Маңызды

Апта ішінде Түркістан қалалық полиция басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы болып полиция полковнигі Бауыржан Селтанов бекітілді.

Киелі кенттегі полиция басқармасының жеке құрамына жаңа басшыны Түркістан облысы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Бауыржан Селтанов ішкі істер органы саласында 25 жылға жуық еңбек өтілі бар маман. Ол 1995 жылдан  бері Шымкент қалалық ІІБ, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция мен Штаб басқармасын басқарған. 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ПД Ордабасы аудандық Полиция басқармасы бастығының қызметін атқарған. Өз кезегінде Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы жаңа кадрдың тәжірибелі әрі кәсіби басшы екенін баса айтты.

Жалпы Бауыржан Селтановтың есімі түркістандықтар үшін таңсық емес. 2018 жылдың көктемінде Сарыағаш ауданы, Абай ауылында 7 жасар баланың зорланғаны туралы атышулы оқиға бойынша БАҚ-тарда жарияланған материалдарда Бауыржан Селтановтың есімі жиі көрініс тапты. Яғни, аталған оқиға бойынша сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеуніктерге шара көрді. Атап айтқанда ол, сол кездегі өзінің орынбасары болған Ұласбек Сәдібековке қатаң сөгіс жариялады. Сарыағаш аудандық Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразгелдиев қызметінен босатылса, 7 жасар баланы зорлады деп айыпталған жасөспірімдер оқитын №74 мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді. Мектеп директоры Бейбіткүл Селтанованың бұлайша «жұмсақ» жазамен шектелуін оның Сапарәлі Селтановтың келіні екендігімен байланыстырғандар көп болды. Сол кезде оның бір ұлы Бауыржан Селтанов Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының басшысы орынтағында отырған. Ал екінші ұлы Ералы Селтанов Сарыағаштағы ауруханаларда дәрігер болып қызмет ететін. Ел назарын аударған бұл оқиға кезінде жәбір көрген 7 жасар баланы қоғам белсенділері жүрдек пойыз арқылы Алматыға қарай қайта сараптама жұмыстары үшін әкетіп бара жатқанда облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері оны жолдан түсіріп алғаны туралы ақпарат тез таралған-тын. Департамент өз қызметкерлерінің бұл әрекеттерін баланың қауіпсіздігі мен құқын қамтамасыз ету үшін жасалды деп түсіндірген. Сол кезде жаға ұстатқан бұл жәйт Бауыржан Селтановтың ықпалымен болғаны туралы болжамдар да болды. Бұл туралы қазір де желіде біраз адамдар өз ойларын ашық айтуда. Бірақ Түркістан облысы Полиция департаменті полковник Бауыржан Селтановқа қатысты сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаментімен тексеру жүргізіліп, оның бұл іске қатысы жоқ екені дәлелденгенін алға тартуда.

Қайткен күнде де Бауыржан Селтанов Түркістан қаласының криминогендік ахуалын жақсарту сеніп тапсырылып отыр. Жалпы оған артылған жүк жеңіл емес. Жуырда ғана Түркістан облысы прокуратурасының былтыр Түркістан қаласында жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылық 2018 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көбейгені туралы дерегі сол сөзімізге негіз болады.

Қ. ҚАЛИЕВ.

 

 

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев президенттің қызметтен кететіні туралы әңгімелерге осындай баға берді.

Соңғы кездері «мемлекет басшысы қызметтен кетеді» деген әңгімелер желіде жарыса жазылуда. «Халық айтса, қалт айтпайды» деп біраз адам бұл болжамға бой алдыруда.

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында бұл әңгімеге қатысты өз пікірін білдірді. Министр осындай «ас үйдің әңгімесіне» пікір айтудың өзі ыңғайсыз. Бұл туралы әңгімені сайдың тасындай сарапшылардан бастап, журналистерге дейін талқылап кетті. Ол тіпті емдеуде жатқан нашақорлардың басты әңгімесіне айналды. Бұдан да өзекті мәселелер бар. Сол нақты мәселелерге көңіл бөлейік»,- деді.

Министр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сенімі мен Елбасының қолдауына ие болғанын баса айтты.

Сонымен қатар ол, мұндай әңгіменің белең алуы халықтың көңілін өзге арнаға бұрғысы келетіндердің әрекеті болуы мүмкін екенін де жасырмады. Ол қоғам маңызды мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін, ал фейк ақпараттарға құзырлы органдар өздерінің құқықтық бағасын беретінін жеткізді.

 

М. ӘБДІРАЙЫМ.

 

 

Ербол САДЫР, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

 

Әлемде көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан коронавирус барлық салаға салқынын тигізуде. Өткен жылдың желтоқсанында Қытайда пайда болған індет, бар-жоғы үш айдың ішінде дөңгеленген дүниедегі 170-тен астам елде «төбе көрсетіп» үлгерді. Қазақстан бұл ауруға қарсы тиісті сақтық шараларының барлығын қамтамасыз етті. Бірақ өткен аптаның жұмасы, яғни 13-наурызда елде екі адамнан әлемді алаңға түсірген коронавирус белгісі байқалды. Жайсыз жаңалықты сол күні еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Ол Covid-19 вирусын жұқтырғандар Германиядан келген Қазақстан азаматтары екенін айтты.

 

Қалыптасқан ахуалға байланысты 15-наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады. Президент жарлығында «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16-наурызы сағат 08:00-ден бастап, 2020 жылдың 15-сәуірі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілсін»,-делінді.

Осыған орай, ірі сауда нысандарының, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметі уақытша тоқтатылды. Бұған қоса, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен кіріп-шығуға шектеулер белгіленді.

Одан алдын елімізде коронавирусты алдын алу бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мектеп оқушыларының көктемгі демалысы 16-наурызда яғни, бір апта ерте басталды. Сонымен қатар, 16-наурыздан бастап жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқыту режиміне ауысты. Сауда орындары мен базарлардың жұмысы шектеліп, қоғамдық көліктердің тұрақты түрде дезинфекциялануы жолға қойылды. Кейбір бағыттар бойынша әуе рейстері тоқтатылды.

