ШЫМКЕНТТІК АНИМАТОР АБАЙДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ ТУРАЛЫ СЕРИАЛ ШЫҒАРУҒА КІРІСТІ

Оның бұған дейін 20 мың теңгеге жасаған алғашқы туындысының бірі 45 млн. қаралым жинаған

Иә, шымкенттік Болат Бақдәулет (суретте) есімді жас студент Абай Құнанбаевтың балалық шағы туралы мультсериал түсіруді қолға алды. Ол Шымкенттегі Халықаралық Silkway университетінің Ақпараттық жүйелер және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алады. Бұл мамандықты ол кездейсоқ таңдамаған. Мектеп табалдырығында жүрген шақтан бастап анимацияға, ІТ жобалар жасауға қатты қызыққан. Арманын іске асыруға 15 жасынан бастап кіріскен. Содан бері төрт жыл өтті. Бақдәулеттің осы уақытта жеткен жетістіктері бір басына жетерлік. Қазақстандық TORGHAI TV телеарнасына 7 мультфильм жасауға тапсырыс алып, оларды сәтті жасап шығарған. Сол туындыларының ішінде «Қуыр, қуыр, қуырмаш» деп аталатын мультфильмі бүгінде ютуб интернет каналында 45 млн. қаралым жинаған. Ресейлік арна үшін көп сериялы Fox Family-дің 200 сериясының жарыққа шығуына міне осы Бақдәулеттің қолтаңбасы бар. Ал ол мұндай талап пен талантқа қалай қол жеткізді? Осы сұраққа жауап табу үшін біз Бақдәулетті сөзге тартқан едік.

– Өзім Түркістан облысы, Арыс қаласында туылғанмын. Сол қаладағы М. Әуезов атындағы орта мектепте білім алдым. Әлі есімде 7-класс оқып жүргенімде бізде тек қана екі канал көрсететін. Оның бірі Арыс телеканалы. Ол жерде кешкі сағат 18:00-мен 20:00 аралығында «Балапан» арнасы автоматты түрде қосылатын. Осы уақытты асыға күтетін едім. Теледидардың алдында тапжылмай Диснейлендтің мультсериал, мультфильмдерін сүйіп көретінмін. Картинадағы әрбір анимациялық көріністер санама «бұл туындылар қалай жасалады екен?» деген сауалды туғызатын. Сол қызығушылықтың нәтижесінде ұялы телефоннан анимациялық қимылдар жасауды бір кісідей меңгеріп алдым. Кейіннен анимациялық бағдарламаларды үйреніп, компьютерде мультфильм жасай бастаған. 9-класстан бастап екі-үш минуттық анимация жасау бойынша тапсырыс іздеуге кірістім. Содан Ресейден бір мультфильм жасау бойынша тапсырыс түсті. Оны орындадым. Бірақ гонарарымды ала алмай, алданып қалдым. Бұл үшін көңіл-күйімді түсірмедім. «Бұл да бір тәжірибе» деп тағы да тапсырыс іздей бастадым. Одан соң TORGHAI TV деген арнадан тапсырыс түсті. Бір рет аузым күйген соң, келіскен 20 мың теңге ақшамды алдын ала сұрадым. Олар белгілі бір әнді берді. Оның мазмұнына қарап, сценарий жазып, персонаждар ойлап тауып, «Қуыр, қуыр қуырмаш» атты 3 минутқа жақын мультфильм жасап шығардым. Оған үш күн кетті. Сол кезде менен бақытты адам болмағандай. 20 мың теңге тапқаныма бір қуансам, жасаған мультфильмнің каналға шыққанына қуанып, шаттанамын. Ол кезде 20 мың теңге мен үшін қазіргі 200 мың теңгемен пара-пар көп ақша болды. Бұл 2017 жылдың тамыз айы болатын. Қазір дәл осы «Қуыр, қуыр қуырмаш» ютуб каналында 45 млн. қаралым жинаған. Жалпы осы TORGHAI TV каналына «Асық әні», «Еркем-ай», «Әлди-әлди бөпешім», «Бала, бала балапан», «Бес қошақан» сынды 7 мультфильм жасадым. Соның бәрінен барлығы 200 мың теңге табыс таптым. Одан соң ресейлік тағы бір арнаға көпсериялы «Fox Family» туындысының 200 сериясын жасадым. Әр сериал 1 минут. Әр сериалы үшін 20 мың теңге, аптасына үш серия жасап, айына 200 мың теңге тауып жүрдім. Бұл жерден де жақсы табыс таптым. Осылай 2019 жылға дейін анимацияға көп көңіл бөлгеннен, тәжірибем толыса түсті. Қазір тапсырыс алуды тоқтаттым. Себебі оқуым бар. Тек бір бағытқа кетпей, жан жақты болу үшін бағдарлама жасауды үйреніп жүрмін. Бағдарлама жасау анимацияға қарағанда оңай және көп уақыт жоғалтпайсың. Әрі нәтижеге тез қол жеткізесің. Бірақ анимациядан кетпеймін. Қазір Абай Құнанбаевтың балалық шағы туралы мультсериал жасау жобасын қолға алдым.
