Чехия – Қазақстанның стратегиялық әріптесі

Осы аптада Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде Қазақстан-Чех бизнес-форумы өтті. Құрамында 17 мүшесі бар Чех Республикасының делегациясын
аталған елдің Парламенті депутаттары Палатасының төрағасы Радек Вондрачек бастап келді. Делегация құрамын чехиялық компанияның өкілдері құрағанын атап өтейік.

Қазақстан-Чех бизнес-форумын салтанатты жағдайда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ашты. Алғаш рет үшінші мегаполисте өткізілген форумның мақсаты – қаланың бизнес әлеуетін арттыру. Адымын алшаң басқан компания өкілдерінің басын қосқан форумға Чех Республикасы Өнеркәсіп Одағының президенті Ярослав Ганак, ТМД елдері бойынша сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма Төрағасы Франтишек Масопуст және ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко мен жергілікті жердің кәсіпкерлері қатысты. Форумда сөз алған Ерлан Айтаханов Шымкенттің климаты жұмсақ екенін, мұнда сауда логистикалық орталықтың қарқын алып келе жатқанын алға тартып, қаланың инвесторлардың жұмыс істеуіне өте қолайлы аймақ болатынын айтты.
2018 жылы Қазақстан мен Чехия Республикасы арасында ішкі сауда айналымы 942 741 мың АҚШ долларын құраған. Яғни, Чехия – Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Мұның өзі ондағы игі бастамалар мен баянды жұмыстарды өз елімізде іске асыруға зор мүмкіндік береді. Жалпы Чехия елінде өндірістің біраз бағыты дамудың даңғыл жолына түскен. Төраға Радек Вондрачектің айтуынша Чехияда көлік өнеркәсібі, қара металлургия, электротехника, электроника, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, шыны мен тоқыма өндірісі жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар ол қазақстандық әріптестеріне мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жоба ұсына алатынын айта келе, «Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Кез келген салада бірігіп жұмыс істейтін болсақ үлкен нәтижелерге жететінімізге кәміл сенемін», — деді.
Жиында істің көзін таба білген екі ел кәсіпкерлері бір-бірлерімен жақын танысып, пікір алмасып, алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істеуге уағдаласты. Форум аясында чехиялық кәсіпкерлерге Шымкенттің көз тартар көрікті орындары мен сәулеті таныстырылды. Делегаттар Бəйдібек би ескерткішіне барып, Шымкент қаласының көрінісін тамашалады. Бұдан кейін, қазақ халқының салт-дəстүрі мен тарихынан сыр шертетін тарихи-өлкетану музейіне бет алып, ондағы жәдігерлермен жақын танысты. Қаланың «өкпесі» саналатын дендробаққа да аялдап, ағаштар отырғызды. Мегаполистің ажарын ашқан Арбатпен жүріп өтті. Жергілікті жердегі кәсіпкерлердің беталысын бағамдап қана қоймай, олардың жетістіктерін тамашалап, өнімін қолмен ұстап, көзбен көру үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына табан тіреді. Онда кілем шығаратын «Бал Текстиль», шұлық тігетін «Алем-БТ» және аяқ киім өндіретін «Lux Shoes» және «Хлопкопром Целлюлоза» зауыттарын аралады.

С. НҰРАЙ