БІРҚАТАР ӘКІМДІКТЕРДІҢ ЖОЛ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕН
Ағымдағы жылдың наурыз айында еліміз бойынша 5,8 мың шақырым жолда ақы алу жүйесі іске қосылған. Ақылы жол есебінен жыл соңына дейін 25,6 млрд. теңге алым жиналады деп күтілуде. Бұл қаржының барлығы ақылы жолдарды күтіп ұстау шығындарына жұмсалады. Осылайша республикалық бюджетке түсетін жүктеме азаяды. 2024 жылдың соңына дейін елімізде тағы 5,2 мың шақырым жолда ақы алу жүйесі болмақ. Қазіргі таңда бұл учаскелерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
Ведомства басшысы жыл соңына дейін 15 автожол жобасы бойынша республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым жол салынып, қайта жаңартылатынын атап өтті. Осы жылдың қорытындысында 2 232 шақырым жолды пайдалануға беру және 1 210 шақырымында қозғалысты ашу жоспарланған. Олар Талдықорған-Өскемен (768 шқ), Қарағанды-Балқаш (363 шқ), Балқаш-Бурылбайтал (288 шқ), Бурылбайтал-Күрті (228 шқ), Күрті-Қапшағай (67 шқ), Ақтөбе-Атырау (462 шқ), Атырау-Астрахань (277 шқ), Қалбатау-Майқапшағай (415шқ), Үшарал-Достық (184шқ), Меркі-Бурылбайтал (262 шқ), Ұзынағаш-Отар (96 шқ), Қостанай-Денисовка (114 шқ), Шамалған айналма жолы (6 шқ), Петропавл-РФ шекарасы (67 шқ), Павлодар-Семей (10 шқ) учаскелері. Бүгінде аталған жобаларды аяқтау жұмыстарына 200 мың адам жұмылдырылған.
Тиісті министрлік бірқатар автожол жобасының аса маңызды екенін алға тартады. Мәселен, жалпы ұзындығы 768 шақырымға жалғасатын Талдықорған-Өскемен халықаралық транзиттік учаскесі Орталық Азияны Ресейдің Шығыс-Сібір өңірлерімен байланыстырып қана қоймай, Алакөлдің туристік кластерін дамытуға септесін болады. Сондай-ақ, Орта Азия елдерінен транзитке әсер ететін Меркі-Бурылбайтал автожолында биыл негізгі жұмыстар аяқталады. Соның есебінен жүргізушілер бүгінгідей Алматы арқылы 250 шақырым артық жол жүру азабынан құтылады.
Сонымен қатар Бейбіт Атамқұлов жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 607 шақырымдық 4 жаңа автожол жобасы басталатынын жеткізді. Олар «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту (427шқ), Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысы (30 шқ), Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолының құрылысы (48 шқ), Сарыағаш қаласы айналма жолының құрылысы (102 шқ).
Жиында ведомства басшысы 2020 жылға Қазақстанда республикалық жолдардың 13 мың шақырымы қайта жаңартылғанын, биылдан бастап 2025 жылға дейін республикалық желінің тағы 12 мың шақырымы салынып, реконструкцияланатынын айтты. Сондай-ақ ол, өңірлер бойынша облыстық және аудандық жолдардың жағдайы біркелкі емес екенін атап өтті. Министрдің сөзінше Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстары әкімдіктерінің жолдар жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстары көңілден шыққанмен, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде емес.
Айта кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай Қазақстандағы жергілікті маңызы бар автожолдардың 53 мың шақырымы немесе 75% нормативтік жағдайда болған. Биыл ол көрсеткіш 55 мың шақырымға немесе 78% жетеді.
Қ.ҚАЛИЕВ.