СӘУІРДЕ 2 МИЛЛИОН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕКПЕ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Бұл межені орындауға Үкіметтің шамасы жетеді ме?

Елімізде  жаппай екпе салдыру ағымдағы жылдың 1-ақпанынан басталғаны белгілі. Содан бері екі ай уақыт зулап өтіп кетті. Алайда осы екі ай уақыт ішінде елімізде коронавирусқа қарсы препаратты қабылдағандардың көрсеткіші жалпы халықтың 1 пайызына да жетпейді. 

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтеріп, еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы ауруды өршітіп алған жағдайдан сабақ алмағанын, халықты вакцинациялаудың нақты жоспарын жасай алмағаны соның жарқын мысалы екенін қадап айтқан. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия және басқа да ел тұрғындарының жартысынан астамы препаратты қабылдап үлгерген. Төменгі палата депутаттары егер Қазақстанда вакцинациялау қазіргідей тасбақа жүріспен жүргізілетін болса, 9 миллиондай қазақстандықтардың 70 пайызын вакцинациялауға 15 жыл уақыт кететінін ашып айтқан.
Көп ұзамай яғни 1-сәуірде бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, денсаулық сақтау министріне қатаң ескерту жасады. Тіпті Президент вакцинациялаудың тым баяу жүріп жатқанынымен қоймай, екпе дозаларын сатып алу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуді өзі атқарып жүргенін қынжыла айтқан. Президент Қазақстанда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастырудағы тірлік өгіз аяңмен жүретін болса, Үкімет пен денсаулық сақтау министрі жылы орнын босатуы мүмкін екенін айтты. Өз сөзінде Президент «Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін де ескерткенмін. Қазіргі қиын жағдайда денсаулық сақтау министрлігі ерекше маңызға ие. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Соңында сылбыр болып кеттіңіз. Сәуір айында жағдайды дұрыстауға міндеттісіз. Егер шамаңыз жетпесе, орныңыздан айырыласыз. Бұл тек денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, тұтас Үкіметке де қатысты»,-деген. Енді Үкімет шын сыннан қандай нәтиже шығармақшы?
Осы аптада Үкімет басшысы Асқар Мамин «Қазіргі біздің басты міндетіміз – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандардың санын арттыру. Осы бағытта нақты жұмыс ұйымдастырылды. Министрлік вакцинациялау бойынша жоспар әзірледі. Биылғы сәуір, мамыр және маусым айлар аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі»,-деді. Премьер-Министр осылайша коронавирусқа қарсы вакцинаны қыркүйектің соңына дейін 10 миллион адам қабылдайтынын жариялады.
Естеріңізде болса қаңтар айында еліміздің денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион халық екпе қабылдайтынын мәлімдеген еді. Араға екі ай уақыт салып, министрлік осы жылдың бірінші жартыжылдығында 6 миллион қазақстандық екпе қабылдап үлгеретіні туралы уәделі мәлімдеме жасап отыр. Бұл екпе қабылдауы тиіс жұрттың жалпы 64 пайызын құрайды екен. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмысты қарқынды жүргізу үшін осы айдың ішінде елімізге коронавирусқа қарсы препараттың 2 млн дозасы жеткізілетінін атап өтті. Министр препараттың 1,5 млн. дозасы ресейлік «Спутник V» вакцинасы екенін, ал қалған 500 мың доза препарат өзге өндірушілерден алынатынын хабарлағанмен, оның нақты қай вакцина екенін ашып айтпады. Жалпы Алексей Цойдың вакцинаға қатысты мәлімдемесінде де нақтылық жоқ. Естеріңізде болса, ол 30-наурызда «Спутник V» вакцинасынан бөлек, елімізге қосымша қытайлық «Синовак» вакцинасы жеткізілуі мүмкін екенін, бірақ бұл бойынша тиісті құжаттарға әлі қой қойылмағанын, жалпы қандай компаниямен келіссөздер жүргізілсе де, өнім өзімізге жылдың екінші жартыжылдығында жетуі мүмкін екенін айтқан. Көп ұзамай, енді өзге өндірушілерден алынатын препарат сәуір айында жеткізіледі деп құбылып отыр.
Бұған дейін министр Алексей Цой тәж тажалға төтеп бере алмауымыздың басты себебіне халықтың тығылып той тойлауы себеп болып отырғанын айтып, өзіне шаң жуытпаған болатын. Енді өзіне қарата айтылған сыннан кейін екпені қабылдағандардың санын 10 миллионға жеткіземіз деп бекініп отыр. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова министрдің бұл мәлімдемесі құр сөз күйінде қалып кетуі де мүмкін екенін, қазір нақты орындай алатын жұмысты айтып, көрпемізге қарай көсілу қажеттігін ескертеді. Қайткен күнде де Алексей Цойдың сыннан қандай қорытынды шығаратынын болжау қиын.
Айтпақшы, осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандының фармацевтикалық зауытында құйылған ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Мемлекет басшысының екпеден кейінгі жағдайы жақсы, ешқандай кері әсері болмады» деп мәлімдеді. Бірақ бұған дейін Президент коронавирусқа қарсы екпе қабылдау үшін отандық QazVac вакцинасын күтетінін айтқан-тын.
Қазіргі таңда отандық вакцина сәуір айының соңында қолданысқа енгізілетіні айтылуда. Бірақ ол сөз ғана…
Айта кетейік, 6-сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 194 706 адам вакцина салдырған. Ал, 72110 азамат екпенің екінші компонентін алған. Екі ай уақыт жүріп осындай көрсеткішті әрең бағындырғанда, бір айда 2 миллион адамға екпе салдырамыз дегенге сену қиын.

А.САТЫБАЛДЫ.