ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ СЕГІЗ ЕСЕГЕ ӨСТІ
Ал, Үкімет өзге елдерге көмек беретін агенттік құруды қолға алды
Қазақстанда қыркүйек айының ортасына дейін кедей елдерге көмек көрсететін агенттік құрылады. Мұндай шешімді Үкімет қабылдаған. «KazAID» атауы берілетін агенттік жұмысын еліміздің Сыртқы істер министрлігі жүргізеді. Бюджет қаржысы есебінен құрылатын бұл агенттік туралы Сыртқы істер министрлігі «Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан аймақтық экономикалық көшбасшы ретінде танылған. Сондықтан әлемдік дамуға көмек көрсету күш-жігері сыртқы саясаттың қажетті элементі болып қала береді. «KazAID» халықаралық даму агенттігі Қазақстанға қарағанда дамуы артта қалған елдерге қаржылық, техникалық немесе кез келген басқа да көмек көрсетеді» деп мәлімдеді.
Өз кезегінде жыл басынан бері мұнай бағасының мың құбылуы, теңгенің теңселіп, коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай, карантин талаптары халықтың тұрмыс жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Оның үстіне карантин талаптарын сақтау әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын тағы айтпай кетуге болмас.
Естеріңізде болса, өткен айда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында карантин мен мұнай бағасының арзандауы бюджет түсімін айтарлықтай азайтқанын, алдағы уақытта дағдарыс күшейетінін айтқан. Сонымен қатар Президент биыл мемлекет қазынасы 1,7 трлн. теңге жоғалтқанын, қазіргі таңда бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап отырғанын мәлімдеген.
Дағдарыс ел бюджетінің бүйірін бос қалдырумен қатар, елдегі жұмыссыздық деңгейін де өсіруде. Таяуда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирус індетінің кесірінен елдегі жұмыссыздар мен кедейлер саны көбейетінін ескертті. Ол пандемия кезінде жұмыссыздар саны сегіз есе өскенін, сөйтіп 1-тамыздағы жағдай бойынша 219 мың адам жұмыссыздар қатарына қосылғанын жеткізді. Ағымдағы жылдың 1-ақпанында елімізде тіркелген жұмыссыздар саны 26,9 мың адамды құраған.
Ендігі кезекте Үкімет елде әлеуметтік жағдайы әлсеріп жатқан тұрғындар көбейген осындай кезеңде өзге елдерге көмек көрсетуі қаншалықты құптарлық іс? Коронавирус пен пневмания өршіген кезде өз елінің халқын дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ете алмаған ел өзге мемлекеттің жыртығын жамауы «өзің дуанасың, кімге пір боласың» дегенге келіп саймай ма? Немесе «алмақтың да салмағы бар» демекші, түрлі елдерден жолданған гуманитарлық көмекті алғанда үндемей қарап отыру шынымен де бізге сын ба? «Уақыт» газеті бұл тұрғыда қоға м белсенділері мен мамандардың отандық БАҚ-қа берген пікірлерін іріктеген еді. Оқып көрелік.
Белгілі экономист Мақсат Халық «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында былай дейді. «…Бай елдер донор ретінде мұқтаж мемлекеттерге көмектеседі. Бұл процесс қалай жүзеге асады? Бірінші кезекте жан басына шаққандағы ЖІӨ есептеледі. Әлемдік стандарт бойынша, осы ЖІӨ егер 10 мың доллардан басталса табысы орташа елдер деп саналады. Ал 10 мың доллардан аз болса кедей ел болып саналады. Ал 2 мың доллардан болса өте кедей ел деп есептеледі. БҰҰ даму бағдарламасының гумандық бағыты бойынша бай елдер кедей елдерге көмектесуі керек. Қазіргі кезде біздің жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен, яғни біз кедей елдердің қатарындамыз. Осы тұста «Кедей ел қалайша кедей елдерге көмектеседі?» деген сұрақ қойылуы керек?».
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «Atameken Business» телеарнасына берген сқхбатында «Коронавирусқа байланысты қалыптасқан қолайсыз эпидахуал біздің шенеуніктерге сабақ болмаған сыңайлы… Біріншіден, дәл қазіргі таңда мұндай ұйым құрудың қажеті қанша? Қайта керісінше біз қиын кезде өзінің тиімсіздігін көрсеткен бюрократиялық орталықтарды қысқартуымыз қажет. Халқы Үкіметтен қолдау мен көмек күтіп отырған Қазақстан өзге елдерге көмектесіндей соншалықты бай ма?» деп пікір білдіреді.
Бұл пікірмен халықтың басым көпшілігі келіскенмен, билік дегенін істеуден тайсалатынға ұқсамайды. Кешегі аптада СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев кедей елдерге көмек көрсететін KazAID агенттігінің жұмысын бастау үшін мемлекеттік бюджет есебінен 1 жылға 138 млн. теңге алынатынын алға тартты. Өз кезегінде ол қосымша қаражат керек болса, Парламент пен Үкіметке ұсыныс жасайтынын айтты. Ведомства өкілі Қазақстан қандай елдерге көмек беретінін нақты айтпады. Бірақ көмек Орталық Азия елдеріне бағытталатынын жеткізді. Көмектің сипаты аурухана, мектеп сынды нысандарды салуға тікелей немесе делдал ретінде жүзеге асырылатынын ескертті.
Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап бүгінге дейін дамушы елдер сапындағы мемлекеттерге жалпы сомасы 500 млн. доллар көлемінде көмек көрсеткен.
А. САТЫБАЛДЫ.