Осылай деген ол «Абайдың балалық шағы туралы мультсериал жасаймын дедің… Бұл туралы ой саған қайдан келді?» деген сұрағымызға ол:
– Мұны тек менің ойым деп айтуға болмайды. О баста идея қайдан келді… Біздің оқу орнында универсиеттің негізін қалаған Б. Юнусов атындағы студенттерге берілетін грант бар. Мен осы оқу орнында жүріп қазақ орнаменттерін анимациялық жолмен көрсету бойынша гранттың жеңімпазымын. Бұл жұмысты мен 4-курсқа дейін аяқтауым керек. Осы бойынша қандай анимациялық туынды жасауға болатыны туралы біз оқу орнының проректоры Нұрлыбек Срайылұлы бастаған команданың кезекті бір отырысында ортаға тастадым. Онда 7 адам бар. Міне сол кезде ортадан шыққан қорытынды ой десек те болады. Ол барлығы 12 бөлімнен тұрады. Әр бөлімі 10 минутқа жалғасады. Қазіргі таңда оның 1-2 сериясының сценарийін жазып қойдым. Онда Абай Құнанбайұлының өзінің досы Ерболмен бірге ауыл балаларымен асық ойнауға шығуы көрсетіледі. Ауыл балаларының Абайды онша ұнатпағанын, бірақ асық ойыны кезінде оның өзгенің жеңістеріне қуана білетін рәуішін байқап, іш тартып, сөйлесе бастағаны көрсетіледі. Сөздері жараса кетеді. Яғни алғашқы сериясында біз асық ойыны арқылы балалар арасындағы достықты дәріптейміз. Одан кейінгі бөлімінде олардың көрші ауылдың балаларымен асық атудан жарысқанын көрсету арқылы, бірлікті насихаттаймыз. Келесі бөлімінде киіз үйдің қалай құрылып-жиналатыны туралы картиналар болады. Айта кететіні сериалдардың мазмұны ойдан шығарылған. Сценарийін жазу, оның бала кездегі бейнесін жасау кезінде университетте қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып, Абайдың шығармаларындағы көңіл лексемасын, Абайдың шығармасындағы араб сөздерінің жиілігін есептеп жатқан бір-екі студенттермен ақылдасамын,-деді.
Әңгіме барысында Бақдәулет бұл ғылыми жобаны жалғыз өзі алып шығу қиынға соғатынын айта келе, «12 серияны аяқтау үшін маған команда керек. Кемі 3-4 аниматор қажет. Сол үшін мен қазір «Smart Hub» IT орталығында курсқа жазылған тыңдаушыларға анимацияны үйретіп жүрмін. Тыңдаушылардан көмек алу үшін мен оларға үйретуім керек. Алғашқы 2 сериясын 4-курсқа дейін орындауым керек. Оның әр сериясы 10 минуттан тұрады. Бұл оңай еңбек емес. Мысалы, анимация сапалы болуы үшін 1 секундка 24 сурет керек. Ал 1 минуттық көрініс үшін 1440 сурет салу керек. Бір суретті салу үшін 10 минут уақыт кетеді. Суреттер салуды барынша азайтатын өзге анимациялық бағдарлама бар. Бірақ оны үйрену үшін де уақыт керек.
