ЛУКАШЕНКОНЫҢ ЖЕҢІСІ БАЯНДЫ БОЛА МА?
Беларусьте 9-тамызда өткен президент сайлауынан кейінгі наразылық акциялары әлі де жалғасып жатыр. Бір жетіден асқан қарсылық акциясында халық елді 26 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенконың алтыншы рет таққа отыруын қолдамайтынын ашық айтып, оның орнын босатуын талап етуде. Осы жылдың 9-тамызында өткен сайлауда Александр Лукашенко халықтың 80,01 пайыздан астам дауысын жинап жеңіске жеткен. Ал оның қарсыласы Светлана Тихановская небары 10,09 пайыз ғана дауыс жинаған.
Сайлау қорытындысына сенбеген халық жаппай көшеге шықты. Көшеге шыққан көптеген адамдар полиция мен арнайы жасақтың қатыгездігіне тап болды. Биліктің бұл әрекеті елдегі қарсылық акцияларының ушыға түсуіне себепкер болды.
Күштік құрылымдардың бейбіт халыққа күш көрсетуін халықтың белортасында жүрген журналистердің де ашуын тудырды. Мұндай қатыгездікке құр қарап отыруға шыдамаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінен бас тартып, мемлекеттік телеарналардан кетіп жатыр.
Олардың қатарында белоруссиялық СТВ (Столичное телевидение) жүргізушісі Татьяна Бородкина, Белорусь радиосының Бірінші арнасы қызметкерлері Александр Шустер мен Татьяна Филипченко, Беларусь телевизия жаңалықтары агенттігінің жүргізушісі Сергей Козлович бар. Арызын жазып жұмыстан кеткендердің қатарында «Беларусь 1» телеарнасындағы «Доброе утро, Беларусь!» телешоуының жүргізушісі Вера Каретникова, ОНТ (Общенациональное телевидение) телеарнасының жүргізушілері Евгений Перлин мен Ольга Богатыревич кетіп қалды.
Жұмыстан шыққан тағы бір журналист Владимир Бурко болып табылады. Ол елдегі рейтингі жоғары «Арсенал» әскери телебағдарламасын тізгіндейтін.
Осындай наразылық акцияларына қарамастан ел басшысы Александр Лукашенко әзірге міз бағар емес. Дей тұрғанмен, Орталық сайлау комиссиясының сиясы кеппеген нәтижелері бойынша Лукашенко жеңісінің баянды болары күмән тудырып отыр.