Маңызды

Берік УӘЛИ,
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

Осы аптада еліміздің саясат сахнасында жұрт күтпеген ең басты жағдай ол – ел Президенті
министрлер мен өңір әкімдерін тағайындау кезінде қазіргі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімі қажеттігі туралы Жарлыққа қол қойғанының жалпақ жұртқа жариялануы болды. Аталған Жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 9-қазанында қол қойған. Бірақ онымен дүйім ел арада бірнеше күн өткеннен соң ғана хабардар болған.

Жарлыққа сәйкес мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кадрлық ауыс-түйіс жасау кезінде, атап айтқанда Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігінен өзге ведомства басшылары, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ұлттық банк төрағасы, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларын бекітуді Елбасының келісімімен ғана жүзеге асырады. Қазақстандықтар үшін тосын хабар болған бұл Жарлық жөніндегі материал сол күні отандық сайттарда жарияланғанмен, біршама уақыттан соң қайтадан алынған. Ал әлеуметтік желілерде жұрт толқып, мұндай заңдылықтың болуы қисынсыз екенін ашық жазған.
Өз кезегінде журналистер депутаттар мен ведомстваның кейбір басшыларына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай шешімге жол беруі елімізде қос биліктің бар екенін аңғартады ма деген мазмұндағы сұрақтарды төтесінен қойған. Парламент депутаттарының барлығы дерлік «келісіп пішкен тонның келте болмайтынын» алға тартып, даурығуға негіз жоқ екенін, дұрыс шешім болғанын айтудан әріге аспаған. Ал бірқатар саясаттанушылар болса мұны Елбасы президенттіктен кеткенмен ел басқару ісіне араласуын тоқтатпағанының дәлелі деген мағынада тұжырым жасаған. Мәселен, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы Тоқаевтың «кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қоюы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елде «екі билік жоқ» деген сөзінің жалған екенінің жарқын дәлелі әрі бұл оның өзі қазіргі басшыға сенбейтінінің белгісі деп болжаған.
Желіде және жұрт арасында қызу талқыға түскен Жарлыққа қатысты 21-қазанда кешке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасы арқылы ресми мәлімдеме жасаған.
– Осы құжат БАҚ беттерінде түрлі пайымдар мен пікірлер туғызды. Менің ойымша, бұл Президенттің «кезекті» Жарлығы. Бұл құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өмір бойы басқарады.
Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде Президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді.
Бұл баспасөз хатшысының фейсбукте жариялаған мәлімдемесінің үзіндісі. Ал Жарлыққа қатысты еліміздің Әділет минисрі Марат Бекетаев болса министрлер мен өңір әкімдері басшысы қызметіне кандидаттарды тағайындау бойынша соңғы сөз Елбасы төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінікі болатынын айтқан. Оның бұл пікірі қоғамда тағы да қызу талқыланады. Кейіннен оның бұл мәлімдемесін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли қате екенін, журналистер сұрақпен қыспаққа алған соң министр сөзден жаңылғанын айтқан.
Айтпақшы, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте жариялаған мәлімдемесінде «Елбасы «Хабар» телеарнасына сұхбат берген кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының өзінен кеңес сұрағанымен, соңғы шешімді өзі қабылдайтыны туралы айтқанын жұрт есіне түсірген. Жөнсіз сөйлегені кім? Жалған айтқаны қайсы? Түсініксіз…

