ҮЛКЕН ҮМІТТІ МӘПЕЛЕГЕН «БӘЙШЕШЕК»

Менің қолымда кіп-кішкентай ғана кітап тұр. Талай-талай томдарды таусылып тауыстық қой жетпіс жыл ғұмырымызда. Бірақ мынау өзгеше, өзгелерге ұқсамайды. Өзіндік өмірге деген өрімді өрнегі бар туындыларды тоғыстыра топтастырған. Аты да әйбат – «Бәйбішек Күрес, Сенім, Жеңіс» деп қойыпты. Шыншыл шығарманың иесі – 21 жастағы Жәмиля Бақтиярқызы. Мөп-мөлдір көңілдің төрінен төгіліп түскен, жалғыз жүректің жалпы айтарын адамдарға ғана арнаған жүз елу беттік туынды ой-санаңды селт еткізіп қана қоймайды, тебіреністің тереңіне батырады, өмірді сүйе білуге деген сергек серпілісті сезімді тұла бойыңа тұндырады. Сол тұнбада тұншығып барып, теңізден телегей дүниеге шығасың. Қандай ғанибет!

 

Өмірде Әмірбек Көпшев деген адам бар. Өмір бойы қалам ұстаған, парақ санаған. Жазушы болып туылған. Жазушы болып, «Бәйшешектің» бірінші кіріспесі, Алғы сөзге «Әділеттің ақ туы» деп ат қойып, қатты толқып, толағай тебіреніс пен арнау арнапты. Қалам ұстау – қатігездіктің толағайына сүңгу. Оны біздің Әшекең терең түсінеді. Сондықтан да болар керемет тебіреністі.
Он жасқа толар, толмастағы бала Жамиля сонда мына, бүгінгідей ғибадатты қалай ұғынған. Осы жазбаларын оқып отырып, бұған қатты таңырқадым. Үлбіреген балауса жап-жас балақыздық қаламынан төгілген ғибратты ойлар сірә да өзінің сол жасынан бұрындары-ақ ең әуелі ежелгі адамдық жаратылысынан түк-тұқияндағы түбі барып тірелетін көне дүниедегі Көк Түріктерден бертіндегі – Алты Алаш болып, тарихтағы алтын ордасын бөліп алып шыққан қазақ елінен, тіпті анығын айтсақ, өзінің тікелей түп атасы болып танылатын Төлеби бабамыздың өзінен абыз атаның арғы бергі жағындағы ата-әжелерінің рухынан, ал ең бастысы — Жаратушымыздың өзі Жәмилямызды айрықша мейіріміне бөлеп, жақсы көруінен екендігі ақиқат шығар. Жаратушымыз шынайы ұнатқан жаратылыстың ғана арнасы осылай арқырап, жарқырап ашыла береді.
Қарымды қаламгер осылай бір ой салып, тебіренеді. Адам болып жаратылу, анық жарық дүниеге жақсылыққа ұмтылуы, өмірге қадам басуы жайлы толғанысты ақ параққа арқау етеді.
Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар мен қиындықтар жібереді депті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с). Рас ау, шынында да. Онға толар-толмаста сол сынақ Жәмиляны іздеп тауыпты. Көңілін жабырқатып, жанға батар ауыр азап ауруын жіберіпті. Аз емес, он жыл мерзімге. Сол ауыр кездер, ауру кездер, қарақаттай ғана қыздың қолына қалам алдырып, ол бүгін қолымызға алып отырған «Бәйшешекке» арқау болыпты. Тараулар – «Күрес, Сенім, Жеңіс» болып хатқа түсіпті. Балалықтан басталған ой сараптары бойжеткен болғанша тізбектеле тізіліп, қаламгердің жылдық сүрлеуінен өткізіпті. Беу, дүние-ай!
Мен енді ғана мұздықтан бүр жарған «Бәйшешекті» екі мәрте оқып шықтым. Өнер баспасынан жарық көрмей тұрып, талай кісілер тебіреніп, туыстық пейіл, шын жанашырлықпен толғанып, толғанып отырып жүрек жарды пікірлерін білдіріпті. Тебіренбeй оқу мүмкін емес. Оларды талдау керек емес, тек кішкентай кітапты парақтап отырып толғана білу керек. Сонда ғана оның құнын түсінесіз, батасын сырласа отырып, сыбырлап қана бере аласыз.
Қарағылық қапасынан, жалғыздықтың жабырқауынан хатқа түсіп, кітапқа бекташар тарау болып тіркелсек, «Қараңғылық, жалғызбын» деген тараушаға көз салып көрейік. Жадымда сақталғаны – осы ғана. Біраз уақыт өтіп қайта ояндым. Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ашытқан дерт бір сәтте ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейді, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміттердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдардың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жүректер «өмір сүргім келеді» деп баяу болса да үзіліссіз соқты. Бұл жер жансақтау бөлімі еді.
Өне бойын дерт шарпыған он жасар қыз ес жиған соң тұтымдай тұлғасын тұмшылаған қамыстан жаңа дүниеге шыққан сәтте, оны еске түсіріп сылай толғанады. Кітап тура бір күнделік іспетті. Алланың адамға деген сынағы мен қыруар қуаты шабыт беріп, шымырқандырар күш ендіріп, Жәмиляның қолына қалам алдырыпты. Қара сөзбен ғана тоқырап тоқтап қалмай, қабілет шырмауында қаламгер қызымыз жыр шумақтарына көңіл бөліп, орын беріпті:
«Ұйқым – түс, азығым өлең болды,
Кеудеме бір белгісіз сезім қонды.
Шабыт шырақ жүрегіне маза бермей ,
Бастан – аяқ өшпейтін өртке толды…»
— деп тебіренеді. Он жеті жасында аурумен арпалысып жүріп, өлең жаза бастаған Жәмиля қаламгер Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтады. Он бірінші сыныпты аурумен арбасып, арпалысып жүріп, Алтын белгімен бітірген балғын қыз жиырмасында тұңғыш «Бәйшешегін» шығарып, оқырманына ұсынды. Біз бәрін тарамдап, талдамайық, өздеріңіз қолға алып, көз талдырып, аяғында бір тамшы жас қалдырып, оқып көріңіздер. Сонда біздің де тебіреністен бір тамшы жасымыз төмен ақса, өкінбейік, қуанайық, ойы өң батпан оқырман.

Серікбай Сапарұлы,
КСРО журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның
Құрметті журналисі.