Маңызды

Жылыту маусымы басталғалы бері облыс
орталығы Түркістан қаласының ауасы тынысты тарылтып жататыны туралы жиі айтылуда.

Оған жергілікті жердегі жеке секторлардың көпшілігінің табиғи газға қосылмағандығы себеп. Үйлерін жылыту кезінде қатты отынды пайдаланғандардың тиісті талапты сақтамауы атмосфера қабатының бұзылуына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар қала орталығындағы моншаларда қатты отынмен жылытылады. Түркістан облысы Экология департаментінің мамандары нысан иелеріне моншаларды жылыту бойынша қатты отыннан көгілдір отынға ауысу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ сияқты. Себебі, кейбір моншалар қатты отын былай тұрсын, резеңке жағып, ылдым-жылдым тірлікке баруда екен. Мұның өзі қаланы көк түтінге тұмшалап, экологиялық жағдайдың алаңдатарлық күйге түсуіне ықпал етері анық.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қордаланған осы мәселелерді жою мақсатында арнайы жиын өткізді. Тиісті мамандар қатысқан отырыста шаһар басшысы қалалық полиция және төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының мамандарына моншалар мен өзге де кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарын жылыту үшін резеңке жағуына тыйым салуда белсенділік танытуы керектігін баса айтты.
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы көп қабатты үйлердің көпшілігіне көгілдір отынның құбыры тартылып қойған. Бірақ ондағы тұрғындардың сол жеткізілген табиғи газға қосылу көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Өз кезегінде олар сығымдалған газ баллондарын тұтынып келеді. Көп қабатты үйлерде орын алатын газ баллондардың жарылуы сынды оқыс оқиғалардың орын алуына тұрғындардың осындай бейғамдығы елеулі әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Қала әкімі Рашид Аюпов осы мәселені алға тарта отырып, газ құбыры тартылған үйлерде сығымдалған газ баллонын пайдалануды шектеуді қамтамасыз етуді шегеледі.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайдар басқармасының басшысы Талғат Досалиев тұрғындардың сығымдалған газ баллонын тұтынуда өрескел қателіктер жіберіп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше қазіргі таңда қаладағы газ құю бекеттері бос баллондарды сығымдалған газға толтырып беруден еш тайсалмайды екен. Егер оларға талапты күшейтсе мәселе айтарлықтай шешімін табатынын алға тартты.
Осылайша жергілікті билік қаланың көк түтінге тұмшалануына тойтарыс беру үшін осы және өзге де шараларды қолға алуға бекінуде. Сонымен қатар, атқарушы орган қаланың атмосфералық ахуалын алаңдатарлық халге түспеуін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік нысандарында тексеру күшейе түсетінін мәлімдеп отыр.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Айман  Омарова, Адвокат:

Қазақстанда ендігі кезекте зорлау мен сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаятыны туралы айтылып жүр. Соған сәйкес адам зорлау ісі кезінде тараптардың мәмілеге келуіне де қатаң тыйым салынатындығы ескертілуде. Бұл талаптар заң жүзінде күшіне енсе елімізде зорлықтың құрбаны болғандар заңмен толық қорғала ма? Әлде қандай да бір басқа өзгерістерге бару керек пе?
Елімізге белгілі құқықтанушы Айман Омароваға АzatNews журналистері осындай сұрақты көлденең тартқан. Білікті заңгер былай деп жауап береді.
– Олай деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Заңның жұмсақ болмауы мәселенің бір жағы. Одан өзге де проблемалар бар. Жетерлік. Соның бірі сот сараптамасы. Себебі, біздегі сот сараптамасының саны көп, сапасы жоқ болып тұр. Бізде альтернативті сот сараптамасы бар деп жатады. Оның да мемлекеттік сот сараптамасының да сапасы төмен. Сол сот сараптамасын жөндеу қажет. Оның сапасын көтеру керек. Қазір көптеген жаңа техникалар бар. Соған қарамастан сараптамада ескі техникаларды қолданады.
… Екінші проблема ол тергеушілердің тәжірибесінің жоқтығы. Яғни, тергеушілер адам өлтіру бойынша қозғалған қылмыстық істермен айналысып жүреді де, зорлау бабымен қозғалған істерді жүргізіп кете береді. Ол дұрыс емес. Себебі әр істің өзінің ерекшеліктері бар.
Сонымен қатар, зорлау ауыр қылмыс санатына жатқызылса жала жабатындардың саны өсіп, зорлық құрбандарының қатары көбейеді деген қауіптің болуы орынды. Өмірде әртүрі адамдар бар. Жала жабатындар да бар. Бірақ ондайларды сапалы сот сараптамасы мен сапалы тергеу анықтай алады. Оған сот өзінің пікірін айтып, үкім шығарады. Ақтауы да мүмкін. Бірақ қазір кейбір судьялардың зорлауды нақты жасағандарды ақтап жіберіп, жасамағанды соттап жіберіп жатқан оқиғалар да бар.
Тағы бір жағдай бар. Қанша шаралар қабылдасақ та зорлаудың түпкілікті себебін жою қажет. Оның негізі қайдан басталады? Ол бала кезден басталады. Кішкентай балаларға денеңді бөтен адамға ұстатуға болмайтынын айту керек. Сонымен қатар оларға қандай әрекетті сексуалдық сипаттық деп атайды. Қандай әрекетті заңсыз дейді. Қандай әрекетті зорлық-зомбылық деп айтады деп түсіндіру керек.

 

P.S. Біз белгілі адвокаттың бұл кеңесі ең бірінші кезекте ата-аналар үшін тиімді болар деген үмітпен жариялап отырмыз.
Сөз соңында білікті маман Айман Омарованың Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі екенін айта кетейік. Ол елімізде көптеген атышулы істерде жазықсыз жапа шеккендердің мүдделерін қорғауда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Өз кезегінде ол зорлық-зомбылық құрбандары болған балалар мен қыз-келіншектердің заңды құқығын қорғаумен қатар, бұл бағыттағы мәселелерді шешуде билікке тиісті талаптарын айта алатын белсенділігімен де танымал болған.

Ал, тиісті ведомства қалаға келер қауіп жоқ дейді

Арыстағы жарылыстың зардабымен күрес әлі де жалғасуда.
Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігіне ондағы тұрғындар тарапынан түрлі шағымдар түсуде. Соның бірі адамдардың жойқын апат кезінде жан жаққа қарай ұшқан оқ дәрілердің кейбір фрагменттерін тауып алып жатқандығы.

Бұл туралы журналистерге ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев мәлімдеді.
Министр орынбасарының айтуынша адамдар оқ-дәрі фрагменттерін тауып алған жағдайда жедел әрекет ету тобы тиісті жерде болып, оны басқа жерге апарып көзін жоятынын жеткізді. Және де ол «қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арыс тұрғындары мен елді мекендерге келер қауіп жоқ. Табылған және тасымалдауға келмейтін оқ-дәрі фрагменттері бірден жойылуда. Арнайы операциялар кезінде мамандарымыз қауіпсіздік шараларын сақтайды. Жарылғыш заттарды жоюға арналған әдістеме бар. Соған сәйкес қала инфрақұрылымы мен тұрғындардың қауіпсіздігі сақталады» деді. Сонымен қатар ол, бүгінде әскери мамандар Арыстағы оқ-дәрілер сақталған базаны тазалауға кіріскенін де тілге тиек етті.

А. САТЫБАЛДЫ.

Елімізде 18 жастан жоғары азаматтардың 90 пайызы
бір немесе бірнеше рет несие алған.