А. САТЫБАЛДЫ.
Сурет: https://sputniknews.kz

Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 9 айында республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн. 541 млрд. теңгені құрағанын, соның 14,3 млрд. теңгесі орындалмағанын мәлімдеген. Орындалмаған қаржының 5,7 млрд. теңгесі үнемделсе, 8,6 млрд. теңгесі игерілмеген. Сонымен қатар ол, бюджеттің игерілмеуіне жол берген ведомстваларды да атап өткен. Олар Экология, геология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, сауда және интеграция министрліктері мен Жоғарғы сот органы болған.
Қазіргі таңда елімізде Бюджеттік кодекске өзгерту енгізіліп жатқаны белгілі. Осыған сәйкес алдағы уақытта бюджетті игермегені үшін салынатын айыппұлды министрлердің өз қалтасынан төлеуі заң жүзінде бекітілмек. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айыппұл көлемінің 100 АЕК болуы мүмкін екенін айтуда. Бұл шамамен 252 теңге көлеміндегі қаржы. Бірақ ведомства өкілдері бұл нақты шешім емес екенін, құжат Мәжіліс пен Сенат төрағаларының бақылауына алынғанын хабарлады.
Мамандар мұндай қаталдық саладағы осындай олқылықтың қайталанбауына сеп береді деп сеніп отыр.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Соңғы үш жылда жер қатынастары саласына қатысты елімізде 300 факті тіркелген. Тіркелген деректерге сәйкес 105 адам жауапқа тартылып, соның 87-сі сотталған. Сотталғандардың басым көпшілігін 20 адамдық көрсеткішпен Түркістан облысы құрап отыр. Жер қатынастары бойынша жолынан жаңылып, үкім арқалағандардың 15-і Маңғыстау, 14-і Жамбыл, 11-і Ақмола облысынан. Бестікті 9 адамдық көрсеткішпен Алматы облысы түйіндеген.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі департаментінің жетекшісі Анар Жарова хабарлады.
Бұл статистика еліміздегі жер қатынастары саласында жүргендерге сабақ болмаған сыңайлы. Мәселен, Transparency Kazakhstan жүргізген сауалнама нәтижесінде әлеуметтанушылар мемлекетімізде жер телімдерін ақысыз рәсімдеу көп жағдайда мүмкін еместігіне көз жеткізген. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 60 пайызы жер қатынастары бойынша тиісті құжаттарды рәсімдеу кезінде коррупциямен бетпе бет келгенін жасырмаған. Олар тіпті берген сомаларының көлемі 5000-200000 теңге аралығында болғанын да жазып өткен. Сонымен қатар олар, ұсынылған параларының көлемін лауазымды қызметкерлердің өздері «бекіткенін» де мәлімдеген.
Мұның өзі жер қатынастарындағы жемқорлық қоғамның «созылмалы сырқатына» айналғанын анық көрсетіп тұрғандай.

«Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлеміз. Бірақ нәтиже болмай тұр». Төменгі палатаның отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин осылай деді.
Төрағаның былай батырып сөйлеуіне еліміздегі «ҚазАгро» холдингінің ауқымды реформа жасап, 2020 жылдың қорытындысымен таза кіріске жұмыс істеуге көшу жұмыстарын жүйелендіру үшін мемлекетке тағы да алақан жаюы себеп болды. Квазисектор сұраған көмек көлемі 60 миллиард теңгені құрады. Алпауыт компанияның алаңдатарлық жағдайын алға тартқан еліміздің Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаровқа Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин холдингтің жұмбақ құрылымға көп ұқсайтынын, себебі оған қыруар қаржы бағытталғаныменнақты нәтиже болмайтынына қынжылған. Ол: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы компаниядағы жағдайды реттеу керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда саладағы мәселелерді фермерлер де көтеріп келеді. Осы жағдайды ретке келтіріңіздер… Холдингте трансформация шараларының жүргізілгені дұрыс. Алайда бюджет қаржысын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеткізу жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Қаржыны алып, оның қайтармау деген болмайды. Мемлекет қаржысының тиімсіз игерілуіне жол бере алмаймыз. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлеміз. Бірақ та әлі де тиісті нәтиже болмай тұр» деді.
Шығыны шаш етектен болған компанияға бөлінген қаржы оның дамуына емес, жұмыс жүйесін реттеуге жұмсалмақ. Бірақ бюджеттен бөлінген 60 миллиард теңге «ҚазАгроның» жыртығына тұтас жамау болмайтын секілді. Себебі былтырдың өзінде компанияның жинақталған жалпы шығыны 400 млрд. теңгеге бір-ақ жеткен.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Шымкент-Түркістан тас жолының бойында ерлігі аңызға бергісіз, жалаң қолмен жолбарысты жыққан, тау тұлғалы Сіргелі Тілеуке батырдың құрметіне арналып еңселі ескерткіш қойылды.

