«ТУҒАН ЖЕРДІ АЯЛАЙЫҚ!» ЭКО-СЛЕТІ ӨТТІ
AMANAT партиясы Кентау қалалық филиалы жанынан құрылған Жастарды қолдау кеңесі мен Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып, қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын ұстану мақсатын көздейтін «Туған жерді аялайық!» эко-сілетін өткізді. Қаратау табиғатында өткен шараға қаладағы жоғары оқу орнынан 6 команда қатысып, спорттық сайыстарда бақ сынады. Сонымен қатар жастар эко-сенбіліктерде де белсенділік танытты.
Жоба қатысушылары асық ату, ләңгі тебу, ою-өрнек салу, қаппен секіру, таяқ лақтыру, алтын қазына іздеу сынды ойындар бойынша жарысты. Нәтижесінде Кентау көпсалалы колледжінің «Бәйтерек» командасы топ жарып, жеңімпаз атанды. №7 Кәсіптік колледж шәкіреттерінен құрылған топ екінші орынға жайғасса, Арнаулы кәсіптік колледж студенттері үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздарға және қатысушыларға арнайы дипломдар, жүлделі орындарға кубок пен медальдар табысталды.
Бұдан бөлек, AMANAT партиясы жанынан құрылған Жастарды қолдау кеңесінің мүшесі және «Жастар қанатының» төрағасы Жақсыбек Нұрсат демеушілік жасап, барлық командаға қаржылай сыйлықтар табыстады. Жеңімпаздарды Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, қалалық мәслихат депутаты Қанат Әбдіәзизұлы марапаттады.