Бұл шаралар коронавирус індетін ауыздықтап, аурудың белең алмасы үшін жасалып отыр.

Кешегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, коронавирус жұқтырғандар саны әлем бойынша 220 мыңға жуықтады. Сырқаттардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен хаттама негізінде емделуде. Өкініше орай әлем бойынша Сovid-19 вирусынан ажал құшқандар саны 9 мыңға жуықтады. Вирустан 84122 адам сауыққан.

Кеше шетелдік БАҚ соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырғандар саны 20 мыңға жеткенін мәлімдеді. Коронавируске байланысты түрлі шектеулер Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де жүзеге асуда. Мәселен, АҚШ-та барлық бұқаралық жаппай наразылықтарға тоқтау салынды. Финляндияда шетелдерге шығу бағыты шектелсе, Португалия билігі елде 15 тәулікке төтенше жағдай жариялады. Ал Чили билігі елде апат режимін енгізді. Енді мемлекет 90 күнге шекараны жабатын болады. Ал Жапония мемлекеті жағдайдың ушығуына қарамастан Токио-2020 Жазғы Олимпиада ойыны белгіленген уақытта өтеді деген үміттің жетегінде отыр.

Қазақстанда қандай шаралар қабылданып жатқанын жоғарыда атап өттік. Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде тиісті сақтық шаралары қолға алынды.

Қазақстанда 19-наурыз сағ.: 13:00-дегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті. Оның 25-і Нұр-Сұлтан, 19-ы Алматы қаласында тіркелді. Аталған екі қала 19-наурыздан бастап карантинге жабылды.

Әзірге Шымкент қаласында аты жаман індет тіркелмеді. Жергілікті билік тиісті сақтық шараларының барлығын қарастыруда.

Биыл қалада «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында бірнеше шаралар мен халықаралық жиындарды өткізу жоспарланғаны белгілі. «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты 20-наурызда өтеді деп күтілген. Бірақ 12-наурызда аталған іс-шаралардың барлығы кейінге шегерілетіні ресми түрде хабарланды. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков шараның қашан өтетіні қазір белгісіз екенін ашып айтты.

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты 17-наурызда жергілікті билік өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Шымкенттегі ақпараттық- коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр барлық тұрғындарды енгізілген тәртіпке бағынуға шақырды. Сонымен қатар ол, осы аптадан бастап өзімізде тігілген медициналық бетперделер дәріханаларға сатылымға шығатынын жеткізді. Сондай-ақ ол, антисептикалық спрейлерді шығару көлемі артатынын айтты. Осылайша ол «қалада вирустан қорғанудың басты құралы болып табылатын маскалар мен спрейлер бойынша тұрғындар тапшылық көрмейді» деп сендірді.

Қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр «елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты азық-түлік сарқылады» деген қауесет бос сөз екенін, ол үшін уайымға салынудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

Қауіпті вирустан қорғанудың басты жолы – тазалықты сақтау. Осыған орай қалада жаппай дезинфекциялық жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, барлық мекемелер мен базарларда, мешіттерде, аялдамаларда, көп қабатты үйлер маңындағы қоқыс жәшіктеріне коронавирустың алдын алу бойынша қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, ғимараттың іші мен сырты толығымен залалсыздандырылуда.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы кешкі сағ.: 22:00-ге дейін шектеліп, онда келушілердің саны бір уақытта 50 адамнан аспауы қажеттігі ескертілуде. Ірі сауда орындарының жұмысы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін, ал киім-кешек сататын базарлардың жұмысы күндізгі 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін белгіленіп отыр. Сонымен қатар қала тұрғындарына елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты несиелерін уақытында төлей алмаса, өсімпұл мен айыппұл есептелмейтіні де хабарланды. Коронавирус белгілері байқалған жағдайда 1406 және 103 нөмірлеріне хабарласу қажеттігі, вирус туралы сұрақтарын Qoldau 24/7 мобильді қосымша арқылы жолдай алатыны да тұрғындардың қаперіне жеткізілді.

Жергілікті билік халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі жіті бақыланып, қауіпті індеттен сақтану шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келетінін, сақтық шараларын күшейту бойынша атқарылып жатқан барлық жұмыс қала әкімінің жеке бақылауында екенін мәлімдеуде.

«Бекжан», «Самал» автовокзалдарынан және «Көктем» автостанцияларында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына Шымкенттен қатынайтын автобустар бағыты 18-наурыздан бастап тоқтатылды. Карантин жарияланған осы екі қалаға бару үшін теміржол билеттерін алдын ала алып қойған жолаушылар билеттерін қайтаруда.

«Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында қоғамдық көліктерді дезинфекиялау шаралары қатаң бақылауға алынған. Шымкентте бұл шара қалай өткізіліп жатыр? Қалада 1500-ден астам қоғамдық көліктер бар екенін ескерсек, олардың барлығына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мамандар жеткілікті ме?».

Қоғам арасында туындаған осы сұраққа Е. Садыр «Автобустарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуші мен кондуктор жасайды. Оны қалай жасау керектігін, қандай құралмен және қанша рет екенін біз қашықтықтан оқытып үйреттік. Қалада 1500-ден астам қоғамдық көлік бар. Қалааралық бағыттағы 500-ден астам автобус бар. Олардың барлығына дезинфекция жасайтын мыңдаған маман жоқ еш жерде. Оның барлығын өздері дезинфекция жасау керек. Санитарлық норманы әркім өзінен бастап сақтау керек. Өйткені ол Сіздің өміріңіз. Әрқайсымыз өз өмірімізді мемлекеттің өмірі сынды етіп көреміз. Мемлекеттің қазіргі негізгі міндеті тиісті құрал-жабдықтарды жинақтап, оларды тарату жүйелерін реттеу»,- деді.

С. ИБРАГИМОВА.

 

Әли КӨМЕКБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы:

 

Былтыр «Зор рух» қайырымдылық қоры мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша республикалық сауалнама жүргізді. Оған 10 мыңға жуық респондент қатысты. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жағынан Шымкент қаласы еліміздегі 17 өңір ішінде 16-орыннан көрінді. Сауалнамаға қытысқан адамдардың дені үшінші мегаполисте жұмыспен қамту орталықтары, білім беру, денсаулық пен ішкі істер саласы қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтынын нақты деректермен жеткізген. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті нақты шараларды қабылдауға белсене кірісті.

Қолға алынған жұмыстар мен жоспарланған шаралар туралы аталған департаменттің директоры Әли Көмекбаев Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндап берді.

Еңбек тәртібінің сақталуына екпін беріледі

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Премьер-Министр Кеңсесі, Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасағанына өтемақы төленуі міндеттелген.

Осы талаптың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орындарында негізсіз қалулары бойынша кешенді тексеру шараларын жүргізуді бастап кетті. Тексеру шаралары бойынша құрылған жұмыс тобына департамент қызметкерлерімен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің және әкім аппаратының жауапты қызметшілері тартылған. Олар Шымкент қаласы әкімі аппаратына, әкімдікке қарасты 15 құрылымдық басқарма мен Әл-Фараби аудандық әкімі аппаратына барған. Мақсат – мемлекеттік қызметшілердің белгіленген тәртіптен асып, артық жұмыс жасауын жою, еңбек тәртібінің сақталуына екпін беру болып табылады.

Жүргізілген кешенді шараның нәтижесінде тиісті мекемелерге еңбек тәртібінің сақталуы бойынша ұсыныстар жолданды. Мұндай шаралар алдағы уақытта өзге де мемлекеттік органдарда жүргізілетін болады.

Брифингте осы деректерді алға тартқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев «егер мемлекеттік қызметшілер үстеме жұмысқа негізсіз тартылған болса, олар еңбек ететін мекеме басшысының тәртіптік жауапкершілігі Әдеп жөніндегі кеңестің күн тәртібіне енгізіледі»,- деп атап өтті.

 

Басшы жауапкершілігі – басты назарда болады

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев қандай да бір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық жасаса, оның басшысына да шара көрілетінін баса айтты. Өз кезегінде ол былтыр 26-қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарына өзгеріс енгізілгенін айта келе, «Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, үш айдан астам қызметте жұмыс істейтін мемлекеттік саяси қызметшінің қарамағындағыларына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты сот үкімі заңды күшіне енсе немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған болса, онда ол отставкаға кету туралы өтініш беруге міндетті. Егер оның отставкаға кетуі қабылданбаса, тәртіптік жауапкершілікке тартылады»,-деді.

Заңда тікелей бағынышты қызметкерлерден сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес бөлімшелері басшыларының тәртіптік жауапкершіліктері де май шаммен қаралатыны көрсетілген.

 

Электронды қызмет – заманауи міндет

 

Қазіргі таңда азаматтардың уақытын тиімді пайдалану және сыбайластықты тудыратын кез келген жағдайларды жою мақсатында мемлекеттік қызмет түрлерін электронды форматта алу жолға қойылуда. Осы бағытта Шымкентте қолға алынған жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда ма?

Бұл сұраққа жауап іздеу мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге талдау жүргізді. Талдау нәтижесі кезінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, білім және тұрғын үй салалары бойынша электронды түрде көрсетуге мүмкіндігі бар кейбір мемлекеттік қызметтердің egov.kz порталында қолжетімсіз болып тұрғаны анықталды. Олқылықтың орнын толтыру үшін талдау нәтижесімен анықталған «Дәрігер қабылдауына жазылу», «Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беру», «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» қызметтерін электронды түрде алу қолжетімділігі қалпына келтірілді.

Бүгінде департамент басқа да мемлекеттік қызметтердің қолжетімділік мәселелерін назарға алып, анықталған кемшіліктерді ретке келтіру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

 

Мобильді қосымшаның маңызы зор

 

«Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданында орналасқан №1 халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты тар. Бұл ол жерге келуші азаматтар үшін ыңғайсыздық тудырады. Сонымен қатар, онда автокөлік үшін тұрақтардың мүлдем қарастырылмағаны да тағы бар. Нысанда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жеткіліксіз. Күту залындағы орындықтар саны аз».

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан тиісті мекемелер мен басшыларға қарата осындай пікірлер жиі айтылуда.

Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызметі істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Әл-Фараби ауданы №1 ХҚКО ғимаратын көліктердің кіріп-шығуына қолайлы автотұрақ ұйымдастырылған, қызмет көрсету үшін ыңғайлы жағдай жасалған кең нысанға ауыстыру мәселесін қарастыруды қолға алды.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын-ескертпелер осымен шектелмейді. Жоғарыда «Зор рух» қайырымдылық қорының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенін атап өттік. Аталған шара кезінде біраз адамдар Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне қатысты «қызметкерлердің біліктігі төмен», «дөрекі», «әдепсіз», «өте баяу» және т.б. пікірлер білдірген. Өз кезегінде Әли Көмекбаев осы олқылықтың орнын толтыру үшін қандай шаралар қолға алынатынын былай деп жеткізді.

– Осы орайда Шымкенттегі ХҚКО- ның тікелей тұрғындармен жұмыс істейтін мамандарына сыпайылылық, парасаттылық және әдептілік қасиеттерін жетілдіру бойынша бойынша семинар-тренингтер өткізілетін болады. Оларға жоғары сапалы қызмет көрсету бойынша бағыт-бағдар беріледі.

Жалпы Шымкентте мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында биыл қалада қоғамдық мониторинг жүргізілетін болады. Қоғамдық бақылау 2019 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты сын-ескертпелерді жойып, нақты нәтижеге бастайтын болады. Қоғамдық бақылау жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында арнайы мобильді қосымшасі іске қосылды. «Цифрлық агент» (Digital agent) деп аталатын қосымша туралы Әли Көмекбаев:

– Тұрғындар бұл мобильді қосымша арқылы ХҚКО, мемлекеттік кірістер басқармалары, жұмыспен қамту және тест орталықтары мен соттар әкімшісінің қызметтерін бағалау мүмкіндігіне ие болады. Бағалау бес балдық шкала бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар аталған мекемеде тұрғындар мемлекеттік қызметкердің кәсіби этикасына сай келмейтін әрекеттерді байқаса аталған қосымша арқылы шағым қалдыра алады. Қосымшаға қалдырылған шағымдардың барлығы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің назарына сол мезетте-ақ жетеді. Оған дәлел ретінде айналасы бес минут ішінде қосымша арқылы тұрғынға шағымның келіп түскені, ол алдағы уақытта жіті қаралатыны туралы ақпар келіп түседі. Одан соң жіберілген қателіктерді түзеу бағытындағы жұмыстар қолға алынады. Қазіргі таңда «Цифрлық агент» (Digital agent) мобильдік қосымшасын қолдану тәсілдері туралы бейнеролик қаладағы барлық ХҚКО мен мемлекеттік кірістер басқармаларының ғимараттарындағы экрандарда екі тілде тұрақты түрде көрсетілуде,-деді.

Сонымен қатар ол, алдағы уақытта қалалық әкімдік және оған қарасты басқармалар, мектеп, балабақша, аурухана мен емханада көрсетілетін қызметтерді мобильді қосымша арқылы бағалауды енгізу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде мобилдік қосымшаны жүктеу мына сілтеме арқылы

Playmarket:https://play.google.com/store/apps/details?id=com.automato.digitalagentapp&hl=ru ; Appstore: https://apps.apple.com/kz/app/digital-agent/id1441630994#?platform=iphone іске асады. Ал оны қолдану тәртібі туралы ақпаратты төмендегі сілтемеден біле аласыздар.

https://drive.google.com/open?id=1G5CVvK1FwBFkLuy9dfoeDgYaEY5WYEho

 

 

Шымкентте өткен жылдың қорытындысы бойынша 196 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған.

 

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша қазіргі таңда Шымкентте 2097 мемлекеттік қызметші бар. Яғни, респбулика бойынша мемлекеттік қызметшілердің саны 98 мың болса, олардың 2,1 пайызы Шымкентте еңбек етеді.

Үшінші мегаполистегі мемлекеттік қызметшілердің 51%-ын әйелдер құрайды.

Шымкентте 55 мемлекеттік орган бар. Олардың 28-і жергілікті атқарушы орган болса, 25-і орталық органдардың аумақтық бөлімшелері болып табылады. Сонымен қатар 1 өкілетті орган және тексеру комиссиясы бар. Мемлекеттік қызметшілердің 758-і жергілікті атқарушы органдарда, 1339-ы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде еңбек етеді.

Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 38 жасты құрайды. Ал 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлердің жалпы үлесі – 25%-ға жетеді.

Қаланың мемлекеттік органдары қызметкерлерінің осы саладағы еңбек өтілі 9,4 жылды құрайды.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша былтыр қаланың 1300-ге жуық мемлекеттік қызметшілерінің тиімділігіне баға берілді. Нәтижесінде қызметшілердің 50%-ы «өте жақсы», 42%-ы «тиімді» және 8%-ы «қанағаттанарлық» деген баға алды.

Мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламалары бойынша 807 мемлекеттік қызметші оқудан өтті.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кіруге және құқық қорғау қызметіне алғаш рет қабылданатын тестілеуге 5335 азамат қатысты. Оның ішінде төменгі шекті деңгейден 2143 үміткер (40%) өтті. Жеке қасиеттерін бағалауға 1754 адам қатысып, үміткерлердің 70%-ы оң нәтиже көрсетті.

 С. НҰРАЙ.

 

 

Осыдан он күн бұрын Шымкентте медициналық бетперденің тапшылығы қатты сезілген. Сол кезде жауапты мамандар мұндай жағдай бір айдан бері байқалып отырғанын, коронавирусқа байланысты аталған өнімге сұраныстың артып, адамдардың оны қораптап алуымен байланыстырған болатын.

 

Осыған орай тұрғындардың сұранысы бойынша аймақтағы тігін фабрикалар медициналық бетпердені тігуді қолға алды.

«Әр дағдарыстың бір қаһарманы болады» демекші, әлемді алаңдатқан коронавирус шымкенттік кәсіпкерлерді осылай өзге қырынан көрсетуге серпін беріп отыр.

Осы аптаның сейсенбісінде ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр бұл туралы былай деп мәлімдеме берді.

– Шымкентте маска тігу қолға алынды. Қазіргі таңда қаладағы «Гауһар» тігін фабрикасы бір күнде 500 мың дана маска тігуге қауқарлы. Мекеменің жұмысымен қала әкімі толық танысып шықты. Олардың өнімі бірер күнде нарыққа түседі. Қазіргі таңда қалада 750 дәріхана бар. Барлық дәріханаларда маска бағасы біріңғай болады. Яғни, бетперденің бағасы біздің бақылауымызда. Өзімізден шығарылған өнімдер қала тұрғындарының барлығына қолжетімді болу үшін ол дәріханаларда 2-4 данамен ғана босатылады. Бұл арадағы алып-сатарлардың қитұрқылыққа бармауы үшін қолданылып жатқан шара.

Осылай деген Ербол Садыр Шымкенттегі тігін фабрикаларында дайындалған маскалармен бірінші кезекте халыққа қызмет көрсету мекемелері қамтамасыз етілетінін алға тартты. Сонымен қатар адамдар көп жиылатын базардағы саудагерлерге де жеткізілетінін мәлімдеді.

«Гауһар» тігін фабрикасынан шыққан медициналық бетперденің бағасы да әртүрлі болады. Атап айтқанда, төрт қабаттан тұратын бетперде 110 теңге болса, сегіз қабаттан тұратын маска 130, 16 қабаттан тұратын маска 200 теңгеден сатылады.

Бұл баға 17-наурызда бекітілген. Өз кезегінде Ербол Садыр «Гауһар» тігін фабрикасы шығарған бұл өнімдер бір реттік емес, 1 айға дейін қолдануға жарамды екенін айтты. Яғни, Шымкенттен шығатын бұл маскаларды азаматтар белгілі бір уақыт қолданғаннан соң, оны кір сабынмен жуып, үтіктеп қайтадан қолдана беруге болады.

Еске сала кетсек, коронавирус індеті таралғаннан бастап бір реттік қолданылатын медициналық бетпердеге деген сұраныс мейлінше арта түсті. Уақыт өте келе бұл өнім дәріханаларда 25 теңгеден 170 теңгеге дейін көтерілді. Кейіннен бұл өнімнің жетіспеушілігі айқын сезілді.

Шымкентте «Гауһар» тігін фабрикасымен қатар №5 колледжде де көп қолданыстағы бетперде тігу жолға қойылды. Тігін цехы аталған колледж базасында орналасқан. Онда 300-ден аса жұмысшы күніне 100 мыңнан аса масканы тігуді қолға алып, жұмысты бастап кетті. Жұмысшылар қажеттілікке қарай маска мөлшерін көбейтіп тігуге мүмкіндіктері жететінін мәлімдеді.

Осылайша мегаполисте бетперде тігуді қолға алған фабрикалар күніне 600 мыңнан аса маска шығаратын болады.

Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етеді.

С. НҰРАЙ

 

 

 

 

 

Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ, Түлкібас ауданының әкімі:

– Жуырда Сіз өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп бердіңіз. Сонда Сіз көптеген салалар бойынша пайыздық көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда біраз түзелгенін жалаң сөзбен емес, дәйекті мысалдармен келтірдіңіз. Алдағы жоспарларыңызды сараладыңыз. Жұмысыңызға билік те, халық та оң бағасын берді. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда ауданда шешімін күтіп отырған негізі мәселелер бар ма, сол жөнінде айтып өтсеніңіз.

– Түлкібас ауданының 98 пайызына көгілдір отын жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 100 пайыз болатын. Бірақ соңғы 7-8 жыл ішінде ауданда қосымша елді мекендердің ішінде жаңа көшелер бой тіктеді. Ол жерлерге газ жүргізу үшін былтыр облыстық бюджеттен 115 млн. теңге қаралды. Соған сәйкес, Т. Рысқұлов ауылы және Қабанбай елді мекендердің жаңа көшелеріне газ тарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданда жүдеген, жүзі сынық ауыл жоқ. Жарық, су мәселесі бойынша да жылдар бойы шешімін таппай жатқан мәселе жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен реттеліп жатыр. Алайда, ауданда шешімін таппай жатқан негізгі мәселе – елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатқаны. Қазіргі таңда ауданда 572 шақырымға жалғасқан 111 канал бар. Олардың барлығы республикалық меншікте. Былтыр аудандағы демеушілердің есебінен 63 шақырымға созылған канал механикалық тазаландырудан өтті. Биыл 90 шақырымнан асатын арық-атыздарды тазалаудан өткізетін боламыз. Қазірдің өзінде оның 38 шақырымын тазалаудан өткіздік. Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының үй-іргелік жерлеріндегі егінді ағын сумен қамтамасыз ету үшін аса қажет. Өкінішке орай халықтың көпшілігі жаздың күндері үй-іргелік жерлеріндегі егісті суғару үшін ауыз суды ағын су ретінде кәдеге жаратады. Егер де арық-атыздарды механикалық тазаландырудан жүйелі түрде өткізетін болсақ, бұл мәселеге тоқтам болар еді.

Шыны керек, қазіргі таңда аудандағы каналдардың арнасы жүйелі түрде аршылмағандықтан бітелген. Салдарынан егістік жерлердің барлық аумағына су бармайды. Мысалы, ауданда 63194 гектар егістік жер бар. Оның 13500-і гектары ғана суармалы жер.

 

– Бұдан билік хабардар ма?

– Былтыр каналдардың басындағы тоғандарды күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Ол республикалық бюджетке ұсынылған. Мәселенің өзектілігіне мән берген республикалық бюджет есебінен осы бағыттағы жұмыстар үшін 3 млрд. 400 млн. теңгені үш жылға бөліп беру туралы шешімге келген. Бірақ атқарылатын тірлік түйе толғақтың кебін киді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы ойдағыдай өткізілмеді. Конкурс соңы мердігер мекемелердің соттасуымен жалғасып, іс тұралап қалды. Сөйтіп былтыр қаралған қаржы осы жылға шегерілді. Бұл жұмыстарды атқаратын мердігер мекеме осы жылдың шілде айында анықталады деген сенімдеміз. Егер жұмыстар ойдағыдай тындырылатын болса 10615 гектар жер суармалы жер санатына енгізілетін болады. Суармалы жер алқапты асқа толтыратыны белгілі. Одан бөлек, былтыр республикалық бюджеттен канал құрылысын жүргізуге 384 млн. қаржы бөлінді. Нысан осы жылға өтпелі. Оның нәтижесінде тағы 1115 гектар жер суармалы санатқа қосылады. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Ол осы жылы толыққанды аяқталады. Мердігер мекеме Жамбыл облысының компаниясы екен.

 

– Аудан тұрғындары сізге қандай өтінішпен шығады?

– Осы жылдың басында барлық елді мекендерде есеп өткіздік. Сол кезде халықтың басым көпшілігінің білдірер базынасы ауылдың ішкі көшелерін жарықтандыру болып табылады. Бұл мәселе алдағы үш жылда толыққанды шешіледі. Сонымен қатар, бірқатар елді мекендерге мәдениет үйінің соғылуы, белгілі бір орындарға банкомат орнату, егін егу мақсатында жер беру, бағдаршам қою, жол кедергілер орнату және т.б мәселелерді алға тартады.

 

– Бұрындары осы ауданда мектеп мәселесі күрделі болған. Ал қазір ше? Ауданда үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептер мәселесі қазір қандай деңгейде?

– Бізде апатты және үш ауысымды мектеп жоқ. Ауданда жыл сайын халық санының өсуі оң динамиканы көрсетіп келеді. Осыған орай алдағы уақытта Түлкібас ауданында бала санының көбеюіне байланысты мектептердің үш ауысымды жүйеге ауысуын болдырмау үшін, бірқатар білім ұяларына қосымша ғимараттарды салу қажет. Осы бағытта былтыр аудан орталығындағы А.Пушкин атындағы мектеп жанынан 150 орындыққа лайықталған қосымша ғимарат салынды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 6 мектеп жанынан қосымша ғимараттар салуды жүргіземіз. Соған сәйкес, Бреусов, Шевцов, Кошевой, Сеславино, Алтынсарин, Жамбыл мектептеріне 150-200 орындық ғимарат салу бойынша былтыр қаржы бөлінді. Құрылысы осы жылға өтпелі. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл құрылыс жұмыстарының барлығы ауданда бала санының көбеюіне орай жасалуда. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі ауданда түпкілікті шешілген.

 

– Сіз осыдан екі жыл бұрын «Уақыт» газетіне берген сұхбатыңызда ауданда 1608 адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын алға тартып, «1608 адамның өтінішін біз 2021 жылы толық қанағаттандырамыз деген үміттеміз» деп уәделі мәлімдеме айтқансыз. Баспана алу үшін кезекте тұрғандардың қатары қысқарды ма?

– Керісінше тұрғын үй кезегіне тұрғандардың қатары артып кетті. 2017 жылы жоспарланған кезде Түлкібас елді мекенінен 10 үй, Састөбе елді мекенінен 10 үй және аудан орталығынан 10 үй салу арқылы кемінде 1400 адамды баспанамен қамтамасыз етеміз деп күткенбіз. Екінші кезекте аудан орталығын кеңейту мақсатында тағы 7 үй саламыз да, барлығы 1750 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп ойлағанбыз. Қазіргі таңда біз аудан орталығынан 10 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтадық. Оның үшеуін пайдалануға енді береміз. Састөбе елді мекенінен 32 пәтерден тұратын 2 үйді пайдалануға бердік. Соның өзінде қазір бізде 1700-ге жуық адам кезекте тұр. Өткен жылы 192 пәтер, арғы жылы 184 пәтер берілді. Биыл 188 пәтер береміз. Соған қарамастан кезекке тұрғандардың саны көбейді. Өйткені өзге адамдар да үй беріліп жатқанын көріп, біліп, кезекке тұрып жатыр. Мысалы, соңғы он жылда ауданда тұрғын үй кезегіне 1600 адам жазылды. Содан ол адамдардың 700-не пәтер берілді. Нәтижесінде кезекте 900-дей адам қалу керек еді. Бірақ керісінше 600-дей адам тағы кезекке тіркелді.

 

– Осыдан бірер жыл бұрын ауданда егістік жерлердің көлемі 65400 гектарды құрайтын. Қазір өзіңіз оның аумағы 63194 гектарды құрайтынын айтып қалдыңыз. Егістік жер көлемінің қысқаруының себебі қандай?

– Себебі біз аудандағы 62 елді мекеннің 60-ның шегіне өзгеріс енгіздік. Азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімін үлестіру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекен шегіне өткіздік. Ендігі кезекте елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспары жасалады. Содан соң ол жерге инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу бағытында жобалық-сметалық құжаттар дайындалады.

Қазіргі таңда ауданда жер телімін алу үшін 6190 азамат өтініш білдірген. Сол азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі біршама азайды. Бүгінде шегі өзгерген 60 елді мекеннің 19-на инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстар бойынша ЖСҚ дайындалған. Ең бірінші кезекте халық өтініші көп түскен Балықты, Састөбе, Түлкібас елді мекендеріне инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Ол жыл соңына дейін игеріледі. Нәтижесінде биыл жыл аяғына дейін 600-ден аса жер телімі таратылады. Бұл жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Жоғарыда атап өткен 19 елді мекеннің 3-не бюджеттен ақша қаралды. Қалған 16-на алдағы үш жылда бюджеттен ақша қаралады деген үміттеміз. Нәтижесінде 6190 тұрғынның кемінде 5000-ға жуығын жер телімімен қамтамасыз етеміз.

 

– Аудандағы салық түсімінің көрсеткіші қандай?

– Өткен жылы ауданның бюджеті 2 млрд. 904 млн. теңге болды. Аудан бюджетінің бүйірі көлік, жылжымайтын мүлік пен жер салығы есебінен түгесіледі. Біздің ауданда 21 мыңнан астам автокөлік бар. Солардың ішінде 5 мыңнан астам көлікке ешқандай салық төленбеген. 2018 жылдан бастап біз осы олқылық бойынша жұмыс істедік. Яғни олардың барлығына салықтың төленуін жолға қойдық. Істен шыққан, айдауға жарамсыз болып қалғандарын тіркеуден шығардық. Көлік салығы соңғы екі жылда 75- 80 млн. ға артты. Сонымен қатар, кәсіпкерлік ісін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жүргізіп жүрген аудан тұрғындарының салығын осы жерде тіркеттік.

Нәтижесінде соңғы екі жылда ауданның кірісі 400-500 млн. теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар, 54 заңды тұлға мен 150-ден астам жеке кәсіпкерлерді тіркеттік. Одан бөлек, аудандағы барлық ғимараттарды қайта бағалаудан өткіздік. Жасыратыны жоқ көптеген ғимараттардың бағасы салық құнымен сәйкес келмейді. Қайта бағалау жұмыстары негізінде осы бағыттағы салық көлемі 12 млн. теңгеге ұлғайды.

 

– Биыл атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша ауданда қанша отбасы мемлекет қамқорлығына қол жеткізеді?

– Өткен жылы ауданымызда 4018 отбасыға АӘК тағайындалды. Оларға 2 млрд. 257 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде АӘК 3543 отбасы шартты, 475 отбасы шартсыз негізде алды. Шартты негізде алған отбасының 3273-і нәтиже көрсетті. Яғни, олар өздерінің алған қаражатына қой, тауық алып шаруашылықпен шұғылдануға бет бұрды. Нәтижесінде сол АӘК тағайындалған 4018 отбасының 1261-і табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі тізімінен шықты. Соның есебінен 1261 отбасыға АӘК тағайындау тоқтатылды.

Бүгінде ауданда 28843 отбасы бар. Былтыр 4018 отбасыға АӘК тағайындалғанын атап өттім. Жаңа формат бойынша АӘК алуға жыл басынан бастап 602 өтініш білдірілген. Оның ішінде 430 отбасыға АӘК тағайындалған. Жыл соңына дейін 1800-1900 отбасыға АӘК тағайындалады деген болжам бар.

 

– Жуырда Сіздің бастамаңызбен Мекемтас Мырзахметовке шығармашылық үй соғылып берді. Құптарлық дүние. Мұндай ой сізге қайдан келді?

– Мекемтас ағамызбен кезекті бір емен-жарқын жүздесу кезінде туған ой бұл. Ол кісі қызмет бабымен Шымкент пен Тараз қаласында көп жүреді. Ал Түлкібас осы екі аймақтың ортасында орын тепкен. Оның үстіне өзінің де туған жері. Екі қаладағы барыс-келісі кезінде туған ауылына өтіп, осы жерде де шығармашылықпен айналысып жатқаны бізге абырой ғой.

 

– Сіздің шығармашылық адамдарға ерекше құрмет көрсетіп жүретініңізді жиі байқаймыз. Бұл сіздің шығармашылыққа жақындығыңыздан ба әлде өз жұмысыңызды жарнамалаудың әдісі ме?

– «Сөз өнері – өнердің ең биігі» деген. Мен шығармашылыққа шын берілгендерді ерекше азаматтар ретінде құрметтеймін. Және олардың еңбектері халық үшін жасалып жатқан дүние. Сондықтан да оларға игі жақсылық сыйлау қажет деп санаймын.

 

– Ауданда мал ұрлығы жайында айтып өтсеңіз?

– Былтыр тіркелген қылмыс саны 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға азайған. Қылмыстың ашылуы 87-88 пайызға жеткен. Иә, ауданда орын алатын қылмыстардың басым көпшілігі мал ұрлығы. Бұған дейін осы санаттағы қылмыстар үшін тараптардың бітімге келуіне болатын еді. Енді жыл басынан бастап бітімгершіліктің болуына тыйым салынып, заң қатайтылды. Осы мақсатта ауданда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мал ұрлығы санының азаюына ықпал етеді деп сенемін. Өзге де қылмыстарды алдын алу мен болдырмау мақсатында ауданымызда адам көп шоғырланатын 24 жерге бейнекамера орнатылды.

 

– Жоғарыда бірқатар жұмыстардың демеушілер есебінен орындалғанын тілге тиек еттіңіз. Кәсіпкерлер ауданда тағы қандай жұмыстардың орындалуына жомарттық танытты?

– Былтыр ауданда «Ана мен бала» монументі қойылды. 63 шақырым канал тазаланды. Одан бөлек облыс әкімінің «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ауданда 93 отбасы бақылауға алынды. Онда 540 тұрғын бар. Бұл азаматтардың тұрмысының түзелуіне жағдай жасауды өз бақылауымызға алдық. Соған сәйкес біз бірінші кезекте еңбекке қабілетті 58 азаматты жұмысқа орналастыруға кірісіп кеттік. Сонымен қатар, «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша тіркеуге алынған әр отбасының үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға демеушілерді тартамыз. Аталған бағдарлама бойынша көпбалалы және аз қамтылған 4 отбасыға демеушілер есебінен үй салынып берілді.

 

– Жалпы кәсіпкерлерге артылған сенім де оларға артылған жауапкершілік те жоғары екенін байқап қалдық. Азаматтарға қол ұшын созған жақсы ғой. Бірақ Сіздер кәсіпкерлерге үлкен салмақ салып жатырмыз деп ойламайсыздар ма?

– Біз талап қоймаймыз. Ұсыныспен шығамыз. Шешімді қабылдау олардың патша көңілдерінде. Демеушілік пен қайырымдылық жұмыстар жүрек қалауымен жасалып жатқан дүниелер. Осы сәтті пайдалана отырып, мен ол кісілерге аянып қалмай, сөзімізді жерге тастамай, көмекке мұқтаж азаматтар үшін қолдан келер көмегін жасап жатқаны үшін мың да бір жұпар рахмет айтамын.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбаттасқандар:

Балтабек  Түйетаев,

Талғат Балтабаев.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Қала әкімі аталған кәсіпорынның иіру, тоқыма, бояу-әрлеу, тігін цехтарының жұмысымен танысып, комбинаттың өндіріс қуаттылығымен танысты. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан комбинат жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады.

Барлығы 700-ден астам жұмыс істейтін компанида бір айда 500 тонна мақта өңделіп, 1,5 млн. метр мата тоқылады. Шығарылған өнімдер ішкі нарықтағы сұранысты ғана қамтып қоймай, алыс-жақын шетелдерге де экспортталады. Мата шығарудағы негізгі шикізат көзі – мақта өнімі де өзімізден. Яғни, компания мақта өнімін мақталы алқап Мырзакент аумағынан тікелей алдыртады.

Қазіргі таңда пандемияға ұласқан коронавирусқа қарсы шаралар үшін медициналық бетперделерге деген сұраныс арта түскен. Бетперделер еліміздің көптеген аймақтарында тапшы өнімге айналып кетті. Осыған орай Шымкенттегі бірқатар фабрикалар мен тігін цехтары маска тігуді қолға алды. Өзімізде тігілген бетперделер апта ішінде қаладағы дәріханаларда сатылатын болады. Осы ретте маска тігу тек Шымкентте ғана емес еліміздің өзге де қалаларында қолға алынып отыр. Осыған орай «AZALA Textile» комбинатының шыт маталары мен бөздеріне сұраныс артқан. Комбинат басшысы сол сұранысты арттыру үшін өнім қуаттылығын артқанын алға тартып отыр. Бүгінде «AZALA Textile» комбинаты Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс қабылдауда.

