Маңызды

 

Қазіргі таңда халықтың аузынан, бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен «Медиация» сөзі түспейді. Әлемдегі, оның ішінде ТМД елдерінде қарқынды дамып келе жатқан институттардың бірі медиация болып табылады.  Индустриалдық және ақпараттық сұраныс, өрлеу және жаһандану заманында даулар мен жанжалдар санының өсуі олардың күрделенуіне әкеліп, және оны реттеудің басқа тетіктерін іздеу қажеттігі туындады.

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы әдістерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында «ҚР-ның Медиация туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді.

Бүгінде бітімгерлік рәсімін қолданумен: АҚШ-та – 90%-ға жуық, Ұлыбританияда – 87%, Словенияда – 40%,  ал  Қытайда – 30% даулар шешіледі. Яғни, бұл тәсілді қолдану арқылы дауды шешудің тиімділігі халықаралық тәжірибемен өз дәлелін тапқан.Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды (жанжалды) реттеу тәртібі. Медиацияның мақсаты – тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиация жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолданылады.

Даулар медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз, не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға), сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

Медиатор медиация тарабы болып табылмайды және медиацияны соттан тыс, сондай-ақ дау сотта қаралып жатқан уақытында да тараптардың біреуінің өтініші бойынша және міндетті түрде екі жақтың келісімімен жүргізілуі мүмкін.

Медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі  және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық басшылыққа алатын 5 қағидамен ерекшеленеді.

Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау; мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес.

Осы орайда, дауды адвокаттардың көмегімен, яғни партисипативтік рәсім тәртібімен шешуідің әдісін де қолдану мүмкіндіктері барлығын айтқан жөн. Оның мәні сонда, егер бір тарап дауды шешуде адвокаттың көмегіне жүгінген жағдайда, оған, екінші тараптың адвокатымен дауды келісіммен реттеу тетіктерін анықтау туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Бұл жағдайда  екі жақтың адвокаттары дауды шешудің тиімді және тараптарды қанағаттандыратын тетіктерін талқылап, өздері қорғап жатқан азаматтарға ұсынады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес медиатордың рөлін кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, ал сотта судьялар атқаруы мүмкін.

Жоғары білімі бар, жасы 25-тен асқан, 2011 жылғы 3 шілдедегі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ережелерге сәйкес келетін медиаторларды дайындау бағдарламасы бойынша оқыған тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ол кәсіби медиаторлардың реестрінде тіркелуі тиіс.

Жасы қырыққа жеткен және кәсіби емес медиаторлар реестрінде тіркелген тұлға кәсіби емес медиатор бола алады. Аталған реестрді жүргізу жергілікті әкімдіктермен реттеледі.

Облысымыздағы медиацияны кәсіби негізде жүргізетін бірнеше орталықтар туралы ақпаратты интернет желісінен табуға  болады.  Ал, кәсіби емес медиаторлар туралы деректерді қала, аудан, ауыл әкімдіктерінен алуға болады. Медиаторлар туралы деректер мен олардың тізімі аудандық және оған теңестірілген соттардың фойелеріндегі стендтерде көрсетілген.

Татуластыру рәсімдерін жүргізу туралы ұсыныс кез келген тараптан шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай ұсынысты талқылаудан бас тартпау қажет, өйткені оның барысында екінші тарап дауға қатысты өзіне тиімді шарттарын айтуға құықылы. Осылайша даудың екі жағы бір-біріне медиатордың көмегімен дауды шешудің шарттарын ұсынып, екі жақты қанағаттандыратын келісімге келуі мүмкін.

Облысымыздың аудандық және оған теңестірілген соттарында 2016 жылы 1 953 азаматтық іс бойынша татуластыру рәсімдері қолданылған. Оның ішінде 1567 іс бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен, 188 іс партисипативтік рәсім тәртібімен және 198 іс татуласу келісімін жасауымен аяқталған.

Сонымен бірге, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында 24 азаматтық іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталып, оның ішінде 22 іс сот медиация тәртібімен, 2 іс татуласу келісімдерін жасау арқылы қысқартылған.

Әрине заң талаптарына сәйкес, дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі —  АПК) 17-тарауында белгіленген тәртіп бойынша, ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Ал, сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді орындау туралы мәселемен сотқа жүгіну тәртібі   «Медиация туралы» Заңның 27-бабының 9-тармағымен, АПК-нің 145-бабының 1-бөлігінің 3) тармағымен реттеледі, яғни сотқа дейін жасалған келісімдерді орындату тәртібі де қолданыстағы заңнамалармен реттелген.Мұндай жүгінулер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен, яғни тараптардың қатысуынсыз, олардың ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелері, қарсылықтары және дәлелдемелері негізінде, арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде  қаралады.

Медиация институтын дамыту, дауды реттеудің баламалы әдістерін кеңінен қолдануды жетілдіруде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.

Соның бірі Республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысының берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты іске қосқан даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша Пилоттық жобасы.Пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі тиісті ереже Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен бекітілген.Жоба шеңберінде мұрагерлік, баланың мүдделеріне қатысты, мүлікті бөлу, тұрғын үйден шығару және кондоминиум басқару мәселелері, қарыз шарттарға қатысты, кейбір еңбек даулары және т.б. санаттағы даулар (жанжалдар) бойынша медаицияны міндетті түрде жүргізу қамтылатын болады.

