстардан, жалпы кейбір аға буындардан «өз құқығын білмеу – өз құқығын қорғай алмау» туралы көп еститінмін. Қолданыстағы заңды дұрыс білмеу салдарынан өз құқығын қорғай алмай, әрбір екінші қазақстандық азаматтың құқығы тапталатыны жасырын емес. Ал мұндай мәселе зайырлы, демократиялық мемлекетте орын алмауы керек деген ой менің мақсатымның орындалуына септігін тигізді» деген әсерлі әңгімесінен нағыз сот жүйесінің маманы екенін аңғардым.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Бейнеткеш елді мекенінің тумасы Ерік Асылбекұлы Сихимбаев Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің «құқықтану» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбекші аудандық сотының іс-жүргізушісі болудан бастап, Төлеби аудандық сотында бас маман — сот отырысының хатшысы, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты кеңесінің жетекші маманы, бас маман — сот мәжілісінің хатшысы, тіпті осы соттың кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарады. Шымкент қалалық соты кеңсесінің құжат айналым бөлімінің бас маманы, ал 2019 жылдан бері Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі болып бүгінгі күнге дейін абыроймен атқаруда.
Анығын айтқанда, сот кеңсесін қайнап жатқан істің ордасы деуге болады. Сот кеңсесімен барлық істер, құжаттар тіркеліп, есебі қалыптастырылып және аяқталып, орындауға жолданған әрбір сот актісіне бақылау жасалып отырады. Тобықтай сөздің түйіні, сот кеңсесі жұмысын өз дәрежесінде ұтымды ұйымдастыра білу — сотқа жүгінушілердің әділ сот төрелігіне деген сенімін қалыптастырады. Кеңсе меңгерушісі Ерік Асылбекұлы өзіне тапсырылған жауапкершілік жүгі ауыр сот жұмысын біліктілігі мен білімділігінің арқасында, өз ортасында сый-құрметке лайықты азамат деп дөп басып айтуға болады.
Ағымдағы жылдың 24 маусымынан бастап «Судьялар мен сот қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып жарияланды. Осы орайда, Ерік Асылбекұлы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып отырғанынан хабардар болдық. Ол сот жүйесінде қызмет атқарған он жылдан астам уақыт ішінде Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің Алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Шымкент қалалық филиалының Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының Құрмет грамотасымен, сонымен қатар Шымкент қаласының Әл-Фараби, Қаратау аудандары әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жас та болса сот жүйесінде өзіндік орнын қалыптастырып, абырой-беделімен қызмет жасап келе жатқан Ерік Асылбекұлының шығар шыңы биіктеп, асқақ-армандарының орындалғаны жайында жазарымыз көп болсын дейміз.

Озипа Алтаева,
«Azatnews» ақпараттық агенттігінің
бас редакторы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру