СОТ АКТІЛЕРІНІҢ МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛУЫНА СЕП БОЛҒАН РЕФОРМА
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары реформасы үшінші жаңғыру кезеңіне бет алған Қазақстан үшін даму көкжиегінің кілті болып қалатыны нәтижелі жетістіктер беруімен дәлелденіп отыр. Аталған реформаның 27-қадамында: «Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту. Сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту» туралы айтылған болатын.
Осы бағытта Оңтүстік Қазақстан облысында елеулі жұмыстар қолға алынып, аймақтың барлық аудан, қалаларында жеке сот орындаушыларының кабинеттері ашылып, жұмыс істей бастады. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында жергілікті халыққа қызмет еткен жеке сот орындаушылардың саны 196-ны құрады. Ұлт жоспары реформасы негізінде қолға алынған жұмыстардың негізінде жеке сот орындаушыларына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарушылық құжаттардың, атап айтсақ, алимент, еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақыны өндіру, адам өмірі мен денсаулығына келтірілген шығынды өтеу, 1000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қаражат көлемін өндіріп алу жұмыстары тапсырылған болатын.
Аумақтық сот орындаушылар құзырындағы бұл жұмыстарды жеке сот орындаушыларына тапсыру арқылы сот актілерінің мерзімінде орындалуы туралы көрсеткіштер көңілден шықты. Сандарды сөйлетпес бұрын, жеке сот орындаушылар инситутын дамыту қандай қажеттіліктен туғанын түсіндіре кетсек. Кейінгі жылдары соттар азаматтардың сан мыңдаған сот шешімдерін шығарып жатқаны белгілі. Бірақ сол сот актілерінің барлығының дер кезінде орындалуына қол жеткізу жолында қиындықтар болды. Ол мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген жұмыс көлемінің шамадан тыс ауқымды болуы еді. Мұндай проблема өзге дамыған елдердің тәжірибесінде де кездесті. Олар бұл тығырықтан шығар жол – жеке сот орындаушылар институтын құру және оны дамыту деп білді. Бұл қиындықтан шығар қисынды жол екенін көп жылғы тәжірибе дәлелдеп берді.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып Елбасының бастамасымен біз де сондай батыл қадамға аяқ бастық. Соған сәйкес, 2010 жылы жеке сот орындаушылар институты енгізілді. Содан бері алты жыл ішінде халықтың жеке сот орындаушыларына деген сенімі артты. Жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқару құжаттарының санының көп болуы сол сөзімізге дәлел болды. Мұның барлығы да Елбасының Ұлт жоспарында жекеменшік сот орындаушылар институты жұмысын одан әрі дамыту туралы пәрмен беруіне негіз болды. Бұл жүйе негізінде жұмыс істеудің арқасында қазіргі таңда елімізде сот актілерінің орындалуы тездетіліп, азаматтар құқықтарының қалпына келу көрсеткіші өсті.
Өткен жылы жеке сот орындаушыларының атқаратын істер ауқымдылығы да жоғарылап, жеке орындауға жалпы 213 613 122 352 теңгеге 345 363 атқарушылық құжат түскен. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 52 пайызға көбейген. Жеке сот орындаушыларымен 191 859 құжаттың (72 123 960 110,27 теңгеге), немесе 56 пайыз көрсеткішпен аяқталуы қамтамасыз етілген. Былтыр жеке сот орындаушыларда алименттерді өндіруге қатысты 12 754 құжат болған, оның ішінде 2 678-нің өндірістері аяқталған.
С.МЕДЕКЕ.