ЕКІ ЕСЕ ТӨЛЕМЕУДІҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Шымкентте азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін делдалдардың көмегіне жүгінеді. Өз кезегінде бұл олардың артық ақша шығындалуына апаратын қадам екені белгілі. Заңсыз тіркеудің мұндай көрінісі халықтың цифрлық сауатының ақсап жатқанымен тығыз байланысты.

Оны жою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандандырылған бөлімдерінде жүргізуші куәлігін алушылар үшін «Екі есе төлеме!» атты акция ұйымдастырылды.
Көліктерді заңсыз тіркеу және автокөліктерді делдалсыз тіркеуді жолға қою мақсатында өткізілген шарада ұйымдастырушылар азаматтарға құжаттарды делдалдар көмегінсіз рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Делдалдарсыз электронды түрде қызметті алу механизмінің ережесі өте қарапайым. Ол үшін азаматтар egov.kz порталына кіріп, өтінімді толтырып, өзінің жеке электронды цифрлық қолтанбасымен (ЭЦҚ) қол қойса жеткілікті.
Электронды түрде қызмет алуға тұрғындарда компьютер немесе басқа да құрылғыларды пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда, Шымкент қаласында ХҚКО-да 315-ке жуық өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылғанын айта кетейік.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Ә.Көмекбаев куәлікті делдалдар көмегінсіз алатындардың саны алдағы уақытта өсе түсетініне бек сенімді. Себебі, азаматтар алтын уақыттарын сарп етпей, ХҚКО-ға бармай-ақ қол жеткізетін қарапайым және ыңғайлы шешімдерді таңдайды деп біледі.
Жалпы қалада ХҚКО-ның мамандандырылған бөлімдерінде күн сайын 200-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 600-ден астам көлік құралдары тіркеледі.