 

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Өткен ғасырдың 20 жылдарында жүргізілген мал санағы бойынша еліміздің әр өңіріндегі өсірілген түйенің басы 1 миллион 200 мыңнан асып жығылған. Бірақ сол уақыттан кейінгі қазақ даласын бір емес екі рет шайып өткен нәубет аштық Ойсылқара тұқымының санын ойсыратып жіберді. Сөйтіп өткен ғасырдың 50 жылдарында яғни, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түйенің саны 200 мыңға әзер толды. Бірақ 1965 жылы Ойсылқара тұқымы тек төрт облыста ғана атап айтқанда, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Түркістан аймақтарында сақталып, мал басы 67 мыңды құраған.

Ал тәуелсіздігімізді алғанда оның саны 60 мыңға да жетпеді. Егемендік алғаннан кейін, етек- жеңімізді жинап, еңсемізді тіктеген соң түйе шаруашылығына ден қойылды. Сөйтіп, 1997 жылы жүргізілген санақ бойынша еліміздегі түйе шаруашылықтарында 110 мыңдай түйе болды. 2002 жылы бұл көрсеткіш 113 мың басқа жетті. 2010 жылы түйе саны 158,6 мыңды көрсетті. 2017 жылдың басындағы есеп бойынша түйе саны 197,5 мың басқа көбейген. Бұл 2016 жылғы есепке қарағанда 14,2 мың басқа артық.

Елімізде түйе шаруашылығын өрістетуде Маңғыстау облысы алдыңғы шепте. Мұнайлы аймақта 60 мыңнан аса түйе бар. Екінші орында Қызылорда облысы. Сыр өңірінде 46 мың бас Ойсылқара тұқымы бар болса, Атырау облысында 34 мыңнан аса түйе өсірілуде.

Түркістан облысында түйе шаруашылығын жандандыру басты бағыттардың бірі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту қолға алынған. Қазіргі таңда теріскейде түйе сүтін көптеп өндіріп, оны тиімді бағада саудалау үшін түйешілермен арнайы семинарлар өткізілуде. Бұл ретте осы жылдың өзінде өңірдегі сүтті бағыттағы түйе санын 1600 басқа арттыру көзделуде.

Аудан әкімі Салыхан Полатовтың бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты қарастырылған.

Қазіргі таңда аудандағы төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеттері орналастырылған. Соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығының қорасында тұр. Аталған қожалықтың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені бұл қожалықта бүгінде 505 бас түйе бағылуда. Оның 276-сы аналық бас саналады. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндіруді жоспарлап отыр.

Аталған қожалықтың жетекшісі Патима Нышанбаева «Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін «Colden Camеl» зауытынан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып алатынын жеткізді. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізетін боламыз»,-деді.

Ал Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Утанғазиев аумақта түйе саны 11 мыңнан асқанын, биыл олардың санын 1600-ге ұлғайтып, сүт көлемін 4 мың тоннаға дейін жеткізу межесі тұрғанын айта келе, «Оны орындау үшін өңірде арнайы бағдарлама түзіліп, Түркістан қаласындағы «Colden Camal» зауытымен бірлесіп жұмыс істеу ісі жандануда. Осының негізінде ауданда 4 қожалықтың қорасына 1 тонналық сүт қабылдау бекеттері орналастырылды»,-деп атап өтті.

 

Түркістан облысындағы киелі жерлердің бірі — Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана көптеген туристердің қызығушылығын тудырады. Оған ол жерге келуші азаматтардың көптігі дәлел болады. Қазіргі таңда Үкаша ата құдығының айналасы мен кесенесінің маңы абаттандырылуда.

 

Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Абаттаныру жұмысы аясында кесене мен құдық маңына орындықтар орнатылды. Аптап ыстық пен жауынды кезде адамдарға ыңғайлы болу үшін ыңғайлы орындықтар (беседка) жасалды. Сонымен қатар автотұраққа электр шамдары орнатылды. Кесенеден бір шақырым қашықта орналасқан құдыққа барар жолдағы электр бағандары жаңартылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі әкімшілігі алдағы уақытта Үкаша ата құдығының айналасы темір шарбақпен қоршалып, жол бойына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәу жасайтын зиярат орны екені белгілі. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрынғы уақыттағы жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы «Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 метір белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», — деп жазады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейіне қарасты тағы бір сәулеттік ескерткіш – Жүсіп ата кесенесіне де абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Музей әкімшілігі және жергілікті кәсіпкерлердің бірлесуімен қолға алынған игілікті бастама аясында кесене айналасына 700 дана раушан гүлі, 100 түп тұт және 40 дана боз арша ағаштарын егу жұмыстары жүруде.

Сондай-ақ, келушілер үшін жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 10 дана орындықтар мен 22 жарықшам орнатылады.

Айта кетсек, өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және жергілікті демеушілердің бірлесуімен кесенеге кіретін аумаққа темір қақпа орнатылып, асфальт жол салынған. Сондай-ақ, кесене айналасындағы жалғыз аяқ жолдар бетондалып, дәретхана жөндеуден өткен. Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрет алу бөлмесіне ыстық және суық су жүргізілген.

Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта Ескі Иқан ауылында орналасқан Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар сәулеттік ескерткіш болып табылады. Кесене орын тепкен жалпы жер көлемі — 1,5 га құрайды.

Кәрі тарихта Жүсіп атаның Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені екені жазылған. Ол XII ғасырдағы діни тұлғалардың бірі саналады.

Жүсіп ата кесенесінің іргесіне 2005 жылы зерттеулер жүргізілген. Кесене екі бөлмеден тұрады. Жалпы ұзындығы 22-23 метр, ені 12,87 метр. Зияратхана бөлмесінің ішкі өлшемдері 9,24 м х9,21 метрді құрайды. 2008 жылы Жүсіп ата кесенесіне толық реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз атаға тиесілі. Кесене ішінде жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы тиіс» деген тұжырым бар.