ТҮЙІТКІЛДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛДЫ

Осы аптадағы айшықты жаңалықтың бірі Түлкібас ауданының ветеринарлық қызметі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимаратының күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгені болды. Мекеме қызметкерлері бұған дейін бір ғасырдан астам бұрын бой көтерген ғимараттарының тозығы жетіп, ескіргеніне қынжылатын еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына бірнеше жыл толған-тын. «Сабақты ине сәтімен». Ветеринар мамандар жайғасқан ғимаратты жөндеу сәті осы жылға сәйкес келіпті. Бұл үшін бюджеттен 33 млн. теңге қарастырылған.

Мал дәрігерлерінің қуанышы еселі. Себебі олар толықтай жаңартылған ғимаратқа жайғасып қана қоймай, заманауи зертханаға да қол жеткізген.
Аталған мекемеде сала мамандары 100-ден астам қызмет түрін ұсынады. Қорадағы төрт түлікті дәрілеу мен түрлі жұқпалы ауруларды алдын алу шараларын да жүргізеді.
Соңғы жылдары аудандағы ауылшаруашылық бағытындағы пайыздық көрсеткіштер асыл тұқымды мал басының көбейгенін көрсетіп тұр. Оның үстіне ауданда ветеринар мамандарға деген сұраныс көп. Ветеринарлар жаңарған ғимаратта жайлылық алға қойған сол істерге серпін беретінін алға тартуда.

С. НҰРАЙ.