ҚҰБА ИЕН ДАЛАМЫЗҒА ҚҰЛАН КЕЛЕДІ

немесе өркениет жасыл желекпен өлшенеді

 

Жақында Созақ ауданы әкімінің аудан жұртшылығымен болған кездесуінде тұрғындар тарапынан орман шаруашылығы саласына қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып қалды. Осы орайда, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жүнісхан Мырзаханұлы Әлімбековпен сұхбаттасып, аудандағы орман шаруашылығы саласында болып жатқан оң өзгерістерге шолу жасап, газет оқырмандарының көкейінде жүрген кейбір сауалдарға бірлесе жауап іздеуге тырыстық. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Жүнісхан Мырзаханұлы, әңгімемізді тарих қойнауынан бастасақ, өзіңіз басқарып отырған Созақ орман шаруашылығы қай жылы құрылды?

— Созақ орман шаруашылығы 1962 жылы ҚазССР мемлекеттік орман шаруашылығының 1962 жылғы ақпан айының 19 жұлдызындағы №71 және Оңтүстік Қазақстан өлкелік орман шаруашылығы басқармасының 1962 жылы қараша айының 29 жұлдызындағы №128 бұйрықтарына сәйкес, бұған дейін Түркістан орман шаруашылығы құрамына еніп келген Созақ орман саяжайы негізінде құрылған.
1964 жылы Созақ орман шаруашылығы болып құрылған. Штат саны 17 адам болған. 1988-1989 жылдары Созақ орман шаруашылығы Түркістан орман шаруашылығына қосылып, Созақ орманшылық учаскесі болып қалды.
1990 жылы Созақ орман шаруашылығы қайта бөлініп шыққан.

— Қазіргі кезде орман шаруашылығы қалай аталады? Штат саны қанша?

— Қазіргі кезде «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталады. Штат саны — 108 адам. Орман орналастыру жұмыстары нұсқамасы бойынша 2022 жылға 40 штат алу жоспарда бар.
Жоспар бойынша орман қоры жерлеріне жақын орналасқан ауылдардан мамандықтары бойынша бос орындарға жұмысқа қабылдау жүргізілуде. Сонымен қатар 2021 жылы облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа нысандағы ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Техникалық базаларымыз 16 жаңа типтегі трактормен, қызметтік көліктермен толықты. Сондай-ақ орман қоры жерінде қызмет атқаратын барлық жұмысшы-қызметкерлер, орманшылар арнайы қызметтік формалармен қамтамасыз етілді. Жаңа ғимарат маңынан көгалдандыру мақсатында сәндік ағаштар, шыршалар, аққайыңдар және түрлі жеміс көшеттері отырғызылды.
Аудан әкімінің нұсқамасына байланысты, ауданды көгалдандыру мақсатында, Шолаққорған-Шымкент бағытындағы бөлінген секторларға байланысты бұрын қураған талдардың барлығы жаңартылып, 1800 жаңа көшет егіліп, суғару жұмыстарын жүргізілуде.

— Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасына сәйкес, орманды алқапты ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?

— Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының 7-бағдарында Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырған болатын. Президентіміздің Жолдауына сәйкес, биологиялық алуан түрлілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарлар бекітілген.
Алдағы бес жыл ішінде орман алқабында 2 мил¬лиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылады. Бұл жоспар жүзеге асса, еліміздегі экологиялық жағдай да жақсара түседі. Қазақстан Республикасы президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауындағы алдағы 5 жылда республиканың орман қоры жерлерінде 2 млрд түп көшет егу тапсырмасын іске асыру шеңберінде Түркістан обылысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында жоспарды орындау, көгалдандыру жұмыстарының өз деңгейінде сапалы жүргізу мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алған.
Бұл ретте «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ 2021 жылды қоса алғанда алдағы бес жыл көлемінде 32 мың гектар алқапқа көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы 32 мың гектарға сексеуіл ағашының көшетінен және сексеуіл тұқымынан отырғызу, егу жоспарда бар. Мұндағы мақсат – құмды өлкенің негізгі ағаш тұқымын құраушы сексеуілдің өсімін молайту. Сексеуіл құмның көшкінінен және топырақтың эрозияға ұшырауынан сақтайтын бірден-бір ағаш болғандықтан, алдағы 5 жыл көлемінде орасан зор жұмыстар атқарылмақ. Жалпы сексеуіл ағашының 1 түбі құмды аймақтарда құм көшкіндерінің 4 тонна құмынан сақтайтындығы дәлелденген. Сексеуіл ағашы – құмды аймақтардағы елді мекендерді құм басып қалу қаупінен сақтайтын бірден-бір өсімдік.
Осы жоспар аясында биылғы жылдың күзінде 6500 гектар жерге сексеуіл тұқымын, көшетін егу үшін жер айдау жұмыстары жүргізілді. Бұл жер айдау жұмыстарына мекемеден 9 техника бөлінді.
Созақ ауданы аумағы құмды аймақ болғандықтан, сексеуіл ағашы ауданымыздағы құмды жердің көп жерлерінде табиғи жолмен және орман шаруашылығы мекемесінің атқарумен егіліп көбейтіліп келеді. Президент тапсырмасымен 2 млрд ағаш көшетін отырғызу республика көлемінде болғандықтан, біз облыс орталығы Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді құруға да өз үлесімізді қосудамыз. Осы бағдарлама аясында орман қоры және суармалы жерлерден 95 гектар аумаққа сексеуіл, қарағаш, терек, шырша көшеттерін егіп, «Жасыл белдеу» бағдарламасына орай Түркістан қаласының көркеюіне ұдайы көмек көрсетіп келеміз. Президентіміздің Жолдауын басшылыққа ала отырып ауданымыздың тұрғындарына, аудан көлемінде жасыл желекті бей-берекет сындырмауға және елді мекен айналасын көгалдандыру жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырамыз.

— Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің орманды, аң-құстарды қорғау мен өсімін молайту бойынша атқаратын қызметі жайлы баяндап өтсеңіз?

— Орман шаруашылығы мекемесі жалпы алғанда орманды өрттен, сұғанақтықтан және де басқа да орман қоры жерлеріндегі заң бұзушылықтан қорғау, орман қоры жерлеріндегі ағаштар мен бұталарды және аң-құстарды қорғау мен өсімін молайту мақсатында жұмыстар атқарады. Атап айтар болсақ, орман қоры жерлерінде басқа аймақтарда жыл сайын әртүрлі жағдайларда орман өрттері орын алып, едәуір алқаптар өртке оранып жатады. Өз кезегінде, өртке оранған алқаптардағы жылдар бойы күтіліп, қорғалып келе жатқан ағаштар түгі қалмай жанып, табиғатқа орасан зор зиян келтіріп, экологиялық жағдайлар туындатып жатады. Осы жағдайларды болдырмау үшін ауданымыздағы орман қоры жерлері мен орман қоры жерлерімен шекаралас алқаптарда өрт оқиғасын болдырмау, алдын-алу шаралары бойынша мекемеміз жыл сайын жоспарлар жасап, іс-шарлар жүргізіп келеді. Нәтижесінде ауылдық орман қоры жерлерінде жыл сайын 1720 шақырым жерге минералды жолақтар жүргізіп, өртке қарсы аса қауіпті аймақтарға өрт қарауылдау бекеттерін қойып, ол бекеттерде тәулік бойы мекеме қызметкерлерінен кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Бекеттерге арнайы өрт сөндіру автокөліктері, соқа тіркелген тракторлар, арнай су тасығыш цистерналар қойылады және өртке қарсы барлық құрал жабдықтармен, рациялармен, телефонмен қамтамасыз етіледі. Бекеттер қоюымыздың себебі – өрт оқиғасы байқалғанда жедел түрде мекеменің орталық кеңсесіне және аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабар беріп, бекетте тұрған техникалармен өртті өшіру жұмыстарын уақытысында бастап, өрттің ұлғайып кетуіне жол бермеу. Сонымен қатар жыл сайын ауылдық округ әкімдіктерімен, шаруа қожалықтарымен, өндіріс орындарымен келісімшарттар жасалып, өрт оқиғасы орын алған жағдайда ерікті техникалармен, жасақшылармен бірлесіп, әрекет ету мақсатында командалар құрылып, аудан әкімінің Өкімімен арнайы бекітіліп, жұмыстар жүргізіледі. Жыл сайын 1 сәуір мен 1 қараша аралығы өртке қауіпті маусым болып белгіленіп, осы маусымда өртке қарсы іс-шаралар атқарылады. Орман қоры жерлерімен шекаралас орналасқан заңды және жеке тұлғаларға, ауыл әкімшіліктері, шаруа қожалықтары мен өндіріс орындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау мақсатында мекеме қызметкерлері тарапынан нұсқамалар беріледі. Осы іс шаралардың барлығы – орман қоры жерлерін өрттен сақтауға бағытталған жұмыстар. Өрттің шығу факторлары кей кездерде орман қоры жерімен шекаралас алқаптарда адамдардың өртті қасақана қойып, өртеу жұмыстарынан өрттің көлемі ұлғайып орман қоры жеріне қауіп төндіріп жататын кездер де болады. Сол себепті жыл сайын халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Орманды сұғанақтықтан қорғау жұмыстары барысында мекеме қызметкерлері тарапынан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтер ұйымдастырылып, заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жүргізілген рейдтер барысында 2021 жылы 66 әртүрлі заң бұзушылықтар анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылып, келтірілген шығындар өтелді және биыл жыл басынан бері 25 оқиға тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды. Рейдтерді жүргізу үшін мекемеде қызметкерлері 6 дана патрульдік автөкөлікпен, 34 дана рациямен, GPS-навигатор құрылғыларымен қамтамасыз етілген.
Ауданымыз құмды аймақ болғандықтан, орман қоры жерлерінде алуға тиым салынған сексеуіл ағаштары өседі. Сексеуілдің шөлейтті аймақта және құм өңірінде өсетін басқа ағаш түрлерімен бірге құм тоқтатуда айрықша экологиялық мәні бар. Сексеуілді шамадан тыс және көп алқапта кесу сусымалы құмның ұлғаюына және экологиялық тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді. Сексеуіл ағашын сындырудың алдын алу шаралары барысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сексеуіл ағашын қорғау мақсатында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 13 тамыздағы №211 бұйрығы республика аумағындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл ағаштарының барлық түрлерін кесуге 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін шектеу қойылған. Сонымен қатар 2017 жылғы бірінші шілдеден «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Осы заңның күшімен Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 32 бабына 4.4 тармақшасымен толықтырулар енгізіліп, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, республика аумағында сексеуіл отындарын сауда нүктелерінде сатуға тиым салынды және Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 13 тамыздағы №211 бұйрығына, 2018 жылдың 06.12.2018 жылғы №17-5-6/326 және 28.03.2019 жылғы № 17-5-6/82 санды бұйрықтарымен өзгертулер енгізіліп, сексеуіл ағашарын кесуге 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тиым салынған. Сексеуілді орманының көлемін ұлғайту үшін әр жылы едәуір жұмыстар атқарылуда. Аң құстарды қорғау өсімін молайту үшін жыл сайын арнайы биотехникалық іс шаралар қабылданып, жабайы аңдарға арнайы тұз жем-шөптер шашылып, тиісті шаралар жүргізіліп отырылады. Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі бойынша сексеуіл ормандарын, аң-құстарды қорғау өсімін молайту бағытында қазіргі таңда 55 орман күзеті қызметкерлері жүйелі жұмыстар атқаруда.