Пилоттық жоба кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық және азаматтық істерді қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттарда жүзеге асырылуда.

Пилоттық жоба туралы толыққанды ақпаратты сот ғимараттарында стендтерден, облыстық соттың интернет желісінен, Оңтүстік Қазақстан облысының интернет порталынан көруге болады.

Аталған жоба басталғалы бір ай ішінде облыс соттарында 41 азаматтық іс бойынша дау  медиация тәртібімен реттеліп аяқталды. Оның ішінде неке бұзу және мүлікті бөлу туралы даулармен байланысты 17, қарыз келісім шарттары бойынша 13, кәмелет жасына толмаған баланың мүдделерімен байланысты 8 іс Пилоттық жоба ережелері негізінде аяқталды.

Елбасының халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтау саясатын және сот жүйесінде медиация институтын дамыту мақсатында, дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институтының қолдану аясын кеңейту мақсатында Қолданыстағы бітімгершілік рәсімдерді дамыту — дауларды реттеу және азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің басым бағыттарының бірі болып табылады.

       

  Н.БИБОЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі аппелляциялық сот алқасының Судьясы.

Көп жағдайда әкелер тіршілік қамы дейміз де балаларымызға бір сәт көңіл бөлуге жарамай жатамыз. Оның үстіне сананы тұрмыс билеген шақта бала тәртібін бақылауға уақыт табу екі есе қиын секілді. Бірақ та әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі шешеден кем түспейтінін ескере бермейміз. Перзентіне жақсылық ойлаған кез-келген әке үйіне сырттан шаршап келгеніне қарамастан тәрбие ісін сөз қылып, әр күн сайын балаларымен қарым-қатынас жасап отыруы біз ойлағаннан әлдеқайда маңызды екен. Осы себепті әке мен бала арасындағы сабақтастық сақталады. Шаңырақта сүйіспеншілік салтанат құрып, береке артады. Осыншама мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өскен баладан болашақта үлгілі азамат шығатынына еш күмәніңіз болмасын дейді ғұлама ғалымдар.

Байқап отырсам, бүгін іңгәлап туған нәресте ертең-ақ еңбектей келе жүгіріп кететінін байқамай да қалады екенбіз. Сондықтан да орайлы сәттерді бекер өткізбей, баламен кішкентайынан жұмыс істеп, оған жақсы үлгі бола білу әр ата-ананың әуелден белгіленген міндеті. Осы ретте өз тәжірибемде іске асырып, оның тағы жемісін көріп үлгерген әке ретінде 3 ақыл сөз туралы айтып өтсем деймін. Мұндай аталы сөздерді жас баланың санасына қайта-қайта құйып отырсақ, оның барлығы жүрегіне мықтап орнығып, бекиді. Жүректен орын тапқан дүние оның саналы адам болып қалыптасуына көп септігін тигізері сөзсіз деп есептеймін.

 

Алғашқы сөз – Бисмиллә

 

«Алланың атымен бастаймын» деген мағынаны қамтитын бұл сөздің адам баласына тигізер пайдасы ұшан теңіз. Көбіміз бұл сөзді әлденеден шошынғанда ғана қолданамыз. Ол дұрыс әрине. Бірақ онымен шектелмесе керек.

Білім иелеріне жүгінетін болсақ, «Бисмиллә» сөзін адам баласы ұйқыдан оянған сәттен бастап қайта ұйқыға кеткенше айтса, өте дұрыс. Сондай-ақ, бұл сөзді әжетханаға кірердің алдында немесе киім кигенде, үйден шыққанда немесе үйге қайта кіргенде, көлікке отырғанда және тамақ ішіп бастар алдында айтсақ, әрекетіміз берекеге толады екен.

Бұл сөзді жан-тәнімен сезініп, оны амал-әрекетінде қолданып өскен балаға тіл-көз тимейді. Біз біле бермейтін түрлі бәле-жаладан аман болады.

 

Жалпы алғанда «Бисмиллә» сөзі кез-келген пенденің дертіне шипа, көңіліне демеу, жанына азық екен. Олай болса неге бала құлағына құйып отырмасқа?!

 

Ассалаумағалейкүм

 

Кез-келген қазақ баласы бұл сөзді білуі шарт. Мағынасын да ұғып өскені жөн. Әсіресе тілі шығып келе жатқан балаға бұл сөзді үйреткенде тұрған сөкеттік жоқ. Бұл алғаш балабақшада үйрететін «Сәлеметсіз бе?» сөзіне қарағанда анағұрлым тәрбиелік мәні зор, ұлтымыздың болмысына сіңіп, тамыры тереңге кеткен құнды сөз.

Әкесі жұмыстан келгенде баласы алдынан жүгіріп шығып «Ассалаумағалейкүм» деп мойнына асылса немесе үйге қонақ келген кездері сәлеммен күтіп алып жатса қандай жарасымды.

Бұл өз кезегінде тек сөз тәрбиесі ғана емес, сондай-ақ, руханият, мінез, әдеп тәрбиесі. Сәл ересектеу балаға «Уағалейкүмассалам» деп жауап қайтару керек екенін де ұқтырып қойса артық етпейді.

 

Рахмет

 

Араб тілінен енген бұл сөздің де мән-мағынасы өте бай, тәрбиелік құндылығы жоғары деп айтар едім. Баланың бұл сөзді көкейіне түйіп өсуі оның өзгеге құрметпен қарап, өзіне жақсылық жасаған адамға әрдайым алғыс айтып жүруіне баулиды екен.

«Апаң сенің базардан,

Алма сатып әкелді.

Ең үлкенін, тәттісін,

Саған таңдап әперді

Не деу керек?

Рахмет, апа, деу керек», — деген өлең жолдарын бала кезімізде жаттап, жарыса айтып өскен едік. «Алла рақым етсін» деген мағынаны білдіретін бұл сөзді ата-әжелеріміз де тұрмыс-тіршілігінде бекер қолданбаса керек.

 

Түйін

 

Жаны таза адамның әрекеті дұрыс келеді. Бұл ретте ой тазалығы, тіл тазалығы өте маңызды деген екен білім иелері. Кешегі Ахаңдардың тіл үшін күрес жүргізгені содан болса керек.

Қазіргі таңда қазақ балалары (ауыл баласы да, қала баласы да) неше түрлі сөздерді біледі. Кейде аулаға шығып жүріп байқасаң, таңғаласың. Кейде шошисың. Сондықтан да жоғарыда келтірген сөздерге «баламның тілі келмейді» деген сылтау бекер деп ойлаймын. Әрине, асықтырмаңыз. Ең дұрысы мұндай сөздерді әуелі үйдегі ата-анасы айтып, үлгі

көрсетіп жүрсе үйретіп жатудың өзі артық. Балалар естігенін біз ойлағаннан да тез қағып алғыш келетініне көбіміздің көзіміз әлдеқашан жеткен де шығар…

 

Битан Азамат, «Ihsan.kz».

 

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары реформасы үшінші жаңғыру кезеңіне бет алған Қазақстан үшін  даму көкжиегінің кілті болып қалатыны нәтижелі жетістіктер беруімен  дәлелденіп отыр. Аталған реформаның 27-қадамында: «Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі  дамыту. Сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту» туралы  айтылған болатын.

 

Осы бағытта  Оңтүстік Қазақстан облысында  елеулі жұмыстар қолға алынып, аймақтың барлық аудан, қалаларында жеке сот орындаушыларының  кабинеттері ашылып, жұмыс істей бастады. Мәселен, өткен жылы  облыс аумағында жергілікті халыққа қызмет еткен жеке сот орындаушылардың саны 196-ны құрады. Ұлт жоспары реформасы негізінде қолға алынған жұмыстардың негізінде  жеке сот орындаушыларына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарушылық құжаттардың, атап айтсақ,  алимент, еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақыны өндіру, адам өмірі мен денсаулығына  келтірілген шығынды  өтеу, 1000 айлық есептік көрсеткіштен  аспайтын қаражат көлемін  өндіріп алу жұмыстары тапсырылған болатын.

Аумақтық сот орындаушылар құзырындағы бұл жұмыстарды жеке сот орындаушыларына тапсыру арқылы сот актілерінің мерзімінде орындалуы туралы көрсеткіштер көңілден шықты. Сандарды сөйлетпес бұрын,  жеке сот орындаушылар инситутын дамыту қандай қажеттіліктен туғанын түсіндіре кетсек. Кейінгі жылдары соттар   азаматтардың сан мыңдаған сот шешімдерін шығарып жатқаны белгілі.  Бірақ сол сот актілерінің барлығының дер кезінде орындалуына қол жеткізу жолында қиындықтар болды.  Ол мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген жұмыс көлемінің шамадан тыс ауқымды болуы еді. Мұндай проблема өзге дамыған елдердің тәжірибесінде де кездесті.   Олар бұл тығырықтан шығар жол – жеке сот орындаушылар институтын құру және оны дамыту деп білді. Бұл қиындықтан шығар қисынды жол екенін көп жылғы тәжірибе дәлелдеп берді.

Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып  Елбасының бастамасымен біз де  сондай батыл қадамға аяқ бастық. Соған сәйкес,  2010 жылы  жеке сот орындаушылар институты енгізілді.  Содан бері алты  жыл ішінде халықтың жеке сот орындаушыларына деген сенімі  артты. Жеке сот орындаушыларының  өндірісіндегі атқару құжаттарының  санының көп болуы сол сөзімізге дәлел  болды. Мұның барлығы да Елбасының Ұлт жоспарында жекеменшік сот орындаушылар институты жұмысын одан әрі дамыту туралы  пәрмен беруіне негіз болды. Бұл жүйе негізінде жұмыс істеудің арқасында қазіргі таңда елімізде сот актілерінің орындалуы тездетіліп, азаматтар құқықтарының  қалпына келу көрсеткіші өсті.

Өткен жылы жеке сот орындаушыларының атқаратын істер ауқымдылығы да жоғарылап, жеке орындауға жалпы 213 613 122 352 теңгеге 345 363 атқарушылық құжат түскен. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 52 пайызға көбейген. Жеке сот орындаушыларымен 191 859 құжаттың (72 123 960 110,27 теңгеге), немесе 56 пайыз көрсеткішпен аяқталуы қамтамасыз етілген. Былтыр жеке сот орындаушыларда алименттерді өндіруге қатысты 12 754  құжат болған, оның ішінде 2 678-нің өндірістері аяқталған.

 

С.МЕДЕКЕ.

Еліміздің басты құжаты – Ата заңымыз жаңарды. Елбасы Н.Назарбаев «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қоғамдық-саяси маңызы зор бұл өзгерістің мәнін мемлекет басшысы «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын да кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым» — деп ұғындырған еді. Ұлт көшбасшысының бұл ұстанымы үшінші жаңғыру кезеңіне бет алған бүгінгі заманда дер кезінде қабылданған шешім, баянды бастама болды.

Билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты Конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған бұл заңның жобасын  Елбасы халық назарына ұсынды. Бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өтті. Еліміздің әрбір азаматы  мазмұны жағынан тағдырлы бұл құжаттың жобасын ой елегінен өткізді. Яғни, барлық қазақстандықтар бұл тарихи оқиғаның қатысушысы бола алды. Солардың қатарында «Береке» бастауыш партия ұйымының  мүшелері де бар. Осы бағытта арнайы басқосу ұйымдастырылды. Онда оларға  жаңарған Ата заңымызға сәйкес Президент Н. Назарбаевтың бірнеше өкілеттілігі Парламентке пен Үкіметке бөлініп берілгені, соған сәйкес Парламент пен Үкіметтің өкілеттілігі арта түсетіні түсіндірілді. Бұл жүйе Парламент пен Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін еселеп арттыратыны айтылды. Бұдан халықтық биліктің күшейе түскенін түсіну қиын еместігі жеткізілді. Заң жобасын талқылау кезеңінде «Береке» бастауыш партия ұйымының мүшелерінің барлығы да оған қолдау танытатыны айқын аңғарылды.

 

Иә, енді жаңа заңға сәйкес елімізде президенттік  билік тұрақты сақталады. Ал Премьер-министр  министрлікке  үміткерді мемлекет басшысына ұсынбас бұрын Мәжіліспен ақылдасатын болады. Елбасының еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы  болуына орай тек Қорғаныс, Ішкі және Сыртқы істер министрін тағайындау президенттің құзырына қалдырылады. Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкімет қайта жасақталады. Қандай да бір министрдің жұмысына қанағаттанбаған  депутаттар қауымы Елбасының атына үндеу жолдау негізімен оны қызметінен босатады.  Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы  министрлер Парламентке есеп беріп отырады. Бұдан жаңарған Ата заңға сәйкес өкілді органның құзыры кеңейіп, ал Үкіметтің жауапкершілігі мен дербестігі арта түсетінін байқаймыз. Келешекте Парламент пен Үкіметтің бірлесе атқаратын жұмысы үйлесімді болады деген сенім зор.

Заң жобасын «Береке» бастауыш партия ұйымымен бірлескен талқылау кезеңінде олардың көпшілігінің Ата заңның 26-бапқа өзгерту енгізілетініне қарсылық танытқанын да жасырып-жабуға болмас. Бұл ретте ұйымның төрайымы ретінде сарабдал саясатты ұстанған Елбасының халықтың көңіліне, сеніміне иненің жасуындай болса да дақ түсірмеуі басты принципінің бірі екенін,  сондықтан да ол кісінің жұрт көңілінен шығатын  шешім шығаратынына сенім артуын  жеткіздім. Жұрттың төтенше назарын аударғандықтан 26 бапты бұрынғы нұсқасында қалдыру туралы тиісті жерге ұсыныс жолдау кезінде олардың бұл талабын, базынасын жоғарыға жеткізе білдік. Нәтижесінде 26 бап бұрынғы қалпында қалдырылды. Бұл Елбасының халықтың сеніміне селкеу түсірмейтін  сұңғыла саясаткер екенінің нақты көрінісі. Бұл өзгеріс елдігімізді нығайтып, бірлігімізді асқақтатып, ертеңімізді еңселі ететініне үмітіміз зор.

 

Рәшкүл Оспанәлиева,

ОҚО мәслихаттың депутаты,

«Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі,  «Береке» бастауыш

партия ұйымының төрайымы.

 

 

 

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – күллі парсы және түркі жұрттарының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, батасын береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырғандықтан, осынау ізгілік мерекеде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Расында да, қазіргі кезде жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз керек. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер», — (Әл-Ғимран сүресі, 103-аят). Ал пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.

 

Мейрамда мейірім мен кешірімді болу

 

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).

Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 

Тасаддық (тасаттық) «жауын тілеу» амалдары

 

Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтеді. Осындай кезде ел болып жаңбыр тілеу намазын оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаддық» (тасаттық) деп те атайтын болған. Әбу Ханафи мазһабы бойынша жамағатпен жария оқу сүннет емес, жарамды мәндүп іс болып саналады (Имлам Ғылымхалы 177-бет).

Нұх Пайғамбар: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені ол — өте жарылқаушы», — деді. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жауын жіберді» (Нұх, 71/10-11). Мұса Пайғамбар жайлы: «Сол уақытта Мұса елі үшін су тіледі» (Бақара, 2/60). Жауын жаумаса, намаз бірнеше күн қайталанады.

Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далаға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса: «Я, мейірімді Аллаһым! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі», — деп тілек тілеп тұрғанын естиді. Сонда, Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар – жәндіктің тілін ұққандықтан, өз халқына бұрылып: «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті», — деген екен.

Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін, ол (ғ.с.) «Тұр» тауына шыққанда, оған «Ол жерге Өзім барамын», — дейді Алла тағала. Сөйтіп, халық ұлан – асыр дайындықпен күтіп отырғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам – салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла тағала жеткізеді. Тасаттық беру ниеттес болғандардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында.

 

Жаңбыр сұрау дұғасы

 

Ең  алдымен  дәрет  алып,  Алладан  пайдалы  нөсер,  зиянсыз,  қауіпсіз  жаңбыр  тілейміз.   Дұғаның оқылуы: «Аллаһумма  әсқинә  ғайсән  муғиисән  мәрйан  мариъан  нәфиъан  ғайра  дарийн,  ъажилән  ғайра  әжилин». Сонымен қатар, екі ракат жаңбыр сұрау намазы оқылады.

 

Истихара жайында не білесіз?

 

Күн көзі жылып, осы наурыз айынан бастап әрбір пенденің тіршілігін бастайтыны белгілі. Мысалы, егін егу, құрылыс жұмыстары, сондай-ақ, сапарға шығу, үйлену алдында немесе сауда-саттық бастау,т.б. алдын жасалатын амал болып табылады. Сондықтан әрбір істі бастаудан бұрын истихара намазын оқығаны абзал.

Истихара дегеніміз — бір нәрсенің қайырлы болуын тілеу. Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу.

Истихара – ардақты Пайғамбарымыздың үмметіне үнемі кеңес ететін сүннеті. Һәйсәмиде риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының шаттығының бірі – Аллаға истихара жасау», — дей отырып, истихараның маңыздылығын көрсетеді(Әл-Һайсәми, Мәжмуғуз Зәуәид «Бәбуль Истихара» – 3669 хадис.).

Бір іске истихара жасайтын адам екі ракәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын айтады. Сахих Бухариде келген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді: «Алланың Елшісі бізге истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр» (Сахих Бухари — №1166-хадис).

Истихара намазын оқитын кісі фатихадан кейін қалаған бір сүресін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүресін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді.

Сондай-ақ, истихара жасар адамның көңілі бейтарап күйде, яғни жаңағы іске байланысты ешқандай шешімді қабылдамауы тиіс. Себебі, іштей бір шешімге келіп қойған кісіге мәселенің шын мәні жасырын қалуы мүмкін.        Истихара жасағаннан кейін, діттеген ісінің хайырлы екендігі қалай белгілі болады? Истихара жасағаннан кейін діттеген ісі қайырлы болса, жүрегінде сол іске деген сүйіспеншілік, көңіл хошы (бірақ нәпсіқұмарлық басқа) туындайды. Ал, қайырлы болмаса, ол іске деген жүрегінде ешбір қалау туындамайды. Жүрекке ештеңе сезілмеген жағдайда, истихараны жеті рет қайталауға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Әнәс, егер бір іске ниет етсең, Рабыңа жеті рет истихара жаса. Кейін жүрегіңде туындағанға қара. Күмәнсіз қайыр жүректе!», – дегендігі риуаят етіледі.

Бірақ, бұл хадис истихара нәтижесі шартты түрде жүрекке ғана білінеді деген сөз емес. Алла тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасында келген «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр.

Истихарада намаз оқымай, тек дұғасын ғана оқуға да болады (Әл-Маусуғатуль фиқһия – 3/242-247 бет).

 

Наурыз бата

 

Дана халқымызда: “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.

Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а) кездесіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а)  Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-бұреке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғман есемді дүниеге ұл келеді. Бұл да болса «жақсыдан -шарапат»деген сөздің дәлелі болса керек.

Сондықтан осындай айтулы мереке күндері үлкен кісілерден бата алуға тырысу керек.

 

Наурызда сыйлық беру

 

Екі дүние сардары — Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.

Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

 

Наурызда сәлем беру дәстүрі бар

 

Ата-бабаларымыз: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлемберудің маңызын айшықтай түседі.

Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді

Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Кім бірінші сәлем береді:

— Кіші- үлкенге;

— Өтіп бара жатқан – тұрған адамға;

— Аттылы адам – жаяуға;

— Көліктегі кісі — жаяуға;

— Азшылық – көпшілікке;

— Арада бір үзіліс болса;

— Қабірстанға барғанда;

— Ешкім жоқ үйге кіргенде;

— Аурудың алдына көңіл сұрап барғанда;

— Мешітке кіргенде сәлем беріледі;

— Ұл-қызы ата анасына бірінші болып сәлем береді.

 

Ағаш отырғызудың сауабы мол

 

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: “Бір тал кессең, он тал ек”, — деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари  риуаяты).

 

Iшiмдiкке жол берiлмеуi қажет

 

Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол берiлiп жататынын ара-кідік көрініс беріп жатады. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады (Маида сүресі, 90-91 аяттары.)

Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған (Муслим Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи). Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.

 

Наурыз көже дінмен үндеседi

 

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады.

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни, қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.

 

Наурызда не істеген жөн?

 

Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз Наурыз мерекесі.Осы күндері мына ережелерге назар аударған артық болмас деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мереке күндері:

— ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;

— жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);

— жағымды иіс майлар себу;

— мереке күндері Алла Тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;

— ең бірінші кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;

— ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасауы;

— мереке күндері араздасушыларды татуластыру;

— айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;

— өмірден озған адамдардың үйлеріне барып Құран бағыштау;

— науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;

— тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;

— жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;

— көпшілікке қайырымдылық негізінде ас беріп, дастархан жаю;

— жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;

— сауапты істермен айналысу, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, иншааллаһ.

Алла тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

 

Мұхамеджан Естеміров,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасмының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары, магистр.

 

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы өтті.

 

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген Түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтер сынды әр елдің жоғары лауазымды ресми өкілдері бар.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанды Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

Мұнан соң, осынау тарихи шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналистке тапсырылып, мереке жалғасы әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Сондай-ақ, Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар — Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті.

Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені  жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30  ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті.

Салтанатты жиында Түркітілдес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған Үндеуі қабылданды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

 

Біздің Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн ҚР мемлекеттік рәміздері болып табылады. Биылғы наурыздың 26-ы күні №11 сайлау округі бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сайлауы өткізіледі. Босаған орынға үміткерлер тіркеліп, қазір сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай үміткердің бірі – Копбаев Бахитжан Конысбаевич деген үміткер азаматтың сайлауалды парақшасы қолымызға түсті. Негізгі мақсатты бағдары қазақ, орыс және ағылшын тілінде беріліп, мәселелерді шешуге арналған міндеттері қазақ және орыс тілдерінде жарияланыпты. Біздің бұл жерде үш тілділікке қатысты айтарымыз жоқ. Бірақ Б.Копбаевтің үгіт-насихат парақшасындағы бір көрініс көңілімізді ерекше аудартты. Онда үміткер азамат Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің басында тұрған Қазақстан Республикасының көк Туының қақ ортасына ойып тұрып өзінің суретін жабыстырып қойыпты. Бұл рәмізге деген құрметтің жоқтығы ма, әлде мақтангершіліктің немесе өзімбілермендіктің бір түрі ме?

ОҚО сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мырза осы үміткердің сайлауалды парақшасындағы мемлекеттік рәмізге байланысты жасалынған дизайнының қаншалықты заңды екендігіне өз бағасын бере жатар. Тағы бір сол көлемде шығарылған Б.Копбаевтің парақшасында бұл Ту алынып тасталынған. Біз комиссия төрағасынан заңға сай шешімді жауап күтеміз.

Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Әкімдер келеді. Әкімдер кетеді. Олардың атқарған жұмысы, халыққа көрсеткен қызметі елдің есінде қалады. Оңтүстік Қазақстан облысын талай әкім басқарды. Соның ішінде бір жылдан сәл ғана астам уақыт өңірге басшылық жасаған Бейбіт Атамқұлов турасында жұрт жақсы пікірде қалған секілді. Оның ең басты көпшіліктің назарына ілінген жері – тазалығы дегенді көп адамның аузынан естідік.

 

Қарапайым халықтан бастап, биліктің, мәслихаттың төңірегінде жүрген басшылар мен халық қалаулылары Бейбіт Бәкірұлы туралы әңгіме қозғала қалса, оның қызметке адалдығы, дүниеге құмартпағаны, өзін барлық жағынан таза басшы ретінде көрсете білгендігін тілге тиек етеді.

Басшы болғаннан кейін, ол жұмыс істеген соң кемшіліктердің орын алуы заңдылық. Бейбіт Атамқұлов кадр саясатында елеулі асығыстық пен қателіктерге жол бергендігі жасырын емес. Ондай олқылықтар орын алды. Бірақ жалпы алып қарағанда облыста оң өзгерістер көбірек бой көрсетті. Сырттан инвестиция тарту жөнінде ол өзіне дейінгі басшылардан бір саты болса да биік тұрды. Өңірге ірі мөлшерде қаржы тартылды. Облыс аудандары мен қалаларында да осындай жақсы тірліктер біршама жолға қойылды. Сыртқы дипломатиялық қызметтегі іскерлігін, таныстығын ол кісі орынды пайдалана алды деген пікірлермен толық келісуге болады.

Басшы үшін ең басты мәселе – елдің есінде жақсы жағынан қалу. Қызметке абыроймен келіп, бұл жерден абыроймен кетудің өзі кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Бейбіт Бәкірұлы өзін жақсы жағынан ғана таныта алды деген ойлар, әсіресе, тазалығы, бірсыдырғылығы жайындағы жұрттың жадында қалған бағалау орынды сияқты.

 

Қыдыр ҚАЛИЕВ.

(Сурет А. ДИДАРБЕКТІКІ).

Республикалық «Әділет» газетінің бұрынғы басшысы Қуанышбек Ботабеков өзінің заңсыз әрекеттеріне орай істі болып, 7,6 жылға сотталды. «Еркін ой» газеті осы Қуанышбек Тасболатұлына қатысты болған жайды толығымен жария етіп, елге таныстырды. Соның ішінде бүгінде ОҚО денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы, бұған дейін облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған Мұқан Егізбаев пен қазіргі таңда Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері болып отырған Мади Бигалиевке қатысты жәйттерге қаныққаннан кейін, кәдімгідей жағамызды ұстадық.

Сотты болған Қ.Ботабеков бас дәрігер М.Егізбаевты газетпен келісім-шартқа отырудан және оған жазылым жасаудан бас тартқаны үшін қаралауға көшіп, екі жылдың ішінде 23 мақаланы өз газетінде жариялаған. М.Егізбаев пен М.Багалиевтің араларында өзара бас арыздықтары барын біліп, газеттің басшысы облыстың клиникалық аурухананың дәрігерлері жөнінде арыздар ұйымдастыру мәселесін М.Бигалиевке тапсырып, ол 2014 жылы нефролог-дәрігер О.Нарманованың көмегімен клиникалық ауруханада ем алған, дәрігерлеге реніштері бар науқастар З.Кудиярова мен Нұрлан Жолдыбектің әйелі Г.Жолдыбекпен кездесіп, оларға «Үміт» бүйек ауыстыру жөніндегі мүгедектер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Ускембаевтың атына кезінде О.Нарманова арқылы М.Егізбаев пен облыстық клиникалық аурухана дәрігерлерінің үстінен шағым жазған. Бұл үшін М.Биғалиев 100 мың теңгеден екеуіне заңсыз сыйақы береді. Қ.Ботабеков алдын ала жасалған келісім бойынша М.Ускенбаевтың «Мы, больные, боимся за свою жизнь» атты мақаласын «Әділет» газетінің 3.10.2014 жылғы нөмерінде басып шығарады. Сонымен қатар Қ.Ботабеков М.Егізбаев туралы сын мақалалар жинау үшін М.Бигалиевтен бірнеше рет ақша алған. Қ.Ботабековтің М.Егізбаевқа қатысты жасап жатқан әрекеттерін М.Бигалиев толығымен қолдап, оған материалдық көмек көрсетіп отырған.

М.Егізбаевқа ештеңе болған жоқ. Жазылған жайлар бойынша қызметінен алынбады. Қайта облыстың бас дәрігері болып, дәрежесі көтеріліп кетті. Осы жерде М.Бигалиевтің жасаған әрекеттері, қаржылай газет басшысына көмек беріп, өз әріптесіне қара күйе жағуға әрекет жасаған қылығын қалай бағалауға болады? Осындай жағдайлардың салдарынан журналист Қуанышбек Ботабеков қаншама жылды арқалап, қазір абақтыда отыр. Оның обал-сауабы, артында қалған отбасындағы балалары Мади Бигалиевтің мазасын алмайды ма екен?! М.Егізбаев жөнінде талай жөнсіз әркеттерге барғаны қазір өзіне басшы болып отырған адамның бетіне қалай қарайды екен? М.Бигалиев облыстағы ең білікті дәрігерлердің алдыңғы сапында. Мәселе бұл жерде қызметте емес, адамның азаматқа тән кейбір қылықтарының өз атына лайық болмай отырғанында. Қарияларымыз осындай қылыққа барып жатқанда олардың адамның жанына қалай арашасы болып жүргендігі кімді болсын кәдімгідей  ойландырып қояды. Қазіргі кезде М.Егізбаев өзінің сыртынан талай тірлік ұйымдастырған М.Бигалиевке қандай көзқараста екен?

 

А.САТЫБАЛДЫ.

Былтыр Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен болатын. 20 нау-рызда өткізілген бұл сайлау бойынша депутаттыққа үміткерлер халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын 24 ақпаннан бастаған еді. Ол күн облыстық мәслихаттың депутаты Оспанәлиева Рәшкүл ханымның жадында қалып қойған. Себебі, дәл сол күннен бастап ол өз округіндегі тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, нақты міндеттерді алға қойған болатын. Арнайы бағдарлама түзіп, оның орындалуына ықпал ететіні жайында жұртқа уәде берген болатын. Содан бері тұп тура он екі ай өтті. Ол мәселелердің көпшілігі бүгінде өз шешімін тапты. Солардың басын бір қайырып, тұрғындармен өзге де мәселелерді ортаға салатын кез келді. 25 ақпанда халық қалаулысы Рәшкүл Оспанәлиеваның бастамасымен Шымкенттегі Алпамыс батыр атындағы №40 мектепте өткізілген басқосудың мәні де осы еді.

Аталмыш жиынға округтегі атап айтсақ, «Ұлағат», «Цементшілер», №11, 12, 13 шағынауданы мен Сайрам, Н.Төреқұлов, А.Әлімбетов, Жібек жолы, Тәуке хан және тағы басқа көшелерінің белсенді тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, осы аумақтар бойынша Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Ермек Дәрменов пен Евгений Хван да арнайы шақырылды. Себебі, Рәшкүл ханымның осы депутаттармен бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыс жасауының арқасында округтағы көптеген тірліктер тындырылған екен. Жиынды жүргізген Рәшкүл Жәлелқызы алғысөзін былай деп бастады:
– Өткен жылы өздеріңізбен жүздесіп, сайлауалды бағдарламамды таныстырғанымда Сіздер көптеген проблемаларды көтердіңіздер. Маған үлкен сенім арттыңыздар. Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз, сұраған көмектеріңіз бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Олар, Ғ.Иляев, Қарбышев, Арычная көшелерінің жөнделуі, оқушылардың мектепке баруын ыңғайлы ету үшін аяқжолдардың салынуы, ана мен бала құқын қорғау бағытында бірқатар әйелдердің тиісті медициналық көмекке қол жеткізуі, 12 шағынаудан мен А.Әлімбетов көшесіндегі 11 көп қабатты үйдің жарықтандырылуы, «Цементшілер» шағынауданындағы бірқатар үйлердің аулаларында ойын алаңшаларының ашылуы және т.б. Атқарылған жұмыстар бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов пен Еңбекші ауданының әкімі Ғ. Ильясовтың еңбегі зор екенін бөле-жара айтқым келеді. Әлі де орындалуы тиіс жұмыстар көп. Олардың барлығы да рет-ретімен шешілетін болады, — дей келе, өз ойын Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен сабақтады.
– Жолдауға зер салып, әрбір басымдықты ой безбеніне түсіретін болсақ, келешекте елімізде өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамитынына көз жеткіземіз. Сонымен қатар, орталығы үшінші мегаполис атанғалы отырған облысымызда құрылыстың қарқын алатынын да түсінеміз. Барлықтарыңыз ұл мен қыз тәрбиелеудесіздер. Сондықтан да балаларыңызды осы саланың маманы болуға баулысаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Бұдан бөлек, Елбасымыз еңбек өнімділігін арттыру үшін осы бағыттағы жұмыстардың барлығына жаңа технологиялар енгізілетінін айтты. Ал ағылшын тілін білмесеңіз ол технологияның артық пернесін баса алмайсыз. Бұл үшін өскелең ұрпаққа өз тілімізді қадірлеп, ағылшын тілін меңгеруді міндеттегеніміз абзал. «Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңде өмір сүр» деп бекер айтылмаған. Бәрімізге мәлім Жолдауда осы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі де 20 пайызға артқалы отыр. Бұдан бөлек, баспанасы жоқ азаматтар үшін «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының іске асатыны да айтылды. Осы бағдарлама аясында алдағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион адам тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Сіздердің осы бастамалардың игілігін көрулеріңізге шын тілектестігімді білдіргім келеді, – деді.
Сонымен қатар Ермек Аманжолұлы да Жолдау жайында:
– Президентіміз бұл Жолдауда «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деп баса көрсетті. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық расымен де үлкен дерт. Біз тәрбиелеп отырған өскелең ұрпақ осы дерттің құрбаны болмауы керек. Оны қазірден бастап алдын алу қажет. Әрбіріміз балаларымызға бөтеннің затын алмауын, бөгде үйге рұқсатсыз кірмеуін, өзгенің қалтасына қол сұғуға болмайтынын әлден құлағына құйып, санасына сіңдіріп отырудан жалықпауымыз қажет. Бұл сыбайластықты жоюдың ең бастапқы кілті, – деп, сақтыққа шақырар сөз сөйледі. Сонымен қатар ол:
– Сіздер көтерген мәселенің көпшілігі орындалды. Бізге сенім артып қаншама проблемаларды алға тартқандарыңыз үшін рахмет. Өйткені соның арқасында біздер қолымыздан іс келетінін дәлелдедік. Бүгінгі жарқын жүздесуіміз соның нақты көрінісі,- деді.
Өз кезегінде тұрғындар өзге де бұйымтайларын білдіріп, олардың орындалуын үлкен сеніммен күтетіндерін айтты. Атап айтсақ, «Ұлағат» шағынауданындағы Сәрсенбаев, Нұр, Алаш, Майбұлақ және тағы басқа көшелерді асфальттау, жарықтандыру, «Цементшілер» шағынауданындағы бірнеше үйлердің аулаларын абаттандыру, қоғамдық көліктерге жаңа бағыттар қосу, Жаңашек каналын бетондау. Ал, А.Әлімбетов көшесіндегі тұрғындар атынан сөз алған С. Мукадаева:
– Біздің көшедегі 11 көп қабатты үй аулалары көп жылдан бері жарықсыз еді. Осы мәселені қалалық мәслихат депутаты Е.Хван мен облыстық мәслихаттың депутаты Р.Оспанәлиеваға өткен жылы базына етіп жеткізгенбіз. Биыл ауламыз жарықтандырылды. Бұл кісілерге дән ризамыз, – деп лебізін білдірді. Ал тұрмыстық коммуналдық мәселелер бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарға Ермек Аманжолұлынан қанағаттанарлықтай жауап алған тұрғындар олар жұмысына сәттілік тіледі.
Бірқатар депутаттардың көп ретте халықтан бұқпантайлап жүретінін көпшілігіміз жақсы білеміз. Ал ондай «қасиеттен» мүлдем ада Р.Оспанәлиева, Е.Дәрменов пен Е.Хванның халық ортасынан табылып жатқаны өзгелерге үлгі боларлықтай тірлік емес пе?!

С.ӘЛДІБЕК.