Алынған несиелердің 30 пайызы тұтынушылық мақсатта жұмсалған екен. Бұл туралы Еуразия арнасының Басты жаңалықтарында айтылды.
Сарапшылар халықтың тұтынушылық мақсатта алынған несиелерінің жартысынан көбі телефон, киім-кешек, тіпті тамақ сынды азын-аулақ дүниелердің ақысын жабуға жұмсалатынын алға тартуда. Және олар мұндай үрдістің белең алуының соңы кедейлікке апарады деп болжайды.
Дей тұрғанмен тұрғындар тұтынышулық бағыттағы несие бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы үйіндегі тұрмыстық техниканы түгендеп алуды әбестік санамайды. Оның себебін ондай дүниелерді қолма-қол ақша арқылы алуға қалта да, жалақы да көтермейтіндігімен түсіндіреді. Бірақ әлеуметтанушылар халықтың жаппай несие алуынан тек банктердің ғана мұрты майланатынын айтуда.
Бүгінде қазақстандықтардың тұтынушылық деңгейдегі несие алу көрсеткіші рекордтық деңгейден асып түскен. Осы жылдың он айының өзінде тұрғындар 3,9 триллион теңгеге несие алған. Ал қазақстандықтардың осы күнге дейінгі банк алдындағы берешегі 7 триллион теңгеге жеткен. Бұл үшін жеке тұлғалармен жасалған несие келісім шартының саны 13 миллионнан асып кеткен.
Әлеуметтанушы мамандар несие алудың белең алуы ерлі-зайыптылардың ажырасуына да себеп болатынын дабыл етіп көтеруде.

С. НҰРАЙ.

Облыстың барлық аудан, қалаларында «Түркістанның руxани керуені» тақырыбында кездесу өтті.

Шара аясында өңірімізден шыққан елімізге танымал өнер жұлдыздары, спорт саңлақтары мен адам бойына рухани нәр беретін дін өкілдері халықпен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті. Бұл кездесудің басқа басқосулардан басты ерекшелігі де осында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен ҚМДБ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен болған бұл шарада Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Ақжүрек Таңатаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Саят Медеуов және Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов Сарыағаш пен Келес ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Сайрам мен Түлкібас аудандарының адамдарымен болған емен-жарқын жүздесуде эстрада жұлдызы Еркін Нұржанов, армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев және Төлеби ауданының бас имамы Самат Анарбаев болды. Бәйдібек пен Созақ аудандарына Қазақ күресінен ҚР чемпионатының қола, күміс жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов, Сайрам ауданы Бәйдібек ата мешітінің имамы Арыстан Оспановтар сапар шексе, қол күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған Мағжан Шамиев пен Түркістан облысының бас имамы Ақтамберді Мұсабек Мақтаарал мен Жетісай тұрғындарымен болған кездесуге қатысты.
«Түркістанның руxани керуені» шарасының арқасында Ордабасы мен Отырар ауданы тұрғындары боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдабеков, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің Жастар ісі секторының жетекшісі Қайрат Дәрібаевпен бетпе-бет жүздесіп, көкейлеріндегі сан-сауалдарға жауап алды. Төлеби мен Қазығұрттағы ашық әңгімені боксшы, Мьянмада өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Біржан Жақыпов және Сайрам ауданының бас имамы Сейдахмет Темірбек жүргізді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов пен Түлкібас ауданының бас имамы Серік Мағаз Арыс қаласы мен Шардара аудандарына табан тіресе, каратэ-додан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Ақпанбет және Бәйдібек ауданының бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлы Кентау қаласы жұртшылығымен бас қосып, келелі кеңес өткізді.
«Түркістанның рухани керуенінің» Түркістандағы кездесуі Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында өтті.

