ОСЫ АПТАДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫ ТӨЛЕМГЕ КӨШЕДІ

Осы аптада дәлірегі, 15-қазаннан бастап Шымкентте қоғамдық көліктерде «Төлем» электронды төлем жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бұған дейін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдегені белгілі. Электронды төлем жүйесі бойынша жол ақысын төлеу үшін қолданылатын төлем карталары қалада 10-қазаннан бастап сатуға шығарылды. Ол қаладағы сауда орындары мен дүкендерде сатылады. Құны небары 500 теңгені құрайды. Ал оны теңгерімге толтыру банктердің банкоматтары немесе мобильді қосымша арқылы жүзеге асады.
Электронды төлем жүйесін енгізу «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестиция есебінен атқарылуда. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд. теңге.
Қоғамдық көлікте төлем жасау үшін электронды карталардын 4 түрі қарастырылған. Олар стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларына, студенттерге және жеңілдіктер ие азаматтарға арналған карталар. Қоғамдық көліктерде жүру үшін тиісті жеңілдіктерге ие азаматтарға карта тегін таратылады. Қалада жеңілдікке ие азаматтар санатына Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектері, тыл еңбеккерлері (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандар және І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандар жатқызылады. Жергілікті билік қалада мұндай санатқа жататын азаматтар саны 14 мыңға жететінін алға тартады. Ал оқушылар мен студенттер төлем жасағанда картадан қазіргі қолданыстағы тарифтер ғана ұсталынатынын айта кетейік.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов тұрғындар 1-қарашаға дейін жолаушылар автобустарда жол ақысын төлем карталарымен немесе қолма қол төлей алатынын айтады. Бірақ 1-қарашадан бастап қоғамдық көлікте электронды төлем жасайтындар үшін жол ақысы 70 теңге, ал қолма қол төлем жасайтындар үшін 100 теңге болмақ. Бұл жаңалықты базбір тұрғындар ат тепкендей қабылдап, мұны азаматтардың құқығын таптау деп қабылдайтындарын айтқан. Мұндай сарындағы пікірлерге қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мынадай ой айтты.
– Әрбір қала тұрғыны электронды картамен жол ақысын төлеу арқылы қаладағы транспорттық қызметтің дамуына үлес қосады. Электронды төлемге қадам жасау арқылы Сіз бен біз жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың кірісі мен шығысын білетін боламыз. Тиісінше, табыстың ашықтығына қол жеткізу арқылы біз салық түсімінің артуын жолға қоямыз. Төлемдерді электронды жүйеге көшкізбей, қоғамдық көлікті модернизациялау бағытында нақты шешім шығара алмаймыз. Шымкентте 24 транспорт компаниясы бар. Белгілі бір транспорт компанияларының бағыттарының жолаушылар үшін қаншалықты тиімді екенін, ондағы жолаушылар ағынының аз немесе көп екенін, белгілі бір бағыттарда автобустарды көбейту керек пе әлде азайту қажет пе деген сұрақтарға нақты жауап табуда электронды төлем жүйесінің маңызы зор. Бұдан өзге транспорт компанияларының жүру кестесін дұрыс орындап жатқанын білу, олардың тиісті ережелерді бұзғанын дәлелдеу электронды төлем жүйесі арқылы мүмкін екенін баса айтқымыз келеді. Қолма қол төлем үшін жол ақының белгіленген тарифтен бірнеше есе қымбат болуы азаматтарды электронды төлем жасауға баулудың төте жолы. Яғни, біз тұрғындарды осылайша ынталандырғымыз келеді. Сондықтан да мұны азаматтардың құқын таптау деп түсіну қисынсыз.
Осылай деген Мақсұт Пернебайұлы Алматы қаласында автобустарда «Оңай» электронды төлем жүйесі енгізілгеннен кейінгі екі ай уақыт ішінде тасымалдаушы компаниялардың табысы айқындалғанын да тілге тиек етті.
Бүгінде смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымша әзірленді. Тұрғындарға тиісті мәлімет беру үшін 4 операторы бар CALL-орталығы ашылды. Сіз қоғамдық көліктерде электрондық төлем жүйесіне қатысты мазалаған кез келген сұрақпен 8775 811 22 22 телефонына қосылған байланыс орталығына қоңырау шалып, тиісті жауап ала аласыз.