— Жүнісхан Мырзаханұлы, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ орманды тиімді пайдалану бойынша нақты қандай шаралар атқарды?

— Орман заңнамалары негізінде орман қоры аумағында жыл сайын өртті болдырмау мен алдын алу және орманды зиянкестерден қорғау мақсатында орман алқаптарында тазалау жұмыстары жүргізіп отырылады. Соның бірі қазіргі таңда бізде қолданыстағы «өзгеде ағаш кесуден» «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ жерінің «Шолаққорған», «Мойынқұм», «Созақ» орманшылықтары бойынша 2021 жылға өзге мақсаттағы пайдаланудан өтімді үйінділерді жинау (тазалау арқылы қураған, жел сұлатқан, дауыл опырған, қар сұлатқан, шіріген, ауырған т.б ағаштарды (бұталар) 29910 гектар жерден 5315м3 (текше метр) 23.12.2020 жылы «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» РММ басшысының бұйрығы негізінде рұқсат берілген. 31.12.2021 жылы мемлекеттік орман қоры учаскелерінен жоспарлы 5315м3 өтімді үйінділерді жинауға рұқсат етілген және жазылған ағаш кесу билеттері негізінде 5315 м3 сүрек босатылып, одан 1 536 000 теңге орман түсімі алынған.
2022 жылға «Казатомпром-SaUran» ЖШС мен «Қаратау» ЖШС-на облыс әкімінің қаулысы негізінде уран өндіру үшін берілген алаңдарын тазалау мақсатында алынатын 191м3 жүзген, 1974 м3 сексеуілге рұқсат алу үшін басқармаға тапсырыс хат жолданды. Алдағы уақытта рұқсат келсе, аудан тұрғындарының тамызық отынға деген сұранысын толықтай қанағаттандыру жоспарлануда.
«КАТКО» БК ЖШС-на 04.06.2021 жылғы облыс әкімінің №131 қаулысы негізінде уран өндіру үшін берілген 605 га жер көлемі алаңдарын тазалау үшін рұқсат берілген 953 м3 сексеуіл отыны аудан тұрғындарына тамызық ретінде толығымен босатылып, одан 1 706 800 теңге түсірілді.

— Қазіргі таңда ауданымызда мал басының көбеюіне байланысты орман қоры жеріндегі жайылымдық жерлер мәселеге айналып отырған жоқ па?