С. НҰРАЙ.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында жаны жомарт жандардың ұйытқы болуымен тағы бір тың тірлік жасалды. Аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағының алдынан баласын құшағына басқан ананың еңселі монументі бой көтерді. Оның тұғыр тасына «Ана мен бала» сөзі қашалып жазылды. Атауының өзі монументтің мағынасын аша түскендей.
Алыстан мен мұндалап көрінетін еңселі ескерткіш тасты жасауға 30 млн. теңгеге жуық қаржы кеткен. Бірақ оған бюджеттің бір тиыны да жұмсалмаған. Ауданның ажарын ашқан монументті сол өлкенің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жайлау Піралиев атамыздың балалары мен немерелері салып берген. Ол кісінің ұрпағы Серік Пірәлиев монументтің ана мен бала бейнесінде болуын «Мұның қоғамдық тәрбиелік мәні зор. Себебі, әрбір адам ескерткішке қарап, ондағы «Ана ұлы. Ана қымбат. Ана құдіретті жан!» деген жазуды оқып ойланады. Ең бірінші бізге керегі тәрбие, одан кейін білім. Біз білімге кетіп тәрбиені ұмыт қалдырдық. Тәрбие бар жерде білім өзі келеді» деп түсіндірді.
Текті кісінің кіндігінен тараған ұрпақтары бұл игі істі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданға тарту еткенін алға тартады.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай бастаған ел ағалары, жергілікті тұрғындар ескерткіштің салтанатты жағдайда ашылуының куәсі болды.

С. НҰРАЙ.

Бес ай уақыт бұрын оқыс оқиғаны бастан өткерген Арыста көзайым жаңалық. Осы аптада тоғыз жолдың торабындағы қалада спорт кешені ашылды.

Халықаралық талаптарға сай жабдықталған нысанда бір мезетте 100-ге жуық спортшының жаттығу жасауына толық мүмкіндіктер қарастырылған. Спорттың алты түрін қамтитын кешенде жүздеген баланың бабы шыңдалатын болады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып, өңір тұрғындарының игілігіне берілген нысанда спорттық ойындар өткізетін зал бар.
Кешеннің салтанатты ашылуы кезінде Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев демеуші компанияға алғысын білдіріп, тұрғындар атынан алғыс айтты. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Арман Жетпісбаев болса бұл нысанның бой көтеруіне 340 миллион теңге жарытылғанын хабардар етті. Және де ол осы кешен әлемге аты танылатын спортшылардың ыстық ұясы болады деген үмітін жасырмады.
Сондай-ақ қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұжымы ел игілігіне берілген бұл кешен бұқара арасындағы спорттың дамуына барынша серпін беретіне сенім білдіруде.

С. НҰРАЙ.

Жуырда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Алтын күз – 2019» шарасы өтті. Аталған шарада аудан, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін саралап, осы бағытта қажырлы еңбек еткен шаруа иелері мен диқандардың еңбегін бөлекше бағалаған болатын. Сондай құрметке кенелгендердің бірі ауданның бетке ұстар шаруа иесі Тыстыбай Сырайлов. Өз кезегінде Т. Сырайловты аудан әкімі Бақыт Асанов «Озат мал бордақылаушы» номинациясы бойынша марапаттады. Істің көзін таба білген шаруа иесі 10 айдың қорытындысы бойынша 31,5 тонна ет өндірген.

Жуырда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Алтын күз – 2019» шарасы өтті. Аталған шарада аудан, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін саралап, осы бағытта қажырлы еңбек еткен шаруа иелері мен диқандардың еңбегін бөлекше бағалаған болатын. Сондай құрметке кенелгендердің бірі ауданның бетке ұстар шаруа иесі Тыстыбай Сырайлов. Өз кезегінде Т. Сырайловты аудан әкімі Бақыт Асанов «Озат мал бордақылаушы» номинациясы бойынша марапаттады. Істің көзін таба білген шаруа иесі 10 айдың қорытындысы бойынша 31,5 тонна ет өндірген.

