СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰРУ – БАРЛЫҒЫМЫЗДЫҢ МІНДЕТІМІЗ
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыра отырып, олардың көзқарастарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін бағыттау барлығымыздың міндетіміз болып табылмақ.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз – ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.
Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Сондықтан да әрбір азамат саналы түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алса елдіміздің өркендеп дамуына үлес қосары анық.
Елдің болашағы саналы түрде сыбайлас жемқорлықтан бас тарта алатын ұрпақтың қолында!
Абен Айасель,
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы.