ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОТ ТӨРЕЛІГІ: КЕШЕ, БҮГІНІ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕГІ

Еліміздің сот жүйесінің тарихы қазақ билерінен бастау алады. Олар Шыңғыс хан қағанатының заң ережелерін бекіттірген, «Орда биі» атанған — Майқы би. Ол кезеңнен «Түгел сөздің түбі — бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз қалған.

Одан беріде қазақ құқығының жүйеленген қайнар көзі болып табылатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын дала заңдары негізіндегі заңдар жинағы «Жеті жарғыны» бекіттірген, Әз-Тәуке ханның тұсында билік еткен үш төбе биіміз – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеки би.
Қазақ билері бүгінгі болашағымыздың жарқын және кемел болуына көп еңбек сіңірді, дамып, өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосты. Билер жүйесі мемлекетіміздің қалыптасуына, халқымыздың ой-санасының, әлеуметі мен мәдениетінің өсуіне зор ықпал етті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар. Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің қара қылды қақ жарған әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.
Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі Қазақстан Республикасының Коснтитуциясымен және «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңмен (бұдан әрі — Конституциялық заң) реттеледі. Ата заңымызбен Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны бекітілген.
Қазақстан Республикасының сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды.
Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Сот жүйесін жетілдіру шеңберінде сот сатысының үш буынды жүйесі енгізілді, мамандандырылған соттар, инвестициялық сот өндірісі құрылды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділет өз жұмысын бастады.
Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланыста реформалардан өтуде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.
Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел болып дамуында, жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.
Әрине, судья мамандығы ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздің сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына өз үлесімізді қосу – біз үшін мәртебе, мақтаныш.
Қорыта келе, әріптестерімді биыл алғаш рет атап өтілгелі отырған кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Қиыншылығы мол еңбектеріңізге жеміс, абыройлы зейнет, денсаулық, отбасылық басқыт тілеймін. Еліміздің игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңыздың әр күні сәтті болсын!

Тұрсынгүл Үмбетова,
Шымкент қаласының МАӘС судьясы.