РАШИД АЮПОВ ТҮРКІСТАНДЫ ТҮТІННЕН ТАЗАРТА АЛАДЫ МА?

Жылыту маусымы басталғалы бері облыс
орталығы Түркістан қаласының ауасы тынысты тарылтып жататыны туралы жиі айтылуда.

Оған жергілікті жердегі жеке секторлардың көпшілігінің табиғи газға қосылмағандығы себеп. Үйлерін жылыту кезінде қатты отынды пайдаланғандардың тиісті талапты сақтамауы атмосфера қабатының бұзылуына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар қала орталығындағы моншаларда қатты отынмен жылытылады. Түркістан облысы Экология департаментінің мамандары нысан иелеріне моншаларды жылыту бойынша қатты отыннан көгілдір отынға ауысу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ сияқты. Себебі, кейбір моншалар қатты отын былай тұрсын, резеңке жағып, ылдым-жылдым тірлікке баруда екен. Мұның өзі қаланы көк түтінге тұмшалап, экологиялық жағдайдың алаңдатарлық күйге түсуіне ықпал етері анық.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қордаланған осы мәселелерді жою мақсатында арнайы жиын өткізді. Тиісті мамандар қатысқан отырыста шаһар басшысы қалалық полиция және төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының мамандарына моншалар мен өзге де кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарын жылыту үшін резеңке жағуына тыйым салуда белсенділік танытуы керектігін баса айтты.
Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы көп қабатты үйлердің көпшілігіне көгілдір отынның құбыры тартылып қойған. Бірақ ондағы тұрғындардың сол жеткізілген табиғи газға қосылу көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Өз кезегінде олар сығымдалған газ баллондарын тұтынып келеді. Көп қабатты үйлерде орын алатын газ баллондардың жарылуы сынды оқыс оқиғалардың орын алуына тұрғындардың осындай бейғамдығы елеулі әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Қала әкімі Рашид Аюпов осы мәселені алға тарта отырып, газ құбыры тартылған үйлерде сығымдалған газ баллонын пайдалануды шектеуді қамтамасыз етуді шегеледі.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайдар басқармасының басшысы Талғат Досалиев тұрғындардың сығымдалған газ баллонын тұтынуда өрескел қателіктер жіберіп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше қазіргі таңда қаладағы газ құю бекеттері бос баллондарды сығымдалған газға толтырып беруден еш тайсалмайды екен. Егер оларға талапты күшейтсе мәселе айтарлықтай шешімін табатынын алға тартты.
Осылайша жергілікті билік қаланың көк түтінге тұмшалануына тойтарыс беру үшін осы және өзге де шараларды қолға алуға бекінуде. Сонымен қатар, атқарушы орган қаланың атмосфералық ахуалын алаңдатарлық халге түспеуін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік нысандарында тексеру күшейе түсетінін мәлімдеп отыр.

Қ. ҚАЛИЕВ.