Мақтаарал ауданында жайылым жер өте аз. Сондықтан да мұнда малды бордақылаған өте тиімді. Осыны жете түсінген Тыстыбай Сырайлов «Құдайберген» атты шаруа қожалығында мал бордақылау ісімен шұғылданып келеді. Аз уақыттың ішінде еңбегі өніп, ісі алға басады.
Шаруа қожалықтың иесі Тыстыбай Сырайловтың 2,5 гектар аумақты алып жатқан және құны 120 миллион теңгені құрайтын фермасы бар. Оның ішінде 400 бас малға арналған қора-жайы дайындалып, жем-шөп сақтайтын қоймасының құрылысы аяқталған. Жеке меншігіндегі 10 гектар егістік жерінен жоңышқа егіп, қазіргі таңда мал азықтық өнімін жинап алған. Жеке кәсіпкердің алға қойған негізгі мақсатының бірі мал басын көбейтіп, ет өнімін экспортқа дайындау болған еді. Жергілікті әкімдік шаруа иесінің бұл жоспарына қолдау танытқан.
Қазіргі таңда ол мемлекеттің қолдауының арқасында «Аграрлық несие корпарациясы» акционерлік қоғамынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мал бордақылау алаңына 29,4 миллион теңге несие алып, жұмыс жүргізіп жатқаны соның жарқын мысалы. Осылайша ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1000 бастық мал бордақылау фермасын салу жобасына қатысуда.

С. НҰРАЙ.

Түркістан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы ағымдағы жылдың 10 айында 84 млрд. теңгеге 442 ашық конкурс өткізген.

Осыдан төрт жыл бұрын дәлірегі 2015 жылы құрылған басқарманың басты ұраны мемлекеттік сатып алуларды әділ өткізу болып табылады. Бұл ретте басқарма өз мамандарының біліктілігін арттыруды әрдайым назардан шығармайды.
Дәл осындай мақсатпен басқарма өзіне бағынысты мекеме қызметкерлеріне семинар-тренинг өткізді. Жалпы биыл мемлекеттік сатып алу бойынша заңға 7 рет, ережеге 5 рет өзгеріс енгізілген. Аталған семинарда осы мәселеге екпін берілді. Яғни, ұйымдастырушылар облыстың әр өңірінен келген мамандарға осы жөнінде тарқатылған ақпарат беріп, кеңестер айтты. Сондай-ақ, қызметкерлер өзара тәжірибе алмасты. Семинарға қатысушылар тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасында туындайтын көп сұрақтар төңірегінде нақты жауаптар алды. Өз кезегінде Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Ғазизбек Айтбаев мұндай шаралар мемлекеттік сатып алулар кезінде сыбайластықты алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ететінін алға тартты.

 

С. НҰРАЙ.

Осы аптадағы айшықты жаңалықтың бірі Түлкібас ауданының ветеринарлық қызметі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимаратының күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгені болды. Мекеме қызметкерлері бұған дейін бір ғасырдан астам бұрын бой көтерген ғимараттарының тозығы жетіп, ескіргеніне қынжылатын еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына бірнеше жыл толған-тын. «Сабақты ине сәтімен». Ветеринар мамандар жайғасқан ғимаратты жөндеу сәті осы жылға сәйкес келіпті. Бұл үшін бюджеттен 33 млн. теңге қарастырылған.

Мал дәрігерлерінің қуанышы еселі. Себебі олар толықтай жаңартылған ғимаратқа жайғасып қана қоймай, заманауи зертханаға да қол жеткізген.
Аталған мекемеде сала мамандары 100-ден астам қызмет түрін ұсынады. Қорадағы төрт түлікті дәрілеу мен түрлі жұқпалы ауруларды алдын алу шараларын да жүргізеді.
Соңғы жылдары аудандағы ауылшаруашылық бағытындағы пайыздық көрсеткіштер асыл тұқымды мал басының көбейгенін көрсетіп тұр. Оның үстіне ауданда ветеринар мамандарға деген сұраныс көп. Ветеринарлар жаңарған ғимаратта жайлылық алға қойған сол істерге серпін беретінін алға тартуда.

С. НҰРАЙ.