Одан бөлек біз Абай туралы сериалдан монетизация жасау туралы жоспарымыз бар. Туындыны өзіміз жасап, өзіміз ютубқа салғаннан ұтпаймыз. Алдымен демо проект ретінде алғашқы сериясын «Балапан» немесе «Қазақстан» арнасына ұсынбақшымыз. Егер көрерменге ұнаса, телеарналар қалған серияларын жасау туралы тапсырыс береді. Көрерменін тапқан көп мультсериалдар осылай жарыққа шығады,-деп сөзін қорытады.
Халықаралық Silkway университетінің проректоры Нұрлыбек Срайылұлы Бақдәулетке төмендегідей баға береді.
– Көріп біліп отырғаныңыздай Бақдәулет біраз жетістікті бағындырған. Жоғарыдағы жетістіктерінен бөлек ол, «Smart Hub» IT орталығының қызметкері. Үлгілі студент ретінде шәкіртақы алады. Тегін оқиды. Жалпы университетте қандай жеңілдіктің түрі бар Бақдәулет соның барлығын иемденген. Талаптыға нұр жауар деген сөз тегін айтылмаған ғой. Сәйкесінше ол да оқу орнының атын тиісті деңгейде мақтанышпен шығарып жүр. Бірақ ол бұл жетістіктерімен тоқтап қалғысы келмейді. Күн сайын емес, сағат сайын алға жылжып келе жатқан ақпараттық жүйелерді жетік меңгеру үшін ІТ жобалар жасауда ізденіп, өзін жетілдіріп жүр. Және бұл дұрыс. Себебі оның білетіні тоғыз болса, білмейтіні тоқсан тоғыз. Ол университетіміздің веб-бағдарламаушысы ретінде қазір түрлі ІТ жобаларға қатысып келеді. Бұл ретте оның да тәжірибесі бар. Мысалы, «Күнбағыс» жобасының смарт гид деген платформасын жасап шығарған. Қазір де көбіне көп сайт жасап, андройдқа қосымшалар шығарып жүр. Қазір бірнеше мекемелердің сайтын жасау бойынша тапсырыстарды қабылдап отыр.
Бірақ… Оның жұмыстары сапалы болғанмен, тым арзан бағаланады. Біз осы олқылықты реттеуіміз керек. Бәрін арзанға істей берсе, беті қайтып қалуы да мүмкін. Бір айта кетерлігі ол анимация бойынша ешкімнен көмек сұрай алмайды. Мен тек бағыт-бағдар берумен ғана шектелемін. Сонда да тауы шағылып жүрген жоқ. Кейбіреулер маған «неге анимациядан хабары бар балаға бағдарлама жасауды жүктеп қойдың?» деп айтады. Ол бағдарлама жасауға біржола кетіп жатқан жоқ. Бұл уақытша құбылыс. Егер жан-жақтан хабары болса, өзге бағыттың мүмкіндігі қандай екенін де байқап, бағамдап жүреді. Бұл оның жұмысына пайдасын келтірмесе, зиянын тигізбейді,-дейді.
Өз сөзінде Нұрлыбек Срайылұлы Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының Silkway Халықаралық университетінің базасында орналасқан «Smart Hub» IT орталығына еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді бастап алып келіп, жобаларды таныстырғаны балалардың талабын одан әрі шыңдай түскенін атап өтті. Сонымен қатар ол, аталған басқарманың «Smart Hub» IT орталығында бағдарламалау, анимация, робототехника бағыты бойынша үш айлық курстың ашылғаны туралы жасаған материалы да сандық технологияның, оның ішінде анимацияға қызығатын біраз жастардың орталыққа келуіне зор ықпал еткенін, бұл оларға зор ақпараттық қолдау болғанын айтып, алғыс білдіреді.

С.НҰРАЙ.