Монумент батырдың 325 жылдығына арналып орнатылды. Биіктігі 15 метрді құрайтын ескерткіштің ашылу салтанатына бес мыңға жуық халық жиналды. Батыр бабадан тараған ұрпақтары шараның бел ортасында жүрді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан бір топ зиялы қауым өкілдері қатысқан жиынға тарихта айшықты орны бар батырдың ерліктері дәріптелді. Жұрт арасында «Қарабатыр» атанып кеткен дарабоз батырдың ел басына күн туған қиын кезеңдерде қол бастап елге қорған болған, өз жұртының жат қолында қалмауына жанын пида етуге даяр тұрған ерліктері туралы естеліктер айтылды.
Көлік нөпірі қалың жолдың бойынан орын тепкен ескерткіш жастардың бойына елжандылық қасиеттерді ұялатып, баба ерлігін үлгі етіп, оларды ұлылыққа ұмсындыратыны сөзсіз.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Осы аптада Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде Қазақстан-Чех бизнес-форумы өтті. Құрамында 17 мүшесі бар Чех Республикасының делегациясын
аталған елдің Парламенті депутаттары Палатасының төрағасы Радек Вондрачек бастап келді. Делегация құрамын чехиялық компанияның өкілдері құрағанын атап өтейік.

Қазақстан-Чех бизнес-форумын салтанатты жағдайда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ашты. Алғаш рет үшінші мегаполисте өткізілген форумның мақсаты – қаланың бизнес әлеуетін арттыру. Адымын алшаң басқан компания өкілдерінің басын қосқан форумға Чех Республикасы Өнеркәсіп Одағының президенті Ярослав Ганак, ТМД елдері бойынша сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма Төрағасы Франтишек Масопуст және ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко мен жергілікті жердің кәсіпкерлері қатысты. Форумда сөз алған Ерлан Айтаханов Шымкенттің климаты жұмсақ екенін, мұнда сауда логистикалық орталықтың қарқын алып келе жатқанын алға тартып, қаланың инвесторлардың жұмыс істеуіне өте қолайлы аймақ болатынын айтты.
2018 жылы Қазақстан мен Чехия Республикасы арасында ішкі сауда айналымы 942 741 мың АҚШ долларын құраған. Яғни, Чехия – Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Мұның өзі ондағы игі бастамалар мен баянды жұмыстарды өз елімізде іске асыруға зор мүмкіндік береді. Жалпы Чехия елінде өндірістің біраз бағыты дамудың даңғыл жолына түскен. Төраға Радек Вондрачектің айтуынша Чехияда көлік өнеркәсібі, қара металлургия, электротехника, электроника, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, шыны мен тоқыма өндірісі жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар ол қазақстандық әріптестеріне мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жоба ұсына алатынын айта келе, «Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Кез келген салада бірігіп жұмыс істейтін болсақ үлкен нәтижелерге жететінімізге кәміл сенемін», — деді.
Жиында істің көзін таба білген екі ел кәсіпкерлері бір-бірлерімен жақын танысып, пікір алмасып, алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істеуге уағдаласты. Форум аясында чехиялық кәсіпкерлерге Шымкенттің көз тартар көрікті орындары мен сәулеті таныстырылды. Делегаттар Бəйдібек би ескерткішіне барып, Шымкент қаласының көрінісін тамашалады. Бұдан кейін, қазақ халқының салт-дəстүрі мен тарихынан сыр шертетін тарихи-өлкетану музейіне бет алып, ондағы жәдігерлермен жақын танысты. Қаланың «өкпесі» саналатын дендробаққа да аялдап, ағаштар отырғызды. Мегаполистің ажарын ашқан Арбатпен жүріп өтті. Жергілікті жердегі кәсіпкерлердің беталысын бағамдап қана қоймай, олардың жетістіктерін тамашалап, өнімін қолмен ұстап, көзбен көру үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына табан тіреді. Онда кілем шығаратын «Бал Текстиль», шұлық тігетін «Алем-БТ» және аяқ киім өндіретін «Lux Shoes» және «Хлопкопром Целлюлоза» зауыттарын аралады.

