«ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ЕМЕС»

Ербол САДЫР, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

 

Әлемде көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан коронавирус барлық салаға салқынын тигізуде. Өткен жылдың желтоқсанында Қытайда пайда болған індет, бар-жоғы үш айдың ішінде дөңгеленген дүниедегі 170-тен астам елде «төбе көрсетіп» үлгерді. Қазақстан бұл ауруға қарсы тиісті сақтық шараларының барлығын қамтамасыз етті. Бірақ өткен аптаның жұмасы, яғни 13-наурызда елде екі адамнан әлемді алаңға түсірген коронавирус белгісі байқалды. Жайсыз жаңалықты сол күні еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Ол Covid-19 вирусын жұқтырғандар Германиядан келген Қазақстан азаматтары екенін айтты.

 

Қалыптасқан ахуалға байланысты 15-наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады. Президент жарлығында «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16-наурызы сағат 08:00-ден бастап, 2020 жылдың 15-сәуірі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілсін»,-делінді.

Осыған орай, ірі сауда нысандарының, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметі уақытша тоқтатылды. Бұған қоса, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен кіріп-шығуға шектеулер белгіленді.

Одан алдын елімізде коронавирусты алдын алу бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мектеп оқушыларының көктемгі демалысы 16-наурызда яғни, бір апта ерте басталды. Сонымен қатар, 16-наурыздан бастап жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқыту режиміне ауысты. Сауда орындары мен базарлардың жұмысы шектеліп, қоғамдық көліктердің тұрақты түрде дезинфекциялануы жолға қойылды. Кейбір бағыттар бойынша әуе рейстері тоқтатылды.

Бұл шаралар коронавирус індетін ауыздықтап, аурудың белең алмасы үшін жасалып отыр.

Кешегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, коронавирус жұқтырғандар саны әлем бойынша 220 мыңға жуықтады. Сырқаттардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен хаттама негізінде емделуде. Өкініше орай әлем бойынша Сovid-19 вирусынан ажал құшқандар саны 9 мыңға жуықтады. Вирустан 84122 адам сауыққан.

Кеше шетелдік БАҚ соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырғандар саны 20 мыңға жеткенін мәлімдеді. Коронавируске байланысты түрлі шектеулер Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де жүзеге асуда. Мәселен, АҚШ-та барлық бұқаралық жаппай наразылықтарға тоқтау салынды. Финляндияда шетелдерге шығу бағыты шектелсе, Португалия билігі елде 15 тәулікке төтенше жағдай жариялады. Ал Чили билігі елде апат режимін енгізді. Енді мемлекет 90 күнге шекараны жабатын болады. Ал Жапония мемлекеті жағдайдың ушығуына қарамастан Токио-2020 Жазғы Олимпиада ойыны белгіленген уақытта өтеді деген үміттің жетегінде отыр.

Қазақстанда қандай шаралар қабылданып жатқанын жоғарыда атап өттік. Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде тиісті сақтық шаралары қолға алынды.

Қазақстанда 19-наурыз сағ.: 13:00-дегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті. Оның 25-і Нұр-Сұлтан, 19-ы Алматы қаласында тіркелді. Аталған екі қала 19-наурыздан бастап карантинге жабылды.

Әзірге Шымкент қаласында аты жаман індет тіркелмеді. Жергілікті билік тиісті сақтық шараларының барлығын қарастыруда.

Биыл қалада «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында бірнеше шаралар мен халықаралық жиындарды өткізу жоспарланғаны белгілі. «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты 20-наурызда өтеді деп күтілген. Бірақ 12-наурызда аталған іс-шаралардың барлығы кейінге шегерілетіні ресми түрде хабарланды. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков шараның қашан өтетіні қазір белгісіз екенін ашып айтты.

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты 17-наурызда жергілікті билік өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Шымкенттегі ақпараттық- коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр барлық тұрғындарды енгізілген тәртіпке бағынуға шақырды. Сонымен қатар ол, осы аптадан бастап өзімізде тігілген медициналық бетперделер дәріханаларға сатылымға шығатынын жеткізді. Сондай-ақ ол, антисептикалық спрейлерді шығару көлемі артатынын айтты. Осылайша ол «қалада вирустан қорғанудың басты құралы болып табылатын маскалар мен спрейлер бойынша тұрғындар тапшылық көрмейді» деп сендірді.

Қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр «елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты азық-түлік сарқылады» деген қауесет бос сөз екенін, ол үшін уайымға салынудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

Қауіпті вирустан қорғанудың басты жолы – тазалықты сақтау. Осыған орай қалада жаппай дезинфекциялық жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, барлық мекемелер мен базарларда, мешіттерде, аялдамаларда, көп қабатты үйлер маңындағы қоқыс жәшіктеріне коронавирустың алдын алу бойынша қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, ғимараттың іші мен сырты толығымен залалсыздандырылуда.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы кешкі сағ.: 22:00-ге дейін шектеліп, онда келушілердің саны бір уақытта 50 адамнан аспауы қажеттігі ескертілуде. Ірі сауда орындарының жұмысы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін, ал киім-кешек сататын базарлардың жұмысы күндізгі 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін белгіленіп отыр. Сонымен қатар қала тұрғындарына елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты несиелерін уақытында төлей алмаса, өсімпұл мен айыппұл есептелмейтіні де хабарланды. Коронавирус белгілері байқалған жағдайда 1406 және 103 нөмірлеріне хабарласу қажеттігі, вирус туралы сұрақтарын Qoldau 24/7 мобильді қосымша арқылы жолдай алатыны да тұрғындардың қаперіне жеткізілді.

Жергілікті билік халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі жіті бақыланып, қауіпті індеттен сақтану шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келетінін, сақтық шараларын күшейту бойынша атқарылып жатқан барлық жұмыс қала әкімінің жеке бақылауында екенін мәлімдеуде.

«Бекжан», «Самал» автовокзалдарынан және «Көктем» автостанцияларында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына Шымкенттен қатынайтын автобустар бағыты 18-наурыздан бастап тоқтатылды. Карантин жарияланған осы екі қалаға бару үшін теміржол билеттерін алдын ала алып қойған жолаушылар билеттерін қайтаруда.

«Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында қоғамдық көліктерді дезинфекиялау шаралары қатаң бақылауға алынған. Шымкентте бұл шара қалай өткізіліп жатыр? Қалада 1500-ден астам қоғамдық көліктер бар екенін ескерсек, олардың барлығына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мамандар жеткілікті ме?».

Қоғам арасында туындаған осы сұраққа Е. Садыр «Автобустарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуші мен кондуктор жасайды. Оны қалай жасау керектігін, қандай құралмен және қанша рет екенін біз қашықтықтан оқытып үйреттік. Қалада 1500-ден астам қоғамдық көлік бар. Қалааралық бағыттағы 500-ден астам автобус бар. Олардың барлығына дезинфекция жасайтын мыңдаған маман жоқ еш жерде. Оның барлығын өздері дезинфекция жасау керек. Санитарлық норманы әркім өзінен бастап сақтау керек. Өйткені ол Сіздің өміріңіз. Әрқайсымыз өз өмірімізді мемлекеттің өмірі сынды етіп көреміз. Мемлекеттің қазіргі негізгі міндеті тиісті құрал-жабдықтарды жинақтап, оларды тарату жүйелерін реттеу»,- деді.

С. ИБРАГИМОВА.