ҚОРҒАСЫН ҚАЛДЫҒЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАЙДЫ
Жылдар бойы тау болып үйіліп тұрған Шымкенттегі бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарын жою мәселесіне нүкте қойылатын болды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Енді жетпіс жылдан астам уақыттан бері жиналып, қоршаған орта мен экологияға зиянын тигізіп келген өндіріс қалдықтарын қажетке жарату үшін түсті металл концентратын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Бірегей жобаның жұмысымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілетін жобаны «Standard Steel KZ» ЖШС жүзеге асырды. Жаңадан іске қосылатын кәсіпорын жылына 400 мың тонна өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуден өткізетін болады.
Бүгінгі таңда жобаның жылына 250 мың тонна қалдықтарды өңдейтін бірінші желісі жұмысын бастады. Зауыт биыл қараша-желтоқсан айларында толығымен іске қосылғанда 400 адам жұмыспен қамтылады.
Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, түсті металл өндірісін дамытуда қалдықтарды қайта өңдеудің маңызы өте зор. Жоба толығымен іске қосылса, экологияны зиянды қалдықтардан тазартуға зор үлес қоспақ.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан Бейбіт Атамқұлов аталған өндіріс орнының экологиялық тиімділігімен қатар, әлеуметтік-экономикалық рөлі де зор екенін атап өтті.
Өндіріс ошағы толық қуаттылығында жұмыс істегенде, аумақ зиянды қалдықтардан 3-4 жылда тазартылатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, кезінде Шымкент қорғасын зауытында КСРО аумағында өндірілген қорғасынның 70 пайызы өндірілетін ірі өндіріс орны болған.