МИНИСТР ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫН 45 ПАЙЫЗҒА АРЗАНДАТА АЛАДЫ МА?

Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай қымбаттады. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сүйенсек жыл басынан бері азық-түлік бағалары 5,7 пайызға қымбаттаған. Ведомства әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының едәуір өсуі Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтау қалаларында белгіленгенін мәлімдейді. Сондай-ақ, аталған министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арасында картоп бағасы — 43,3%, сәбіз — 31,4%, пияз — 20,3%, қарақұмық жармасы – 19%, қант — 10,7%, сары май – 10, 2 пайызға қымбаттағанын алға тартады. Министрлік жыл басынан бері ақбас қырыққабат 23,3%, жұмыртқа 7,2%, күріш 7%, тауық еті 2,9% және тұз 1 пайызға арзандағынын да мәлімдеді.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық- түлік бағаларының дененің қызуындай күрт көтерілуінің себебін өндіріс көлемінің аздығымен емес, тиімсіз делдалдар, тұрақсыз жеткізілімдер мен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты факторлардан болып отырғанын жеткізген. Мұнымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та келіседі.
Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының дәл бұлай шарықтап өсуін болдырмау үшін арнайы жоба жасалып жатқанын жеткізді. Өз сөзінде ол «Тұтас әрі тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатыр. Ол фермерлерді, сатып алушыларды, көлік қызметкерлерін, делдалдар мен ритейлдерді бірыңғай кластерге біріктіреді. Яғни, техникалық әрі ақпараттық тұрғыдан қамтиды», — деді. Министр бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілген 24 көтерме-үлестіру орталығы өнімді жеткізу тізбегін оңтайландырып, осылайша өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта өнімді жеткізу, сақтау, үлестіру мәселесі шешілетінін айтты. Аталған жоба толық іске қосылса, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасы 45%-ға дейін арзандатылады екен.
Министр айтқан бірыңғай цифрлық жүйе арқылы тұтынушылар жылына 60 млрд. теңгеге дейін қаражат үнемдей алады. Сауда және интеграция министрлігінің бұл жоспарының жүзеге асуына теңгенің құнсыздануы, мұнай бағасының күрт төмендеуі сынды кризисті факторлар қаншалықты ырық беретінін уақыттың өзі көрсетеді.