— Жалпы мекеменің 1 014 898 гектар жерінің 101000 гектардан астам жері арнайы жайылымдық болып есептеледі. Орман қоры жерлерін 100-ден аса шаруа иелері жайылымдық немесе шабындық ретінде пайдаланады. Қыс мезгілінің суықтығына байланысты орман қорын негізі қыстық жайылым мақсатында пайдаланады. Пайдалану барысында орман қоры жерлерінде ҚР өрт қауіпсіздігі қағидаларын және орман кодексі бойынша қойылатын барлық талаптарды қатаң сақталуы керектігі ескертіліп, келісімшарт түзіледі. Жалпы орман қорын пайдаланушының міндеті мен құқықтары туралы үнпарақтар таратылып, түрғындар арасында және БАҚ арқылы тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда кейбір жер пайдаланушылар алған жерлерлерінің өрт қауіпсіздігін сақтамау немесе күл қоқысты шашып кету, болмаса су көздерін қоршап алу жайттары кездесіп жатады. Мұндай жағдайда ескерту бере отырып әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көрсетілген бабтарға сай айыппұлдар салынып, келісілген келісімшарттың күші жойылады.

— Созақ орман шаруашылығы мекемесі орманды сақтаумен бірге, ондағы аң-құстарды қорғап, өсімін молайтумен айналысатыны белгілі. Осыған орай, жойылып бара жатқан құланды өсіру жоспарланған екен. Осы жөнінде толық айта кетсеңіз?

— Созақ ауданы жерінде құлан атауымен аталатын бірнеше жер-су аттары кездеседі. Ал жер-су атаулары барлығымызға белгілі, тарихта болған оқиға немесе басқа да себептерге байланысты қойылады. Құлан атымен байланыстырылған жер-су атауларының кездесуі, біздің жерімізде ертеректе құланның мекендегенін дәлелдейді. Яғни ауданымыздың шөлейтті даласын құланның тарихи мекені деп айтуға толық негіз бар.
Қарақұйрық пен құлан «Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 қазандағы №1034 қаулысына сәйкес сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлері болып табылады. Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министірлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жабайы жануарларды қоныс аудару орталығын міндетті түрде тартып, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, қарақұйрық пен құланды қайта жерсіндіруге қарсы емес екенін жеткізді. Осыған орай, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан құлан мен қарақұйрықтың төлін алу және кейіннен қайта жерсіндіру үшін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда уақытша ұстау үшін орман қоры жерінен, көлемі 200 гектар болатын тұқымбақ құрылды. Атап айтсақ, осы тұқымбаққа құланның 5 аталығы мен 15 аналығын, қарақұйрықтың 3 аталығы, 12 аналығы және 5 төлін тірідей жеткізу жоспарлануда.
Тұқымбақта құланның өсіп-өнуіне барлық жағдай жасалынған. Тұқымбақ темір бағаналармен, арнайы сеткамен сапалы қоршалған. Су тапшылығынан да ешқандай қиындықттар жоқ. Тұқымбақтағы аңдарды күтіп баптау үшін қарауылдар, жұмысшылар және ветеринар маманы жұмысқа алынды. Құланның жерсінуіне толықтай жағдай жасалынды деп айта аламыз.
Біз орман қоры жеріне құланды алып келу жоспарының орындалуын, ұдайы назарымызда ұстап, қарқынды жұмыс атқарудамыз. Созақ даласына қарақұйрық пен құланды алып келіп жерсіндіру және көбейте отырып еркіндікке жіберу – Созақ орман шаруашылығы мекемесінің ең ауқымды жоспарларының бірі. Бұл жұмыстар біздің ұжымымыздың ғана емес Созақ ауданы тұрғындары үшін де маңызды әрі тарихи іс болады деп айта аламыз.
Созақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі ауданымыздың гүлденіп, көгалдануына айтарлықтай үлес қосып келе жатыр. Орманды даланы қорғауға алып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеуде. Осы орман саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, орман шаруашылығын дамытуға үлесін қосып келе жатқан орман шаруашылығының білікті мамандары Дәуленбаев Лесбек, Қалдәулет Орынбасар, Таңатов Сабырхан, Ажибаев Әділбек, Бекпенбетов Бақыт, Алтаев Әділдерді мақтанышен айта аламыз. Бұдан кейін де еліміздің көркейіп, көгалдануына өз үлесімізді қосып, ауқымды жұмыстар атқара бермекпіз.
Сұхбат беруге келіскеніңізге зор рахмет, жұмыстарыңызға тек толағай табыстар тілеймін!

-Сізге де рахмет, Мәке!

Сұхбаттасқан, Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі.