Маңызды

МАҚТА БАҒАСЫН БЕКІТУДІҢ ЖЫЛ САЙЫН ЖЫР БОЛУЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫ

Күнгейде мақта терімі басталды. Ерте көктемде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биыл 118 мың гектар жерге мақта егілетінін мәлімдеген болатын. Оның басым көпшілігі Мырзашөл аумағына тиесілі екені айтпаса да түсінікті.
Жылдар бойы ақ ұлпаның ордасы саналатын Мақтаарал мен Жетісай аудандарында биыл 87 мың гектарға жуық жерге мақта тұқымы себілген. Қазіргі таңда 15 мың гектардан астам жердегі өнім жиналған. Ала жаз бойы төккен тердің нәтижесін көретін күн таяу.
Бірақ жиын терім басталған шақтан бастап мақта өсірген шаруалардың көңілін күпті еткен мәселе көп болды. Соның бірі мақта бағасын бекіту жырға айналғаны болды. Себебі мақтаны қабылдап алатын кәсіпорын басшылары бағаның әлі бекітілмегенін сылтау етіп, алғашында өткізу пункттерінде өнімді қабылдап алып, шаруалар қолына бір тоннасы үшін 60-80 мың теңгені аванс ретінде ұстатты. Өз кезегінде бұл ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін бел жазбай еңбек еткен диқандардың ойын сан-саққа жүгіртті.
Шаруалар мұндай белгісіздік құрсауында жүру және еткен еңбектің лайықты бағаланбауынан егінге жұмсалған шығынды да жаба алмауы бек мүмкін екенін де жасырмай, БАҚ арқылы билікке базынасын айтты.

Жергілікті атқамінерер болса, мақта бағасы биыл 170 теңгеден кем болмауы тиістігін алға тарта келе, былтыр ауыл шаруашылығы министрі, облыс әкімі ауданға келіп, зауыт басшыларына мақта бағасын жоғары бекітуді сұрағанмен талаптарының баянсыз болғанын айтып, жергілікті алып кәсіпорындар алдында өздерінің де дәрменсіз екенін мойындағандай болды. Бұл уәжден олардың биыл да жиын-терім басталған шақтан бастап бағаның дер кезінде бекітілмеуінен, белгісіздік құрсауында жұмыс істеген шаруалардың ақысын ажыратып беруде белсенділік танытпағанын аңғару қиын болмады. Тек диқандардың жанайқайы телеарналарда мәселе етіп көтерілгеннен кейін 9-қазанда ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтың төрағалығымен Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өткізілген.
Кеңес қорытындысына сәйкес 1 және 2-ші сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін кемінде 130 теңге болып бекітілген.
Алдыңғы жылы қабылдау пункттері өнімнің бір келісі үшін шаруаларға 180-185 теңгеден төлеген. Былтыр да мақта бағасын бекіту дәл осылай жырға айналып, кейіннен өнім құны 150 теңге болып бекітілген-тін.
Жалпы шаруалар әрбір гектар үшін егінге 250 мыңға жуық қаржы жұмсайтындарын айтады. Ал бекітілген баға бойынша әр гектарынан шаруалар шамамен 20-25 центнер көлемінде мақта өндіретінін ескерсек, тапқан табыстары көңілге медеу ұялата қоймайтыны анық.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру