ДЕПУТАТТАР БАСҚАРМАЛАР ТАРАПЫНАН АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен жетінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың он алтыншы сессиясы өтті. Сессия отырысында қаланы көгалдандыру, инфрақұрылымды дамыту және бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бұдан бөлек, үшінші мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

 

Атқарылған жұмыстар есебіне келсек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов Шымсити, Тұран және Сәуле шағынаудандарына салынатын саябақтардың бүгінде жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын және осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін Еңбекші ауданындағы 12-шағынауданда 1,6 га болатын саябақтың құрылысы басталғанын айтты. Бұдан бөлек, өткен жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биыл көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеті отырғызылғанын атап өтті.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков ағымдағы жылдың аяғында 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып 11 мыңнан астам адам ауыз сумен, 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясы және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ жыл қорытындысымен 1 қосалқы станцияның, 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылса, табиғи газбен қамту деңгейі 93%-дан 94,7%-ға жететінін де айтты.
Ал ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Джанбатыров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сөзінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 116,1 пайызды құраған. Өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен жалпы 7,7 млрд теңге қаралып, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 5,7 млрд теңгеге айналымға қарыз қаражаты беріліп, келісімшарттар түзілген. Жыл соңына дейін қаладағы ірі азық-түлік желілері 115, әлеуметтік дүкендер саны 20-ға дейін және жылжымалы нүктелер саны 10-ға дейін жеткізілмек. Делдалдық схемаларды тексеру де назардан тыс қалмаған. Нанның бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында наубайханаларды төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алған.
Басқарма басшыларының есебінен кейін сессияда қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңеспен және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды. Жиын соңында шаһар басшысы мегаполистің дамуына елеулі үлес қосатын шешімдердің қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттық корпусқа алғыс білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлесе отырып, талай іс тындыратындарына сенім білдірді.