С. НҰРАЙ

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру негізінде Шымкентте 25 нысанның құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілген. Бұл үшін 24,6 млрд. теңге жұмсалған. Атқарылған ауқымды жұмыстардың қатарында 7200 орынды құрайтын 9 мектептің құрылысы бар.
Сонымен қатар орындалған жұмыстар қатарына ұзын ырғасы 210,1 шақырымға жалғасқан кәріз жүйесінің жүргізілуі де жатады. Қаламыздағы 288 пәтерден тұратын 2 тұрғын үй құрылысы мен төрт автокөлік жолдары да тап осы бағдарлама аясында пайдалануға берілген.
Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов әкімдіктің аппарат мәжілісі кезінде мәлімдеді.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша жүзеге асқан жобалар мен оны жандандыру жағы сөз болды. Өз кезегінде қала мэрі алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру кезінде ең бірінші мән берілуі тиіс басты мәселені атап өтті. Ол:
– Тұрғын үй салу кезінде құрылысты инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізбей бастамау қажет. Бүгінде орын алып жатқан олқылықтардың ең басты себебі де осы. Бір-екі қызметкердің шала-шарпылығынан халық зардап шекпеуі тиіс, — деді.
Сонымен қатар ол, қандай да бір жобалар қолға алынғанда жұмыла жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты. «Мәселен, мектеп құрылысын салуда тапсырыс беруші білім басқармасы болса да, ондағы жұмыстардың тиісті ережелерге сай болуын құрылыс пен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары назарда ұстауы керек. Себебі, әр істің басы-қасында тиісті саланың кәнігі маманы тұрса нәтиже жемісті болады», — деп шегеледі.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы тиісті басқарма басшыларына тұрғын үй мен мектептер салу мәселесінде бюджетке алақан жаймай жеке инвесторлар тартуды жүктеді.

С. НҰРАЙ

Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының 2000 жылдығына орай «Қарашық» тарихи-этнографиялық музейі ашылды. Көне заманнан сыр шертететін нысанды салу «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Қарашық ауылдық округі әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асқан. Оның бой көтеруіне Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Хабибулла Азимов демеушілік жасаған.
Мұражайдың ашылуына Қазақстанның әр өңірінен келген тарих, археология, этнография, философия, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау мамандары, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің, ғылыми-зерттеу институттары және орталықтарының қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Лентаны қию құрметіне Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев пен музей ғимаратын салған демеуші Хабибулла Азимов, Кентау қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Мұрат Абдуллаевтар ие болды.
Мұражайға Қарашық ауылына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен «Қарашық бертінде қалыптасқан» дегенді жоққа шығаратын, оның жылнамасы 2000 жылдықты құрайтыны туралы тарихи мәліметтер қойылған. Қарашық ауылының ежелгі дәуірі мен қазіргі заманға дейінгі аралығын қамтитын уақыттардан сыр шертетін экспонаттар саны 2000-ға жуықтайды. Қарашық жерінде егіншілік пен ағаш, темір ұсталығы кәсібінің атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылық екенін айғақтайтын заттар мұражайдың сөрелерінен орын тапқан.
Сөз соңында Қарашық ауылының 2000 жылдық тарихын тереңдей зерттеп, анықтаған ғалым Марат Тұяқбаев болғанын айта кетейік.

С. НҰРАЙ

Түркістан облысының аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 4200 шақырымға жуықтайды. Оның тең жартысына жуығы, дәлірегі 1943,3 шақырымы қыс мезгілінде қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар санатында. Бұл санаттағы жолдардың 434 шақырымы Бәйдібек, Созақ, Сайрам, Түлкібас, Төлеби сынды таулы аумақтардың еншісіне тиесілі.
Мамандар ол жолдарда қалың қар басып қалу қаупі жоғары екенін алға тартуда. Қылышын сүйреп қыс келгенде сең соққан балықтай сенделмес үшін дайындық жұмыстарын пысықтап, қажетті жағдайды қазірден бастап қамдап қойған абзал.
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше қыс мезгілі кезінде 138 техника тұрақты түрде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылады. Таулы аймақтарда қардың түсуі қалың болса қосымша көмек үшін жөнелтілетін 40 техника бірлігі қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды орындауға 300-ге жуық адам тартылады. Техникаларды тізгіндеу кезінде жанар жағармай мен дизельді отыннан да таршылық болмайды. Мұз басқан жолдарда жүрісті жеңілдететін тұз, құм сынды инертті материалдармен тиісті мекемелер қазан айының соңына дейін 100 пайыз қамтылады. Көлік тізгіндегендердің назарын аса сақ жүруге бірден аудартатын «Тайғақ жол» белгілерінің 1075 данасы қажетті жерлерге орнатылған.
Сонымен қатар облыс аумағындағы қардың басып қалуы ықтималдығы жоғары Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Одаманбұлақ-2» жылыту бекеттеріне 60 тонна қатты отын жеткізілген. Жылыту бекеттері бір мезгілде 60-70 адамға уақытша пана болады. Ол жерді жылы ұстау үшін кезекші ұйымдастырылған.
Осындай деректерді алға тартқан басқарма өкілдері жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстары әлі де пысықталу үстінде екенін, дайындық жұмыстары 1-қарашада толық аяқталатынын айтты.

С. НҰРАЙ

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Шардара ауданының әкімі:

– Қайрат Жолдыбайұлы, Шардара ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға үш айдан асты. Дәлірегі 100 күн толды. Мұндай уақыт өлшемі біраз жұмыстардың басын қайыруға жеткілікті. Сіз бұған келісесіз бе?

– Шардара ауданы мен үшін жат жер емес. Өзім осы жердің тумасымын. Бір кездері осы ауданда әкім орынбасары қызметін үш жыл атқарғанмын. Яғни, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және күйіп тұрған мәселелерімен жақсы таныспын. Сондықтан да осы жерге әкім болып тағайындалғанымда маған бағдар алу үшін карт-бланш ретінде белгілі бір уақыт қажет болмады. Бірден іске кірісіп кеттім. Назар аударған, бақылауға алған ең басты мәселе ауыл шаруашылығы саласы болды. Ауданның өзі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл салада қордаланып қалған, шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Біздегі қожалықтардың біразы мақта және күріш шаруашылығымен айналысады. Мақта егінімен айналысатын диқандар өз жұмыстарын бастауда нар тәуекелге бел буады. Ерте көктемнен бастап қолға алған егіндерінен қанша, ырыздық табатыны нақты мәлім болмайтыны сөзімнің жарқын мысалы. Өйткені мақта бағасы әр жылда әртүрлі. Құбылмалы. Табанды еңбек кейде өзін ақтамауы да ғажап емес. Осыған орай мен жергілікті шаруақожалық иелеріне қарқынды бауға қызығушылық танытып, оларды осы бағытта нақты қадамдар жасауға шақырдым. Бұл ой маған қайдан келді? Осы қызметке тағайындалмас алдын Ордабасы ауданын басқарғанмын. Міне сол аумақта қарқынды бау қатты дамыған. Сол істің басы-қасында жүрген шаруалардың тәжірибесі толысқан. Сөйтіп, сол жерде жұмысын бірізге түсіріп, пайдаға батып жүрген ірі-ірі шаруа қожалықтарын Шардараға шақырдым. Мақсат – оларды шардаралық әріптестерімен кездестіріп, тәжірибе алмасу еді. Біз бұл бастамамыздан жақсы нәтиже күтеміз деп үміттенемін Өзіңіз қараңыз, қарқынды баудың бір гектарынан түсетін табыс көзі 25 млн. теңгеге дейін барады. Ал мақта алқабының 1 гектарынан шаруалар ары кетсе 400 мың теңге ырыздық табады. Айырмашылық жер мен көктей. Осы бағыттағы жұмыстарды тәжірибе жүзінде іске асырып, шаруалардың адымын алшаң бастыру әрдайым бақылауымда болады.

– Егін еккеннің еңбегі Сіз айтқандай еселеніп, ақталып жатса нұр үстіне нұр ғой. Ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыру ісі қалай жолға қойылған. Өлкеде тек мақта мен күріш емес, көкөніс пен бақша өнімдері өсіріледі. Көктемде алқаптарға тасталған тұқымнан қанша өнім жиналып алынды?
– Биыл аудандағы 64 000 гектар суармалы жердің 59 300 гектарын игеру тапсырмасы берілді. Артылған міндет толық орындалды. Соның ішінде 23704 гектарға — шитті мақта, 17329 гектарға — бір жылдық, көп жылдық мал азықтық дақылдар, 10317 гектарға — бақша дақылы, 6850 гектарға — дәнді және бұршақты дақылдар, 600 гектарға – көкөніс, 250 гектарға — майлы дақылдар, 250 гектарға — картоп егілді. Ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша жаздық арпадан 3904 тонна, күздік бидайдан 1500, дәндік жүгеріден 15000, көкөністен 20550, маштан 775, жаңа жоңышқадан 8758, ескі жоңышқадан 113472, бақшадан 262258, сүрлемдік жүгеріден 118255, күнбағыстан 382, картоптан 3900, күріштен 9319 және мақтадан 7382 тонна өнім алынды. Егінді жинау жұмыстары әлі толық түгесілмеді. Яғни, бірқатар көрсеткіштер әлі көбейеді.

– Жоғарыда шаруалардың қарқынды баумен айналысуын жолға қою аудандағы ең басты мәселе дедіңіз. Одан өзге де проблемалар бар ма?

– Мұндағы халықтың саны 80 мыңнан асады. Аудан халқының 40 пайызы Шардара қаласының тұрғындары. Соған сәйкес орталық Шардара қаласын дамыту біздің басты бағыттарымыздың бірі. Осыған орай біз қала көшелерін абаттандыру біраз жобаларды жасадық.
Қаланы көркейтуге келгенде тазалық мәселесін айналып өте алмаймыз. «Жаса 3» және «Автомелиос» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қаланы қатты тұрмыстық қалдықтардан тұрақты түрде тазалайды. Жұмыс тұрғындармен түзілген келісім шарт негізінде ақылы түрде жүргізіледі. Толғандыратын мәселе қалада ретсіз тасталған күл қоқыстар көлемінің тұрмыстық қалдықтардан бірнеше есеге көп болып тұрғаны. Күл қоқыстардың арнайы орындарға емес, кез келген жерге ретсіз тасталуы қоғам арасында қала тазалығына жүрдім-бардым қарайтын, оған немкеттілік танытатындардың жетерлік екенін көрсетіп тұр емес пе? Осындай жағдайларға нүкте қоятын шаралар жүргізу күн тәртібінен түспек емес. Мысалы, тұрақты тазалықты қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан мекеме, кәсіпорын және кәсіпкерлік нысан иелерінің келісімдері бойынша оларға қаланың негізгі көшелері бекітіліп берілген. Ол жерлерде әр аптаның жұма, сенбі күндері жұмыс жағдайына байланысты тұрақты тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың күшімен қаланың негізгі көшелерінің бойларындағы, көпқабатты үйлердің орамдары мен сәулеттік нысан аумақтарындағы күнделікті шашылған қоқыстары тазаланады. Күл-қоқыстарды арнайы орынға тасымалдап алып кететін мекемемен келісім шартқа отыру мақсатында шағынаудан тұрғындары мен ауыл билері және көше төрағаларымен 10 рет кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тағы бр мәселе аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбетін әрлеу. Мұндағы көпқабатты үйлерге кеңестік кезеңнен бері жөндеу жүргізілмеген. Осы жылы тұрғын үй шаруашылығын жаңарту бағдарламасы бойынша 10 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сырты әрленіп, кем-кетігі реттелген үйлер ауданымыздың ажарын кіргізді. Аталған бағдарлама бойынша алдағы жылы тағы 20 үйді жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген жоспар бар.
Сонымен қатар, тағы бір толғандыратын мәселе ауыз судың сапасы дер едім. Облыста суды ашық су айдынынан алатын аудан тек біз ғана. Қалғандары жер асты су көздерін тұтынады. Ал ауданымыздағы су қоймасындағы сулар екі-үш мемлекеттен айналып келеді. Cу жағалауындағы қоршауымыз 1980 жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өткізілмеген. Күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық сметалық құжат әзірленді. Құжат мемлекеттік сараптаудың сүзгісінен өтті. Қаржы қаралып, тиісті жұмыстар орындалса судың сапасы жақсарады деген ойдамыз.
Тағы бір мәселе ол Шардара халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Табиғи газды жеткізу осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға алынған. Шаһардың іргесіне дейін магистралды құбырларды тарту жұмыстары енді аяқталды. Көгілдір отынмен қамту үшін қала төрт секторға бөлінген. Жұмыс үш кезеңді құрайтын болады. Келер жылдан бастап қаржы қаралса, қала ішіне газ құбырларын тарту жұмыстары түгелдей жүргізіледі деген жоспарымыз бар. Сөйтіп келер жылдың аяғына дейін тұрғындар инфрақұрылымның игілігін көреді деп ойлаймыз.

– Былтыр су жағасындағы 255 гектар жерге 60 нысан салынатыны туралы ақпарат жер жерлерге сүйіншілей таратылды. Бұл орындалатын жұмыс па?

– Жағажайдағы 255 гектар жерді ауданның меншігіне өткіздік. Сіз айтып отырған көз тартар 60 нысан бой көтеру үшін ең әуелі инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізуіміз керек. Осы мақсатта тиісті жобалық-сметалық құжат жасалды. Жобаның жалпы құны 8 млрд. теңге тиісті қаржыны бір жылда бөлу бюджетке салмақ салатыны сөзсіз. Сол үшін оның орындалуы үш кезеңге бөлінді. Қазірдің өзінде жағажай маңынан төрт жұлдызды, бес жұлдызды қонақ үйлерді салуға инвесторлар қызығушылық танытуда. Оларды іске асыру үшін біз инвесторларға жол, жарық, су, кәріз жүйесі мен газ тарту жұмыстарын ұйымдастырып беруіміз қажет. Олар кезең-кезеңімен іске асады.

– Ауданда 2016 жылы индустриалды аймақ құрылғаны белгілі. Ол жерге инвесторларды тарту жұмыстары қалай жүруде?

– Индустриалды аймаққа ең басты қажет нәрсе – инфрақұрымдық жүйелерді жүргізу. Ол жұмыстар екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша аудандағы индустриалды аймаққа жол, ауыз су тартылып, подстанция салынған. Қазіргі таңда екінші кезеңнің жобасы дайын. Оны орындау үшін бюджеттен 100 млн. теңге бөлінуі керек. Екінші кезеңде индустриалды аймаққа трансформаторлар орнатылып, электр жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде онда картон өңдейтін «Ақжол 2008 ЛТД» мекемесі жұмыс істеуде. Серіктестік қамысты өңдеп, одан картон шығарады. Бұл аймақ үшін тиімді кәсіпорын. Себебі, өңірдегі жиһаз әрі техника шығаратын кәсіпорындар картонды сырттан алдырады. «Ақжол 2008 ЛТД» былтыр іске қосылды. Енді тәй-тәй басып келеді. Алдағы уақытта олардың өнімдеріне сұраныс артады деп сенемін. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта мақта зауыты салынуда. Зауытты салатын кәсіпкер айналым қаржы үшін несие рәсімдеу үстінде. Индустриалды аймақта өндірісіміз өркен жайып жатыр деу айтуға әлі ерте. Мұның ең бірінші себебі ауданымыздың облыс орталығы мен Шымкент қаласынан қашық орналасуында. Дегенмен де, қолдан келер мүмкіндіктің барлығын жан-жақты қарастырудамыз. Жуырда блокчейн серверімен ақпараттарды тарататын инвесторды тарттық. Блокчейн сервисі электр көзін көп қажет ететін қондырғы. Ал ауданымызда электр энергиясының тұтыну құны өзге аймақтармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Бағаның тиімді болуы блокчейн сервистерін орнату жобасын жүзеге асыруға ықпал етті. Бізде ауыл шаруашылық саласында өнімдерді қайта өңдеу ісі дамымаған. Бірақ оған мүмкіндік мол. Мысалы, ауданда қауын-қарбыз бен бақша өнімдері көп егіледі. Соларды қайта өңдеп, шырын шығару, ұнтақ дайындау сапасын жетілдірсек деген жоспар бар.

– Ауданға тартылған инвестиция көлемі туралы мәлімет бере кетсеңіз…

– Шардара ауданына тартылған инвестиция көлемі 26 млрд. теңгені құрайды. Оның 13 млрд. теңгесі сыртқы инвестицияны құрайды. Қалғаны ішкі инвестиция. Сырттан келген инвестиция су электр стансасын жаңғыртудан өткізуге жұмсалуда.

– Ауданның ең басты артықшылығын атап өте аласыз ба?

– Әр өлкенің өзінің ерекшелігі болады. Шардараның жұрт қызыға әрі қызғана қарайтын түстары өте көп. Әр салада ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Мәселен, спорт саласын алайық. Ауданда армрестлинг бойынша топ жарған спортшылар саны жетерлік. Талай тартысты жарыстарда жеңісті қолдан бермей келген шымыр жігіттердің барлығы дерлік осы Шардараға шоғырланғандай. Соңғы он жылда ауданымыздан дәл осы қол күресінен 14 Әлем чемпионы, 70-тен аса Азия чемпионы, 100-ден аса Қазақстан чемпиондары шықты. Сайдың тасындай жігіттеріміз әр жарыстардан жүлдесіз оралмайды. Тағы бір мақтанышымыз балық шаруашылығының қарқынды дамуы. Ауданымызда төрт балық зауыты бар. Дәмі тіл үйірер «Хамит» зауытының өнімдері сырт елдің сауда сөрелерінде пышақ үстінде өтетін тауарға айналған. Табиғаттың ғажап сұлулығын бойына сіңдірген ғажайып Шардара айдынындағы жағажайымздың орны бір төбе. Шардара тап осы су айдыны арқылы отандық туризмді ғана емес, желкенді қайық спортының дамуына да зор пайдасын тигізуде.

– Биыл Шардара ауданына 55 жыл толып отыр. Негізі қаланғанына жарты ғасыр асқан өлкенің мерейтойын қандай ерекшелікпен өткізбекшісіздер?

– Шардара қарашада 55-ке толады. Осыған орай өткізілетін іс-шараға ауданды басқарған азаматтар құрметті қонақтар қатарында болады. Су электр стансасын құру кезінде жұмылдырылған техникаларды әкеліп, ашық аспан астындағы мұражай өткіземіз. Оған тартылған құрылысшыларды шақырып, құрмет көрсетеміз. Мерекелік концерт қойылады. Шара шығындарының басым көпшілігі демеушілер есебінен жүргізіледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.